Аталмыш жиынға танымал журналист, сенатор Бибігүл Жексенбай жетекшілігіндегі «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ спорт пен мәдениет, білім-ғылым және ақпарат салаларының қайраткерлері мен өкілдері қатысады деп күтілуде.
Бұл іс-шарада «Академия» жұмысы мен жоспарлары, қазақтың ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті туралы құнды ақпараттар беріледі. Сонымен қатар белгілі күш мәдениетін зерттеуші, спорт мәдениетіне арналған бірнеше кітаптың авторы Абылайхан Қалназаровтың қазақ күресі мен палуандар, асық ату, көкпарға қатысты бірқатар кітаптарының «демо» версиялары және «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасы таныстырылады.
Бұдан бөлек кішігірім наурыз дастарханы ұйымдастырылып, «Тас палуан» лақабымен танымал атлет, КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмені Арман Сүлеймен, ММА спортынан (Битва Титанов) турнирінің чемпионы Қуаныш Шәріпбекұлы күш ойынын көрсетіп, ал әйгілі жыршы Әлихан Дүйсенбай ән шырқамақ.
Ұлттық спорт жанкүйерлеріне өздерін қызықтыратын әрі ұлттық мұраны дәріптейтін ерекше жобамен танысуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Бұл «академия» ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді. Ол а.ж. 17 наурызында ұлттық спорт түрлері зерттеушілері мен ғалымдарының бастамасымен Астана қаласында құрылып, өз жұмысын бастады. Жетекшісі және құрылтайшысы Абылайхан Қалназаров.
Осы іс-шараға арнайы шақырылып отырған «Бас редакторлар Клубы» – 2007 жылы құрылған және құрамына Қазақстанның 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік.
Байланыс: 8 778 442 84 13, rysbay777@mail.ru (Қатысуыңызды алдын ала растауыңызды сұраймыз. Ішке кіру тізім бойынша)