Адам өзін жоғалтпаса екен – Жалын ҒАЛЫМ (+ видео)
04.07.2019, 01:23

Адам өзін жоғалтпаса екен – Жалын ҒАЛЫМ (+ видео)

Бүгінгі «Іскер Talks»  жобасының кезекті қонағының бірі  талапты әнші, сазгер Жалын Ғалым.

– Біз әңгімемізді философтар айтпақшы, биік материядан бастасақ. Міне, Алатаудың етегінде отырмыз. Арман қуып келген Алматыда армандарыңыз орындалды ма? Сізбен осы қырынан сырласып көрелікші.

– Иә, сол кезеңдегі ең басты мақсатыма жетіп, яғни қарашаңырақ КазҰУ-ға грантқа түсіп, 2006 жылы алғаш рет Алматыға келген болатынмын.

              

 

Әуел бастағы таңдауыңыз әнші болу ма еді?

– Жоқ. Негізі журналист болуды қаладым. Мектепті бітіре сала, жоғарыда айтқанымдай, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетіне түстім. Бірақ кейіннен жан дүнием музыкаға қарай бет бұрып тұрды. Жә, басынан бастайын.

Мен ауылдың баласымын. Сол кезде кешқұрым ауылда мал жайғап жүріп, ыңылдап әндетіп жүретінмін. Сөйтіп бір күні бір әуен келді. Қуанышымда шек жоқ. Өзіме сене алар емеспін. Ол әуеннің еш жерде жоқ екенін әбден тексеріп, көз жеткіздім. Бұған дейін мүлде беймәлім болғанына сенімді болдым. Содан ұмытып қалмайын деп, есімде сақтауға тырыстым. Сондай бастау мінекей сазгерлікке ұласты. Өзімді болашақта шығармашылық адам ретінде көргім келді.

 

 

Өзіңіз қай жақтың тумасы боласыз?

– Бұрынғы – Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі – Түркістан аймағы.  Оның ішінде, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы. Әке-шешеміз ауылда, өзіміз қалада. Жалпы, менде өмірде екі таңдау болды. Біріншісі, журналистика саласында болу, екіншісі, өнер саласында болу. Сонымен, не болса да жүрек қалауына үңіліп, өнер саласында қалған болатынмын. Бірақ сенесіз бе, мен ән шығарамын деген нәрсе үш ұйықтасам түсіме енген емес. 

 

Мүмкін өмірдің қызығы да осында шығар? Адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрсе – сол адам үшін қайырлы болып шығады. 

– Дұрыс айтасыз. Сол өнер жолы біз үшін қайырлы болды ғой деймін. Әрине, мұның барлығы бір мезетте бола салған жоқ. Бала кезден әртүрлі іс-шараларда, концерттерде өлең айтып жүретінмін. Ыңылдап жүріп, айтқанымдай, ойыма келетін әндерді қайталай беретінмін. Солай талай әндер туды.

Содан, кешкі мезетте Алматы қаласы мейрамханаларында ән де айтатын болдым. Осылай студент шақта әнге деген махаббатым ашылып, ары қарай жалғасын тауып кетті. 

 

 

 

Жақсы. Енді сазгерлік жағыңызға шықсақ...

– Маған алғашқыда авторлық ән жазу дегенің  қол жетпестей көрінді. Себебі, екінің бірінің қолынан келмейтін іс болатын. Жұрт демеуші тауып барып, жаздыртып, сол арқылы шығатын. Енді бастап жүрген әншімен жолығып қалсаң, міндетті түрде демеуші болып қалса деген әңгіме болатын. Сонымен, барынша өз күшімізге сеніп, еңбектене жүріп, 2011 жылы «Түнгі ой» деген авторлық әнімді жазып шығардым. Осы ән арқылы үлкен сахнаға шықтым десе де болады.

 

Филология факультетін бітіргеннен кейін, кейде «Неге тіл маманы немесе журналист болмадым екен. Неге солар сипатты салаларға бармадым екен» деген ой болмай ма? 

– Жалпы, 2010 жылы ұлттық университетті тәмамдадым. Сол аралық телеарнада редактор болып қосымша жұмыс атқарып жүрдім. Телеарнадағы жұмысты белгілі бір себеппен тоқтату керек болды. Үлгере алмай кеттім. Бірақ жаман болған жоқпыз. Оның да өз пайдасы тиді. Сол үшін де қазіргі кезде ешқандай да өкініш жоқ. 

 

 

 

Жалын мырза, әр адамның деңгейі өзіне аян. Қазіргі деңгейіңізге көңіл толмаушылық болады ма? Мүмкін әлде де жүйелі жұмыс жасағанда бұдан да мықтырақ, атақты болар ма едім деген пендауи ой болмай ма? Құдайдың беріп тұрған ырысын, әттең, дұрыс пайдалана алмадым деген сәттерді айтамын.

– Әр адам артына қарайлайды ғой. Негізі менде өкініш деген болмайды. Болғанын қаламаймын. Мен шамам келгенше әр сәтті дұрыс пайдалануға тырыстым. Бәрі өзінің сәтімен болады.  Еңбектене беру керек. Тек тоқтамай, әрекет ете берсек, міндетті түрде жемісі болады. 

 

             

 

Сөзіңіз аузыңызда. Жаңа айтып қалдыңыз «Еңбектене беру керек» деп. Әр адамға әртүлі ғой, өзіңіздің ойыңызша, еңбектің әдістемесі қалай? Айта аласыз ба?

– Оның ешқандай да әдістемесі жоқ.Тек жүйелі, ақылмен жұмыс жасай білсеңіз жеткілікті деп ойлаймын. Бірақ еңбек жолында адам өзін жоғалтпаса екен. Адами құндылықтарды, өзіңнің бар болмысыңды жоғалтып алмасаң жақсы. Жастық шақта тоқтамай жұмыс жасау керек. Өзіңді дамыту керек. Уақыт бәрібір көрсетеді не ұтқанымызды, неден ұтылғанымызды.

 

               

 

Қазақстандағы өнер мен эстрада жайлы аз-кем айта кетсеңіз. Сөзіміздің леп белгісі осы болсын.

– Қазір қоғамда мынандай дерт бар. Әншілерді сынап, жақтырмай жатады. Біржағынан мұны түсінуге де болады. Дамып кеткен қай елде эстрада жоқ? Ол қоғамның айнасын, деңгейін, мәселелерін көрсетуде қызметі зор деп білем. Сондықтан оған бола ренжіп, таусылудың қажеті жоқ. Құдайға шүкір, қазіргі таңда қазақ эстрадасы дамып келе жатыр. Конкуренция бар деп айтсақ та болады. Мысалы, Димаш. Әлемге танылып жатыр. Ол біздің эстардамыздың жемісі деп білемін. Сондай-ақ, әншінің саны көп деп жазғырмаған жөн. Сапа сол саннан шығады. Одан кейін студияда бірге жұмыс істеген Jah Khalib, сосын анау СКРИПТОНИТ сынды жігіттер ТМД-ны шулатып, жоғары деңгейге шықты. Сол сияқты қаншама прогресшіл адамдармен бір студияда жұмыс жасағандықтан айтарым: музыка саласы персоналдық деңгейде дамып жатыр, өсіп келе жатыр. Бір қуанатыным, мен де сол ағынның ішіндемін.

 

 

Ән стильдері туралы не айтасыз? Қайсысы қиындық тудырады?

– Мысалы, бір әнді жазасың, ол мүлде жаңа стиль, жаңа бағыт. Бірақ саған ол ақша әкелмейді. Оған қаншама уақыт, ақша, назар арнайсың. Ақырында оның соңы – тек музыканттардың  мойындағанымен ғана шектеліп қалады. Тек музыкант қана сені мойындайды немесе әннен хабары бар адам ғана құттықтайды. Ал халыққа сен қызық емес болуың мүмкін. Енді ашылып айтып жатқаннан кейін, айта кетейін: Негізі мен еркін стильдемін. Не айтқым келеді, нені сезінемін, соны жазатын және айтатын жанмын. Той әндерін де айтқым келсе, айтамын. Шектегім келмейді өзімді. Шығарған әнім ақша алып келгенін қалаймын. Сенімді айта аламын, кез-келген стильде ән жаза аламын. Мен рэп жаза алмайтын шығармын. Дегенмен, рэперлермен тығыз байланыста болып, жұмыс жасадым «Soe RECORDS» лейблында. Осы студияда көп музыканттармен таныстым. Айталық, Баха (Jah Khalib) сияқты.

 

Сонымен, авторлық қанша әніңіз бар?

 – Санамаппын. 

 

Араласатын сазгерлеріңіз кімдер?

– Көп. 

 

Сөзіміздің түйініне келіппіз. Жалпы, көкейіңізде көптен жүрген немесе өнер саласына осыны сіңірсем екен дейтіндей дүниеңіз бар ма?

– Қазақ музыкасына өз үлесімді қоса алсам деген ниет. Әлемдік деңгейдегі музыка жасай алатынымызды көрсету. 

 

Рақмет! Алдағы уақытта бағыңыздың жануына тек тілекші болатынымызды айтқым келеді.

 

Сұхбаттасқан Ардақ Серік

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер