ОҚО-да тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіретін кооператив құрылды
15.05.2018, 09:38

ОҚО-да тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіретін кооператив құрылды

ОҚО-да алғаш рет тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативі құрылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңадан ашылған шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған кәсіп түрін дамытудың жолдарын талқылады. Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жұмыстың барысымен таныстырған серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаев өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталғанын мәлім етті. Оның айтуынша, Нидерланд елінен ешкінің Заанен тұқымын сатып алған. Даму жоспары үш кезеңнен тұратын жобаның жалпы құны 1 млрд. 829 млн. теңгені құрайды. Қазір мұнда 500 бас ешкі болса, жоспар толығымен орындалғаннан кейін 6 мың басқа жететін болады. Өсімділігі өте жоғары ешкі малы жылына егізден тауып, орта есеппен  100 басқа 200 төл береді екен. Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт беретін болса, заанендіктер күніне 5-6 литр сүт береді. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр. Күніне екі мәрте сауылатын ешкі сүтінің литрі 500 теңге көлемінде саудалануда. Алдағы уақытта кәсіпорын Италия елінің жаңа технологиялы құрылғыларымен қамтылып, сауын процесі мен сүт өңдеу процесі толығымен автоматтандырылатын болады. Осының нәтижесінде ірімшік және моцарелла ірімшігін жасауды жоспарлап отыр. Ешкі сүті - анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы екен.  Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер