Түркістанда қазақ күресіне арналған мұражай ашылуы керек – Абылайхан Қалназаров
16.05.2025, 13:23

Түркістанда қазақ күресіне арналған мұражай ашылуы керек – Абылайхан Қалназаров

«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының құрылтайшысы, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаровтың «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шыққан «Қазақ күресіне арналған музей ашылуы керек» атты осы басылым журналисті Әтіргүл Тәшімге берген сұхбатының бейресми кең нұсқасы.

– Абылайхан мырза, саяси технологиялар мен мәслихат тақырыптарына қалам тартқаннан бөлек, ұлттық спорт пен күштік мәдени мұра бағыттарында да ауқымды жобалар жүргізудесіз. Жуырда елордада таныстырылған «Baluan tas» ұйымының мақсаты мен ерекшелігі қандай? Бұл құрылым ұлттық спорттың қай салаларын қамтиды?

– Иә, біз Әз Наурыз мейрамы қарсаңында «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы құрылғанын хабарладық. Сөйтіп, ол арқылы қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерін жүйелі түрде зерттеу, дамыту және әлемдік деңгейге шығару жолындағы алғашқы қадамды бастадық. Ұйым тек спорттық емес, сонымен қатар рухани, мәдени және зияткерлік құндылықтарды біріктіретін бірегей платформа болуды көздейді.

Мақсатымыз – қазақ күресі, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, садақ ату, аударыспақ, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты төл спорт түрлерін толық қамтып, сол арқылы елдік рух пен тарихи сана сабақтастығын қалыптастыру. Мысалы, біз тек өзімізге етене бағыттарға тән спортшы дайындауға ғана атсалыспаймыз – сол спорт түрлерінің философиясын, эстетикасын, тарихи тамыры мен персонаждарын да қоса түсіндіреміз. Яғни, ұлттық спорт – бұл тек дене тәрбиесі ғана емес, рух тәрбиесіне де қатысты мәселе.

Бұл ретте ұйымның білім беру бағыты өте маңызды дер едім. Балалар, жастар және кәсіби спортшыларға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеп, жаттықтырушылар мен әдіскерлерді оқыту жоспарда бар. Ғылыми-зерттеу бағыты бойынша ұлттық спорт түрлерінің техникалық және тарихи ерекшеліктерін зерттеп зерделеу, олардың физикалық және психологиялық артықшылықтарын ашу басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар ұлттық спорттың барлық қырларын саралап, түркі-қазақтың спорттық тарихына арналған ғылыми еңбектер жариялауға да көп көңіл бөленбек. Осы жағынан қазірдің өзінде көкпар тарихы мен мәдениетіне қатысты 4-томдық, «Балуандар әлемі», балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қазақ күресі деген не?», «Асық ату деген не?», «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны» кітаптарының баспаға әзір тұрғанын сүйіншілеген жөн.

– Ұйым атауы неліктен «Балуан тас» болды? Ауыр ат емес пе? Осы жағын айта кетсеңіз нұр үстіне нұр!

– Ең әуелі, оның мен құрап жазған «Балуан тас» қостомдық кітабы атауынан өрбігенін айта кеткен ләзім. Ұлы даланың көне сақ-ғұн дәуірлерінен үзілмей келе жатқан балуан тас көтеру рәсімі болған. Ол – адамзаттың қаһармандық ықылымынан арна тартатын рухани және физикалық сыннан өткізуді білдіретін ердің ері ғана атқара алатын дәстүр символы. Айталық, бірде әйгілі әнші Майра Уәлиқызы Арқадағы Қояндыда Қажымұқанды кездестіріп қалып, түйенің үлкендігіндей дәу қара тасты көрсетіп, «Үйімнің маңын шаң басып кетті, мынау тастың орнына үй тіксем бе екен» деп жұрт алдында палуанға астарлайды. Сонда атамыз оның күш-қайратын сынау үшін әдейі айтып тұрғанын түсініп: «Сынасаң сына Майра» деп, жаңағы тасты жұғын құрлы көрмей орнынан көтеріп, аударып тастапты. Ол туралы Қажымұқанның қартайып, жасы жетпістен асқанда Шәуілдірдегі бір жиында айтқан өлең жолдарында кездеседі:

«Бір тас бар, Қояндыда балуан тас,

Жасымнан жыл он екі ай болдым мұңдас.

Сол тастай жұртта қалған мен жатырмын,

Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас.

Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас,

Қанша жыл болсаңдағы жақсы жолдас.

Туған жер, алтын бесік атамекен,

Сүймеген елін, жұртын жігіт оңбас».

Әсілінде, ертедегі алыптар 300 келіден 1,5 тоннаға дейін тас көтерген. Ол тастар қазір еліміздің шығысы, орталығы, оңтүстігінде баршылық. Көбісі колхоз-совхоздар қажеттілігі үшін совет кезеңдерінде жойылған. Сондай тастың бірі қазір Темірлан мұражайында тұр. Балуан Шолақ көтерген 800 келілік тағы бір тас Шу бойында.

Жалпы, ондай тастардың 11-ге жуығының географиясы белгілі. Қытай тарабындағы, Моңғолиядағы бұрынғы қазақ жерлерінде де өте көп. Бұл тастар қазақ күш мүмкіндігінің белгілері ғана емес, әралуан дәуірде жасаған әрқилы тағдырлы балуандардың ескерткіштері іспетті. Олардың әрқайсысының тарихнамасын қалыптап, хатқа түсіріп, бейнебаяндар жасап, ел идеологиясы қажеттілігіне жаратпақ керек. Тіптен, заманауи ауыр атлетика спорты үшін де мұнда мол материал бар десек, артық емес. Тек құндылығын көретін салалық федерациялар, патриот басшылар аз болып тұр.

Тиісінше, осы олқылықтың бәрінің орынын толтыру үшін 2021 жылы нешеме жылдық ізденісті қорытындылап, «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық кітабым жарық көрген-ді. Оның сол жылдың 22 желтоқсанында Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орайластырылған тұсаукесері өтті. Лентасын сол кездегі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, бүгінгі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қазақстан барысы Ержан Шынкеев және белгілі зерттеуші-өнертанушы Ерлан Төлеутай қиды.

Қос томдық егіз кітапқа қазақ халқының балуандары мен күрес өнеріне қатысты аңыз-әфсаналары, қисса-дастандары, ел аузындағы әңгімелер, кейбір жекелеген тарихи деректер енгізілді. Басты мазмұнды аты аңызға айналған алапат күш иелері мен олардың балуандық жолындағы тосын хикаялары мен оқиғалары, шешендік сөздерінің шоғыры да құрады. Мұнда қазақша күрес пен жекпе-жек дәстүрі көшпенді қоғамның азаматтық құндылықтары тұрғысынан қарастырылған болатын. Кітаптың басты жаңалығы – ұлттық спорт пен дегдарлық мәдениет туралы жаңа көзқарас қалыптастыруы еді. Сондай-ақ баяндалған оқиғалардың әсіресе, өскелең ұрпақ – мектеп оқушылары үшін танымдық-патриоттық тұрғыда маңызы зор болды. Айта кетерлік бір жайт, кітаптарда Шыңғысхан дәуірінен қазірге дейін есімі ұмыт бола бастаған барлығы 500-ге жуық балуан қамтылса, оның 70-тен астамы осы оңтүстік өлкесіне қатысты.

Міне, осы кітаптар атауы осы күнге дейін жұрт танитын бренд болып қалыптасып, қосақабатында менің лақап атыма да айналып кетті.

Екіншіден, бұл жай ғана сөз емес, елдік санамен байланысты терең мағынасы бар ерекше атау. Бұрынғы бабаларымыз ел ішіндегі мықты, күшті, рухы биік азаматты тану үшін тас көтеру арқылы сынағаннан бөлек, атпал азаматтар арасындағы дүрдараздықтар мен бәсекелестікті те бейбіт шешіп отыру үшін қолданған. Ондайда егесте жүрген ерлер бір-біріне қару қолданбай, көпшілік көзінше ауыр тастарды көтеріп, кім мықты екенін өзара жариялы түрде анықтайтын болған. Көтеріп қана қоймай, кім қанша қадам көтеріп ұзаққа бара алады, оны да есептеген. Мәселен, Баба Түкті Шашты Әзиз басында заманында Кенесарының інісі Ер Наурызбай мен Қоңырат Төлебай батырлар қызыл тас көтеріп, осылай күш сынасқан көрінеді.

Тас көтерудің тағы бір себебі – қалмақ-қырғыз және басқа да түркі текті халықтармен аракідік болып тұратын жер дауы мен басқа да әскери қақтығыстарда қансыз жекпе-жек ретінде пайдаланылғаны. Тарих қойнауына үңілсек, сонау Семей атырабындағы Аблайкит қамалын жоңғар-қалмақтар осындай тас бәсінде жеңіліс тауып, өз еріктерімен соғыссыз босатқан. Сонда ойрат алыбынан асырып тас көтеріп, оны жартас басына алып шыққан Көкжал Барақтың мерейі үстем түскен екен.

Олай болса, бұл тастар – жай ғана ауыр зат емес, ол – батырлықтың, ерліктің, халық алдындағы жауапкершіліктің нышаны һәм бірегей ескерткіштері.

«Балуан тас» деген, бұл палуандық рухты, халықтың ішінен шыққан ерлердің елге қызмет ету жолындағы ерлік ниетін білдіреді. Қала берді ол тарихи мұраға, қазақтың күш пен рух мәдениетіне деген құрметті танытады. Сонымен бірге бұл атау қазақ күресін, күш сынасуды, батырлықты жаңғырту мен дәріптеуді мақсат етеді. Қысқаша айтқанда, «Балуан тас» – бұл халықтың мызғымас рухын, ерлік пен елдік дәстүрін бойына сіңірген атау. Осы атаумен ұйым құрылып отырса, ол тек спорттық бағыт қана емес, жалпы ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын іргелі құрылымға айналады деп ырымдадық.

– Сіздің бастамаңызбен іске қосылған «Қазақ күшінің картасы» жобасы көпшіліктің ықыласын тудырып отыр. Бұл идея қайдан туды және нақты қандай нәтижелерге қол жеткізгіңіз келеді?

– «Қазақ күшінің картасы» – менің жаңағы балуан тастарға қатысты көп жылдан бергі зерттеулерім мен архивтік жұмысымның нәтижесінде туған идея. Біз батырлар мен палуандар көтерген алып тастарды іздеп тауып, олардың географиялық нүктелерін картаға түсіріп жатырмыз. «Baluan tas» ұйымының тұңғыш бастамасы болып отырған бұл жоба арқылы қазақтың күш мәдениетін жүйелі мұраға айналдырып, бүгінгі ұрпаққа насихаттау жолын таңдадық.

Айтып өткенімдей, тастар тек физикалық күштің емес, ұлттық мінез, ерлік пен рухтың символы. Жоба нәтижесінде әр өңірдегі балуан тастар туралы дерек-мағлұматтар жиналып, олар картаға белгіленеді, тележоба, интерактивті платформа, ғылыми конференция және деректі фильм жасалады. Бұл – спорт арқылы тарихты сөйлету, рухты ояту, бір сөзбен айтқанда – ұлт әлеуетін қайта тану.

Өткенде білім, ғылым, мәдениет пен спорт министрліктері өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатсам, бір басшы «Оларды музейлерге балбал тастар секілді жинап, апарып қояйық» деп шықты. Бірден қарсы болдым. Ол тастар тұрған тұрған жерлерінде өз аймағының көркі болып қалуы керек. Бұл жерде тізімделіп жазу жазылып, қорғауға алынса, айналасы көрнекіленсе жеткілікті. Олардың туризм үшін де, қазақ жерінің түкпір-түкпірінің аутентикасын таныту, сол маңды мекендейтін жұртшылықтың рух қайрағы болу үшін маңыздылығын да ұмытпау керек.

– Жобаның идеологиялық мәні зор екені байқалады. Сіздің ойыңызша, бұл бастамалар ауылдықтарды айтпағанда, бүгінгі қала жастарына қалай әсер етеді?

– Қазіргі заман жастары мотивацияны цифрлық кеңістіктен іздейді. Сондықтан сол кеңістікке ұлттық мазмұн әкелуді мақсат еттік. Күні кеше ғана апробациясы осы Түркістан қаласында үлкен қиындықтармен өткізілген «Baluan tas» ұйымының екінші бастамасы – «Күш лекциясы» жобасы да соның жарқын үлгісі. Бұл – жастарға бағытталған мотивациялық платформа. Онда біз ұлттық батырлар мен палуандардың тағылымын айтып, күш пен табандылықты, ұлттық қайсар болмысты дәріптейміз.

Жастар – ел болашағы. Олардың бойындағы ұлттық сана мен рухты ояту – біздің қасиетті борышымыз. Осы төл спорт түрлеріне сүйенген әдістеме арқылы олардың ішкі дүниесінде дегдарлық, ірілік, нағыз ер мінезді қалыптастыра аламыз. Қысқасы, ұлттық спорт – жастарға рухани бағдаршам бола алады.

– Сіз бірнеше рет подкасттарда «Қазақ күресі – ұлттық идентификацияның коды» деп айттыңыз. Осы ойыңызды тарқатып айтып өтсеңіз.

– Қазақ күресі – бұл жай спорт емес. Ол – біздің бабалардан қалған күштік қана емес, рухани да код. Өйткені күрес – ердің өнері, елдің өрісін кеңейтетін амал. Біздің батырлық эпостар, жырлар, тарихи шежірелерде палуандық сипат кең орын алады. Демек, бұл – халқымыздың өзін-өзі тану, ерлік пен адалдықты бағалау үлгісі. Сондықтан қазақ күресін сақтап қалу ғана емес, оны жаңа сапаға көтеру керек. Мұны Дамир Бекбосынов, Бақдәулет Сәбитов, Ерлан Естек бауырларыма ылғи айтамын. Қазіргі Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та қазақша күрес майталманы. Бірақ жұмыстың көптігінен бұл бағытқа өзі қалағандай жоғары дәрежеде мойын бұра алмай жатқан сыңайлы. Жақында қабылдауында болғанда қолдау сөзін аямағанын да атап өткен жөн. Айтып айтпай не керек, қазіргі таңда әлем қазақтың алыс-тартыс өнеріне қатты қызығып отыр. Бірақ бізге ең қажеті – оның мән-мәйегін, дүниетанымын, тарихын ұғындыру. Осы тұста мен нақты ұсыныс айтамын: Қазақ күресіне арналған арнайы мұражай ашылуы тиіс және ол музей Түркістанда ашылуы тиіс. Бұл – тек экспонаттар жиынтығы емес, ұлттық күш пен рухтың ордасы болуы керек. Онда балуан тастардың көшірмелері, батыр-балуандардың өмір жолы, сахарада таралған күрес түрлері, архивтік құжаттар мен заманауи технологиялар тоғысуы тиіс.

Мұражай ашылуы керек деген ұсынысыңыз дұрыс-ақ. Бірақ неге дәл Түркістанда ашылуы керек? Астана мен Алматы немесе еліміздің басқа өңір-аймақтарында ашса болмай ма? Әлде біз білмейтін бір сыр бар ма?

«Алаштың алтын күндерінен қалған атыңнан айналайын қазақ күресі» деп ел зиялыларының бірі толғанғандай, бұл өнер халқымыздың қорғаныс және шабуыл күштерінің бейбіт күндері денесін ширатып, бұлшық еттерін қатайтты, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге де машықтандырды. Жұрттың бәрі жаппай кәсіби балуан болып кетпесе де, бұл жағынан да оның еліміздің қай-қай өңіріндегі қолданбалық жағынан тарихи маңызы аса зор болды. Ол ол ма, палуанның күрестегі дәрежесін көрсету мақсатында қолданылған «Бас балуан», «Түйе балуан», «Атан балуан», «Нар балуан», «Өгіз балуан», «Сұңқар балуан», «Тархан», «Толағай балуан», «Киелі балуан» сөздерінің де мықты негіздемесі бар болып шықты. Мысалы, осы «Киелі балуан» элитаның элитасы, ең жоғарғы мәртебе, оған бір жеткен жан лажы болса қайта күреспеуі керек. Ол үшін жанына жеті куәгер ертіп, жаяулай жетіп, Түркістандағы Тайқазанды көтеріп атақ алмақ рәсім болған.

Тап осы жерін кеңірек баяндасаңыз...

Мен мұны Алатау батыр ғұмыры мысалында түсіндіріп көрейін. Берке Науан Хан Тәуекелдің «Жалғызы» атанған, Бас батыр, қолбасшы Алатау жайындағы тарихнамада Ұлы дала күш мәдениетінің бір ерекшелігіне қатысты бірегей дерек сақталған. Онда батырдың шын аты – Әз-Ғараб екені де айтылады. Бұл есімді Түркістандағы божбан нағашылары қажының аузына түкіртіп, қасиетті кітапты негізге ала отырып қойған.

Осы Әз-Ғараб ер жетіп, Қызылтабан шөлден тірі оралып, жұртына аман-есен жеткенде, әуелі әруақтарға құран бағыштап, артынан қасиетті Түркістан қаласына жол тартыпты. Себебі мұнда ол кездері Ясауи заманынан келе жатқан бір игі дәстүр – қажылықтан оралған мұсылмандар жылына бір мәрте осы шаһарда бас қосып, Құран оқып, ел ішінде Ислам қағидаларын насихаттайтын салт болған.

Бұл рәсім тек діни шара емес, сонымен қатар ел ішіндегі білекті батырлар мен алып палуандардың өз күшін сынайтын, рухты жаңғыртатын сәті саналған. Әрбір палуандығы мен батырлығын ел мойындаған жігіт жүрегі дауаласа жасы жиырма жетіге толғанда осы сынға түсуді мақсат етіп, ел алдында күшін танытуға дайындалған екен. Алатау да сол жасқа келіп, киелі алыптар жолымен, тайқазанды көтеруге ниет етеді. Ол сенімді куәгерлерін ертіп, туған ауылынан жаяу жолға шығады. Бұл – ел ішіндегі дәстүрге сай, талапкердің қажырын дәлелдеу жолы. Куәгерлер оның жаяу жол жүргенін растап, өздері көлікпен жүріп отырады.

Халық арасында сақталған ескі заң бойынша, батыр тайқазанды бір қарыс қана көтерсе, оған бір үйір жылқының құны төленіп, абырой мен дәреже берілген. Егер ол күшінің жетпейтінін көрсетіп, көтере алмаса, ал ондайлар да болған, онда жиырма үйір жылқының құнына тең айып төлеген.

Бұрынғы заманда Әз-Хайдар Хабас деген палуан алғаш рет тайқазанды сәтті көтеріп, аты тарихта қалған деседі. Одан кейін тағы 16 ер бұл ауыр сыннан сүрінбей өткен. Ал он сегізінші болып тәуекелге бел буып шыққан батыр – Түркістан шаһарына табан тіреп, әуелі зиярат жасап, тынығып алған соң, ертеңінде жиналған халық алдында тайқазанды абыроймен көтеріп шығады. Бұл ерлігі оны барша жұртқа бұрынғыдан да танымал етіп, сыйлықтарын да халықпен бөлісіп, мәрттік танытады. Оны ел осыдан кейін де нешеме мәрте оралып, бұл ісін қайталап, «тайқазанды 13 рет көтерген» деп те аңыздайтыны тағы бар. Ел аузындағы сөздерге қарағанда, Алатаудың жауға қарсы шабарда, кейде қайта оралғанда Әзірет-Сұлтанға келіп, құраннан соң тайқазанды бір қарыс көтеріп қоятын әдеті бүгінде ұмыт болғанымен, талай жыраулардың жырына да арқау болған. Қалай дегенде де, ел қорғап, талай қан төккен батыр қартайған кезіндегі бір сөзінде «40 рет қанды қырғынға кірдім, тайқазанға 13 рет барып, 13 қарыс көтердім» деген көрінеді. Әруақты ерлер мен ерендер заманаларында Түркістанда осындай да сакральды рәсім болған-дүр!

– Бұл өте нақты ұсыныс екен. Егер мұндай мұражай ашылса, оның қоғам үшін қандай стратегиялық пайдасы болады деп есептейсіз?

– Мұндай музей – ұлттық идеологияның, әсіресе қорғаныс пен күштік құрылымдардың ментальдық бір тірегі болар еді. Біріншіден, бұл – қазақ күресін имидждік тұрғыда нығайтып, мығым брендке айналдыру жолы. Екіншіден, тарихи жады мен күштік мәдени мұраны жүйелеу алаңы. Үшіншіден, ол – отансүйгіштік пен ұлттық мақтаныш сезімін тәрбиелейтін кеңістік.

Мұражай балаларға, жас спортшыларға, туристерге, тіпті шетелдік зерттеушілерге қазақтың күрес және жекпе-жек өнерін жан-жақты түсіндірер еді. Сол музейде виртуалды күрес турнирлері, есімі аңыздалған палуан-батырлардың интерактивті галереясы, әлгі айтып өткен жер-жердегі балуан тастардың дәлме-дәл көшірме макеттері арқылы қазақтық-далалық күш мәдениетінің символикасы көрсетілсе – бұл тек спорт емес, нағыз ұлттық рух мектебі болар еді.

– Мұның да бір жағынан дайын туристік нысан екеніне көз жеткізіп отырмыз. Заман талабы солай, туризм барлық жобаларда ескеріледі. Ол сала бойынша да тағы қандай шаралар ұйымдастыруды көздеудесіздер?

– Туризм саласында да бірқатар ауқымды шаралар жоспарлануда. Этнофестивальдер ұйымдастырып, ұлттық спорт пен мәдениеттің синтезін көрсетеміз. Сонымен қатар, Наурыз және басқа да ұлттық мерекелерде арнайы спорттық іс-шаралар өткізу көзделуде. Туризм бағытында, академия-ұйымның базасында этноауыл құру да жоспарда бар. Мұнда туристер халқымыздың дәстүрлі өмір салтын көріп, ұлттық ойындарға қатысып, қазақ мәдениетімен жақынырақ таныса алады. Бұл шаралар ұлттық спорттың әрі мәдениеттің танымалдылығын арттыруға бағытталған.

– Соңғы сұрақ: ұлттық спорт пен мәдениеттің байланысын қалай бағалайсыз және бұл екі бағытты үйлестіру қаншалықты маңызды? Қолдау мәселесі де қалай шешіліп жатыр?

– Бұл екеуі – бір-бірін толықтыратын тұтас дүние. Ұлттық спорт – төл мәдениеттің денесі болса, мәдениет – спорттың жаны. Біз тек жаттығу мен жарыс шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Ұлттық спорт түрлері тек денені шынықтырмайды. Олар жүрек пен санаға әсер етеді. Рухты да шыңдайды. Мәселенки, садақ ату – мергендікті ғана емес, ішкі тыныштықтың, рух тұрақтылығының көрсеткіші. Жамбы ату – ептілік пен естіліктің синтезі. Тоғызқұмалақ – логика мен дүниетанымның тамыры. Сондықтан бұл екі бағытты тұтас қарап, мемлекет саясатына интеграциялауымыз керек. Бұл – ұлттың ішкі-сыртқы иммунитетін нығайтатын да жол.

Сосын, мұның бәрінің құр қиял емес, нақты ұзақмерзімді стратегия аясында біртіндеп жүзеге асып жатқанын да айта кетейік. Қолдаушылар қарасы да аса мол. Ақпаратшылар ортасының өзінен алып айтар болсақ, «Baluan tas» жанынан құрылған журналистер пулына 37 журналист, блогер мен жазушының кіруге ниет білдіргенін айта аламын. Бұл да болса шағын қол. Бірақ қоғамға ықпал-әсері жағынан қандай қол десеңізші?!

Рас, басында менің осы бастамаларыма күле қарағандар болды. Бірақ олар құдайлы бірдің қалың қол екенін есінен тарс шығарып алды. Ол кезде бір болғанмен, қазір мыңға айналып келеміз. Әзірге Түркістан қаласында ғана өкілдік құруға қол жеткіздік. Бірақ бүкіл Қазақстан аумағында филиалдар ашылады. Тек біршама уақыт керек.

Ұйымның қаржыландыру көздерін сұрайтындар да көп. Айтқандай, қаржыландыру көздері көпқырлы. Мемлекеттік қолдау мен мәдениет және спорт, білім, ғылым министрліктерінен гранттар, жеке инвесторлар мен корпоративтік демеушілердің көмегі арқасында қаржыландыруды қамтамасыз етеміз. Қазірдің өзінде тарихтағы батыр қыз ерлігіне арналған «Шұға» атты фильмге 100 миллион теңге қаржы құюға әзір түбі семейлік, бірақ Шымкентте өсіп өнген Арман Байқадамдай әлеуетті инвестор таптық. Сонымен қатар оқу бағдарламалары мен жаттықтыру қызметтерінен алынатын табыстар да маңызды қаржылық ресурс.

Сайып келгенде, ұлттық спорт пен мәдениеттің үйлесімін қамтамасыз етіп, осы салада тұрақты даму орталығын қалыптастыруды мұрат етеміз. Әнебір танымал фильмдегі лепестегідей, мақсат айқын болғандықтан, армандардың орындалатынына да сеніміміз кәміл.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбат ресми нұсқасы: «Қазақ күресіне арналған музей ашылуы керек» - OKG.KZ

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер