3D-баспа
Бүгінде оның көмегімен модельдер мен прототиптерді, сондай-ақ заманауи өнер объектілерін де басып шығаруда. Бұл аппараттардың жұмыс қағидаты бізге үйреншікті болып кеткен компьютерлік принтерлерден көп ерекшеленбейді. Тек «үшөлшемді» принтерлер баспа элементі ретінде «пластик тамшыларын» пайдаланады, сол арқылы «көлемді пикселдер» түзіледі. Олардан принтер қабаттан соң қабат түзе отырып, үшөлшемді объект жасайды. Басу үдерісі аяқталған соң, шыққан бұйым ультрафиолетпен сәулелендіріледі, осының арқасында пластик «бекиді». Біршама уақыт өткеннен кейін және біраз жетілдірілген соң, 3D-баспа технологиясы шағын сериялы бөлшектерді шығару үшін өнеркәсіптік өндірісте қолданыла бастайды деп күтілуде, яғни конвейерге шықпақ. Ал, бес-он жыл өткенде, оның көмегімен кез келген адам үйде отырып-ақ, керекті заттарды өзі «басып» шығара беретін болады. 8 қарашада америкалық Solid Concepts компаниясы осылайша 45 калибрлі M1911 әскери тапаншасын металдан басып шығарды. Оны сынаулар бұл қарудың ұрысқа жарайтындығын көрсеткен. Сондай-ақ, Қытай, АҚШ, Германияда тұтас үйлерді басып шығаратын үлкен «үш д» принтерлер қазірден пайдаланылуда. 3D-баспа және RepRap (Replicating Rapid Prototyper) технологиясы қазақстандық нарықта да танымал бола бастады. Қазір Алматы мен Астанада бірнеше компания осы технология көмегімен пластиктен «кез келген модельді жылдам басып беруді» ұсынады.
Киборгтар
Бір қарағанда, адам денесіне RFID-чиптерді ендіру фантастикалық фильмдердегі адам сенбес көріністей көрінгенімен, шынайы өмірде ол көпшіліктің көзі үйренген пирсингке ұқсас болып келеді. Тек хирургиялық болаттан жасалған элементтер орнына, денеге «өту құжаты» (пропуск) немесе «электронды әмиян» функциясын орындауға қабілетті микроэлектроника «кіріктіріледі». Әлемде бүгінде сондай-ақ қолдың механикалық протездері жасалған, сырқат оны кәдімгі өз қолындай басқара алатын көрінеді: датчиктер адамның жүйкелеріне қосылған. Жасанды көз де сынақтан өтіпті: ол цифрлы бейнекамерасы бар көзілдірік түрінде болып келеді. Ол көру жүйкесіне қосылған чипке сымсыз арна арқылы көріністі береді. «Жасанды көздің» көрінісі әзірге сонша айқын емес, бірақ соның көмегімен зағип жандар жарық жеткілікті болған кезде кеңістікте бағдарлана алады, үстел аспаптарын пайдаланады, сондай-ақ, мысалға, үстелдегі алманы алмұрттан айыра алады.
«Жасушалық» баспа
«Жасушалық» баспа («клеточная» печать) медицина саласына бағдарланған және өзінің жұмыс қағидаты бойынша 3D баспадан ерекшеленбейді, тек үшөлшемді «көріністі» жасайтын элементтер есебінде тірі жасушалар қолданылады. Бүгінде әлемде тірі адамның бойында тірі клеткаларды «басуға» мүмкіндік беретін технологиялар сынақтан өткізілуде. Мәселен, жарақатта «нәзік бағыттаушы-жіптерді» басуға болады, ағза соларды бойлай отырып, тіндерді өзі өсіре бастайды, сөйтіп, жарақатты тартады. Эксперименттер, дәстүрлі емдеу әдістері қолданылған бақылаулық топтармен салыстырғанда, «баспа технологияларын» пайдалану – жарақаттың жазылу жылдамдығын еселеп арттыратынын көрсеткен.
Ғарыштық туризм
Кеңес одағында әрбір бала ғарышкер болуды армандады, сондағы ойлары әрине, ашық ғарышта ғылыми сынақтар жүргізу емес, Жер планетасын ғарыштан көру болса керек. Мұндай арман қазір ақиқат. Ғарыш туризмі енді сәлден соң бұқаралық ойын-сауық түріне айналады. Бірден айталық, жаһандық ғарыштық туризмнің «Отаны» - Қазақстан болып табылады: бұл сала ең алдымен біздің жерімізден бастау алғаны мәлім. Қолдағы деректер бойынша «Space Adventures», «Роскосмоспен» бірлесе отырып, ендігі 10 туристі «Байқоңырдан» ғарыш сеңгіріне самғатып үлгеріпті. Соның ішінде Чарльз Симони енді екі рет ғарышта болып қайтты. Бірақ оларға орбитаға аттану үшін «астрономиялық сомалар» (алғашында 20-23 миллион, 2009 жылдан кейін 40 миллион доллар) төлеуге тура келді: өйткені бұл үшін адам саны үшеумен шектелетін «Протон» зымырантасығыштары пайдаланылды. Қазір ғарыштық туризм болашағы зор бизнеске айналуда: әлемде қымбат зымырандарсыз-ақ ғарышқа жол тартуды бірнеше компания белсенді түрде ұйымдастыруда. Нәтижесінде, бүгінде Астанадағы мәртебелі бір тұрғын үй кешеніндегі төрт бөлмелі пәтердің құнына-ақ «суборбиталды ұшуға» қол жеткізе аласыз. Сәл біраздан соң, жеке зымырандар басқа планеталарға сапар шегеді деп күтілуде. Google бірінші болып, Айға қонатын жеке компанияға деп, 20 миллион доллар сый тағайындады. Содан қазір бүкіл дүниежүзі бойынша бірнеше еріктілер тобы осы «байқаулық тапсырманы» орындауға құлшынуда. Олар өздерімен бірге Жердің серігіне «луноход» ала бармақ, соған отырып, Ай бетімен жарты шақырымнан астам жүріп өтіп, Жерге бейнежазбалар және фотосуреттер жолдауды жоспарлауда. 2025 жылдан кейін ғарышта тұңғыш орбиталды қонақ үйлер пайда болады деп күтілуде. Оның жобасы АҚШ-та қазірден жасалған.
Нанотехнологиялар
Нанотехнологиялар құйтымдай лазерлер (ұзындығы небары 2500 нм) түзуге мүмкіндік берді, оларды микросхемаларға кіріктіруге, олардың көмегімен бактерияларға әлдебір беткіқабатқа жабысуға жол бермейтін үшөлшемді «ою» жасауға болады. Соңғы технология арқылы бактерицидті медициналық аспаптарға, сондай-ақ компьютер клавиатурларына, телефон-коммуникаторларға, тіпті кәдімгі ыдыс-аяққа арналған жабынғы-пленка жасауға болады. Сонда оларға зиянды микроағзалар беки алмайды. Қазіргі кезде машинаның майына пластикалық нанобөлшектер қосу бастады, осының арқасында үйкелу коэффициенті төмендеуде. Нанотехнологиялар арқасында болаттай берік алюминий де жасалынуда.
Бақыт Көмекбайұлы
Дерек көзі: abctv.kz