Әскер қатарына қабылдау қалай жүзеге асады?
28.10.2016, 10:15

Әскер қатарына қабылдау қалай жүзеге асады?

Елімізде әскер қатарына қабылданғысы келетін азаматтарға нұсқаулық:

1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру пункттерімен, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.

2. Әскери қызметке шақырылатын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келеді. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады. Шақыру қағазында мерзімі, уақыты, қай жерге келетіні, кім қабылдайтыны көрсетіледі.        Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.

3. Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылатын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастырады.

4. Белгіленген күні азаматтар дәрігерлік комиссиядан өте бастайды. Медициналық куәландыру, яғни, наркологиялық тестілеу, гепатит пен туберкулезге зертханалық зерттеу шараларынан денсаулығы жайында мәліметтер алынады. Бірінші аудандық тексерістен, одан кейін қалалық бақылау комиссиясы қарайды.

5. Әскерге шақыру комиссиялары шақырылушымен, оның ата-анасымен, жұмыс жасап немесе оқып жүрген кәсіпорын немесе оқу орнының әкімшілігі өкілдерімен әңгімелеседі.

6. Әскерге жарамды дегендері арнайы комиссиясының іріктеуіне қатысады. Әскерге шақыру комиссиялары шақырылушымен әңгімелеседі. Жеке әңгімелесу барысында шақырылушының моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене тұрғысындағы дамуы, жалпы білімі мен арнайы дайындығы, отбасы жағдайы туралы мағұлматтарға қол жеткізіледі. Медициналық тексерумен қоса, психолог мамандардың сұрыптауынан өтіп, әскерге жарамдылығы анықталады.

7. Одан кейін әскерге шақыру комиссиясы әскерге жарамды азаматтарды Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскерлері мен әскери құра­лымдарына тағайындау туралы шешім қабылдайды. Олардың өндірістік біліктілігі мен мамандығын, денсаулық жағдайын ескереді.  

1. Аэроұтқыр әскерлерін жасақтау үшін: -кемінде жалпы орта білімі, -жақсы дене бітімі бар -парашютші спортшылар қатарынан болуы шарт  

2. Рес­публикалық ұланды жасақтау үшін:  жақсы дене дайындығы, кемінде жалпы орта білімі бар

 3. Жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлық бейініне ұқсас мамандықтар бойынша жіберіледі.

 4. Математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген азаматтар радиотехникалық, зениттік-зымыран бөлімдеріне, Қарулы Күштердің барлық түрлерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың байланыс бөлімдеріне жіберіледі.

5. Ауыл ша­руа­шылығын механикаландыру және электрлендіру факуль­теттерін бітірген әскерге шақырылушылар танк, авиация, зениттік-зымыран бөлімдеріне және Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс бөлімдеріне, Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлеріне жіберіледі.

6. Медицина және фармацевтика факультеттерін бітірген болашақ сарбаздарды Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиісінше кіші медициналық персонал лауазымдарға аттанады.

7. Оқу-жаттығу бөлімдеріне және сержанттарды, сарбаз мамандарды даярлауға арналған мектептерге кемінде жалпы орта білімі және жоғары моральдық қасиеттері бар әскерге шақырылушылар қатарынан қатаң дербес тәртіппен іріктеледі.

8. Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің әскер бөлімдерінің өкілдері белгіленген тәртіппен келіп, болашақ сарбаздармен үш күн жұмыс атқарады. Алғашқы күні олар өздеріне тағайындалған азаматтармен әңгімелесу жүргізеді. Келген дәрігер мамандар медициналық нәтижемен танысып, қабылдау немесе қабылдамау жөнінде шешім қабылдайды. Соңынан болашақ сарбаздар әскери қызметті өткеруге жөнелтіледі. 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер