Ғылыми жаңалықты өндіріске енгізбей өнімділік артпайды – Т. Рахымбеков
13.12.2019ж.

Ғылыми жаңалықты өндіріске енгізбей өнімділік артпайды – Т. Рахымбеков

«Қазақстанның аграрлық секторы кеңес кезеңіндегі деңгейден аспай, кенжелеп қалған» деген әңгімені жиі естиміз. «Агросекторға алдыңғы қатарлы жаңа технологиялар енгізу ісі дұрыс жолға қойылмаған» деген пікірді алға тартатындар да жоқ емес. Шын мәнінде солай ма? Біз бұл сұрақтың жауабын білу үшін «Іскер Talks» жобасы аясында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Сатайұлы Рахымбековті аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Төлеутай Сатайұлы, білуімізше, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында ғылыми жаңалықтар жетерлік. Алайда, оларды өндіріске енгізу тұрғысынан проблемалар бар секілді. Отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтары неліктен қолданысқа енгізілмейді?

– Кеңес дәуірінде Қазақстандағы аграрлық ғылым өте жақсы дамыды. Соның нәтижесінде елдің ауыл шаруашылығы саласы өзінің тиісті деңгейіне дейін көтерілді. Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды. Ғылым да солай. Күн сайын өзгереді, дамиды. Өкінішке қарай, еліміз Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жуық уақыт өтсе да, Қазақстанның ғылымы әлі күнге дейін кеңестік дәуірдегі принциптермен жұмыс істеп келеді. Ол кезде талап басқа болатын. Қазір мүлдем бөлек. Сондықтан, замана көшінен қалмауға міндеттіміз.

Кеңестік кезеңді тілге тиек еттім ғой. Сол кездегі ғылыми жұмысты одан әрі тарқатып айтайын. Ол уақытта ғалымдарға ғылыми жұмысты өндіріске енгізу жүктелетін. Қойылатын талап та қатаң. Ғылыми жаңалық қалай да өндіріске енгізілуі керек. Біле білсек, бұл өте күрделі процесс. Біз әлі күнге дейін осы жолмен жүріп келеміз.

Дамыған елдердегі жағдай бұдан әлдеқайда бөлек. Ол жақтағы ғалымдар таза ғылыммен айналысады. Ал ғылыми жаңалықты өндіріске жеткізетін басқа бір инфрақұрылым бар. Яғни, онымен басқа адамдар айналысады. Өкінішке қарай, Қазақстанға осы бір жаңашылдық жетіспей келеді және бұл агросекторға ғана емес, елдің жалпы ғылымына тән сипат. Біз іргелі ел боламыз десек, ең алдымен осыны реттеп алуымыз керек. Трансферт, коммерциализация, extension деген маңызды кезеңдер бар. Қазақстанда осы жүйелер толықтай қалыптасуы керек. Бұл бір.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші дегеніміз – бизнесмен. Ал әр минуты ақшаға байланған бизнесмен қысқа мерзім ішінде нәтижеге қол жеткізгісі келеді. Яғни, олар ұзақ мерзімді жобаларға қаржы құйып, оның нәтижесін күтуді құптамайды. Олар үшін тиімдісі – дайын дүниені шетелден сатып ала салу.

Міне, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің өндіріске енгізілуіне кедергі келтіріп отырған негізгі факторлар осылар.

 

 

 

 

– Шаруалар тұқымды, тыңайтқышты шетелден сатып әкеліп жатады. Мұның бизнесмендер үшін тиімсіз тұсы бар ма?

– Әрине, бар. «Таяқтың екі ұшы бар» деп бекер айтылмаған ғой. Десе де, алдымен мына жағдайға назар аудару керек. Сіз тұқым, тыңайтқыш дедіңіз. Қазір Қазақстанда тыңайтқыштардың кейбір түрлері шығарылады. Мәселен, біздің елде фосфор тыңайтқыштары өндіріледі. Жалпы, бұл жағынан алғанда Қазақстанның әлеуеті өте зор. Еліміз ішкі нарықты қамтып қана қоймай, өнімді экспортқа шығара алатын мүмкіндік мол. Ал азот тыңайтқыштары, басқа микроэлементтер қосылған тыңайтқыштар өзімізде өндірілмейтіндіктен, шетелден импорттауға мәжбүр.

Тұқымға келер болсақ, Қазақстан өсімдік тұқымдарының, мал тұқымдарының жаңа түрлерін шығара алатын зор әлеуетке ие. Дәстүрлі технологияға салсақ, бір тұқымды алуға 15-20 жылға жуық уақыт керек. Шетелдіктер жиі қолданатын биоинженерия секілді заманауи технологиялардың көмегімен жаңа тұқымды алуға 5-6 жыл жеткілікті. Біз осыған көшуіміз керек. Тым құрығында, шетелдік ғалымдармен, зертханалармен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеген абзал. Мұны айтып отырғаным, ғалымдар климаттың өзгеріп келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Құрғақшылық артып келеді. Жазғы мерзім қысқаруда. Демек, табиғаттың құбылуына орай, жаңа тұқым түрлерін ойлап табу маңызды. Мәселен, дәстүрлі технология бойынша дәнді дақылдар 120 күнде піседі. Қазір 90 күн, 70 күн ішінде пісетін тұқымдар туралы ойлануымыз керек.

