Кештің айрықша бір ерекшелігі – айтыс үлгісінде өрілген музыкалық тартыс. Әнші мен күйші, жыршы мен биші өнер жарыстырған сахна — нағыз сахналық шайқас алаңына айналды. Дәстүр мен жаңғыру, өткен мен бүгін, аруақ пен ұрпақ үн қосқан кеш күй тартысымен аяқталып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Кешке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген көрермендер жиналып, ұлттық өнердің шынайы мерекесіне куә болды. Олардың қатарында өмірден өткен өнер дүлдүлдерінің ұрпақтары да болды.
Жамбыл Жабаевтың, Дәнеш Рақышевтың, Кәкімбек Салықовтың ұрпақтары кешке арнайы шақырылған құрметті қонақтар ретінде қатысып, өткен мен бүгінді жалғаған өнер көпіріне куә болды.
Сахна төрінде ұлттық өнердің алыптары өнер көрсетті:
Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Қосанова,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ахат Байбосынов, Айгүл Елшібаева, Елмұра Жаңаберген, Ақан Әбдуәлі, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Қайрат Кәкімов, Ерболат Шалдыбеков, Өзгеріс Шерікбай, Перизат Тұрарова, Айгерім Нартүйе, Серік Жақсығұлов, Ұлболсын Кенжебай және басқа да өнер майталмандары ұлттық сазды аспаптармен, терме-жырлармен көрермен көңілін елжіретті.
Кешті «Қорқыт» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және заманауи қойылымдарымен ерекшеленген «Contrasst» би театры толықтырды.
Кеш жүргізушілері — Жанар Айжанова, Жанатбек Бәйтеков, Әділ Ахметов және Назерке Серікболова — көрермен мен өнерпаз арасын жалғап, ұлттық рухты сөзбен де, сезіммен де тербетіп отырды.
Тартымды, тартысты, тағылымды…
Кеш соңында көрермендер шынайы ризашылығын білдіріп,
«Ұлттық рух пен мәдениет осындай кештер арқылы жаңғырады» деген жылы лебіздерін жеткізді.
«АСЫЛ МҰРА» – ата-бабадан қалған аманат өнердің, асыл сөздің, күй мен жырдың өміршеңдігін дәлелдеген ұлы кеш болды.