Енді шетелден тұқым әкелудің тиімсіздігіне тоқталайын. Жалпы, бұл өте тәуекелді талап ететін шаруа. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің тауар өндірушілер, яғни бизнесмендер ғылыммен айналысып, алтын уақыттарын қор еткілері келмейді. Олар дайын нәрсені алып, дайын дүниені қолдана салғанды жөн көреді. Оларға өкпелудің де реті жоқ. Өйткені, олар бизнесмендер. Олардың психологиясына болашақты болжау емес, тәуекел ету тән. Бірақ, олар шетелден сатып алып жатқан тұқым, тыңайтқыштар біздің елдің жағдайына жарай ма деген сауалмен бас қатырмайды. Екіншіден, тұқым қанша уақыт өтсе де, сол күйінде сақталмайды. Яғни, бір-екі жылда мүлдем бас тұқым болып өзгеріп шыға келуі мүмкін. Олар көп жағдайда осы факторларды ескермейді. Ал мұндай жағдайда опынып қалмас үшін ғалымдар бірлесе жұмыс істеу маңызды.

– Отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктері жетерлік дедік. Осыған нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Мысалдар өте көп. Мәселен, Мәселен, Қарағанды облысы Осакаров ауданы Ақпан ауылындағы шаруалар біздің ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, өнімділікті бірнеше есе арттырды. Олар 2018 жылы әр гектардан 55 центнерден өнім алды. Бұл аз ба, көп пе? Енді осыны түсіндіріп көрейін. Жалпы Қазақстан бойынша орташа есеппен өнімділік гектарына 13 центнерді құрайды. Демек, ақпандықтар төрт есе көп өнім жинап отыр. Бұған қалай қол жеткіздік? Әрине, жаңа технологияның нәтижесінде. Тыңайтқыштарды, тұқымдарды тиімді пайдаланудың нәтижесінде өнімділік еселеп өсті. Ғылымның жетістігі деген осы.

Дәл осындай мысалды Шығыс Қазақстан облысынан да келтіруге болады. Жекеменшік серіктестік ғалымдармен тікелей жұмыс істеп, биылғы құрғашылыққа қарамастан, әр гектардан 60-70 центнерден өнім алды.

 

 

 

 

– Демек, бізде өнімді бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін ғылыми үлгі бар.

– Иә. Барды бар деу керек. Ауызды құр шөппен сүртуге болмайды дер едім.

– Онда шаруалар осынау ғылыми жетістікті неге қолданбайды?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мына бір жайды айта кету керек. Экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда, ауыл шаруашылығындағы өнімділік басқаша есептеледі. Мәселен, жеңіл өнеркәсіпті, яғни киім тігу өндірісін алайық. Тігінші бір күнде бір көйлек тікті делік. Ал келесі күні екі көйлек тікті. Демек, тігінші өнімділікті екі есе арттырып отыр. Сол секілді жол салу саласын да мысалға алуға болады. Алғашқы күні жол жөндеушілер 1 шақырым жолды салып шықты. Ертеңінде жаңа технологияларды, жаңа техникаларды пайдалана отырып, 2 шақырым жол салуға мүмкіндік алды. Байқағандарыңыздай, көрсеткіш екі есеге ұлғайды. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділік бұлай есептелмейді. Небір қуатты техникаларды, жүздеген адамды жұмылдырсаңыз да, бұл саладағы өнімділікті екі-үш есеге арттыру өте қиын. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, жер мен малдың өнімділігін алайық. Жердің өнімділігіне көп жағдайда табиғи жағдайлар қатты әсер етеді. Биыл елімізде құрғақшылық болды. Былтыр гектарынан 13-14 центнерден өнім алған шаруалар 3-4 центнердің өзіне қуанатын халге жетті. Ал енді жер төсінде жұмыс істеп жүрген адамдардың жүктемесін екі есе арттырсаңыз да, арттырмасаңыз да алатын өніміңіз осы ғана. Сондықтан, өнімділікті ұлғайтқысы келген адам, ғылымға иек артады.

 

 

– Отандық ғылымдағы мамандардың жай-күйі қалай? Бұл салаға қызғушылық танытатын жастар бар ма?

– Бәрі жақсы деп айта алмаймыз. Бірақ, Ұлттық аграрлық университетте, С.Сейфуллин атындағы агротехнологиялық университетте, кейбір ғылыми зерттеу институттарында жас мамандар жұмыс істеп жүр. Егер жастарға қолайлы жағдай жасар болсақ, олардың қатарын арттыруға әбден болады. Ол үшін жас ғалымдарды ынталандыру керек. Жоғары жалақы белгілеу қажет. Басқа да қолдау шараларын пайдаланған жөн. Сонда ғана жастардың қызығушылығы артады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

 

Silteme.kz порталы редакциясы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер