Келесі апта екі жыл бұрын Еуропаны елеңдеткен ұлттық құрамамыздың жолына тағы да көз тігетін боламыз. Какау шәкірттері 30 қаңтар Словенияның Любляна қаласында басталатын Еуропа чемпионатында бақ сынайды.
Осымен 11-ші рет ұйымдастырылып отырған Еуропа біріншілігіне 12 құрама қатысады. Арнайы іріктеуден өтіп сараланған саңлықтар Еуропаның жаңа чемпионын анықтайтын болады. Осы жерде Еуропа чемпионы деген құрметті атаққа Испания(7), Италия(2), Ресей(1) сында үш құраманың ғана қолы жеткенін айта кетейік.
Құрамамыздан қандай нәтиже күтеміз?
Өзінің дебюттық чемпионатында-ақ жүлдеге іліккен құрамамыздан жанкүйер қауым жақсы нәтиже күтеді. Осы жолы да керемет өнер көрсетеді, кемінде екі жыл бұрынғы көрсеткіштен төмендемейді деп үміттенеді.
Бірақ, бәрімізге біздің құраманың бұрынғыдай қуатты емес екенін мойындауға тура келеді. Бұның басты себебі, Қазақстан құрамасын биік белеске бастаған Рикардо Камара Собрал (Какау) мырзамен байланысты. Бразилиялық маман былтыр қаңтарда құрамадағы қызметінен кетіп, қыркүйекте қайта оралды. Осы аралықта бас командамыз сәл босаңсып, бабын да жоғалтыңқырап алды.
Екіншіден, команданың басты ойыншыларында аздап тоқырау бар. Мәселен, Сүлейменовтің сәл жасы ұлғайды, Есенамановты жарақаты мазалап жүр. Ал Лео мен Дугластің бабы да бұрынғыдай емес. Осындай сәтте олардың ізін жалғап әкетер деген жас футзалшыларымыз да көз қуантпайды.
Десе де, «жыланды үш кессе де кесерткілік» деген бар. Біздің жігіттер тәжірибелі бапкердің бастауымен еуропалықтарға тізесін тағы бір батырады деп үміттенеміз.
Топта қандай қарсыласқа тап болдық?
Қазақстан құрамасы Ресей және Польша елінің футзалшыларымен бірге «В» тобында бақ сынайды. Топта алғашқы екі орынды иеленген командалар плей-офф сатысына жолдама алатын болады.
Ресей құрамасы
Еуропа чемпионатында алған жүлдесі Испаниядан ғана аз. Бір алтын, бес күміс, екі қола медаль иегері. 2016 жылғы Еропа чемпионатының да, Әлем чемпионатының да күміс жүлдегері. Бір ауыз сөзбен айтқанда өте мықты қарсылас.
Біздің Еуропа чемпионатындағы алғашқы кездесуіміз осы Ресей құрамасына қарсы өткен. Белградда да бір топта өнер көрсеттік. Ол кезде тәжірибеміздің аздығынан 2:1 есебімен есе жіберіп алғанбыз. Сөйтіп, топта екінші орын алып қалдық та, плей-офф кезеңінде Италия, Испания сынды қиын қарсыластарға тап болдық.
Осы жолғы жарыс кетсесі бізге ыңғайлы. Алдымен Ресей мен Польша кездеседі. Осы ойынның нәтижесіне қарап жұмыс жасауымызға болады. Сәл әлсіздеу Польша құрамасын Ресейге қарағанда ірі есеппен ұтып, соңғы ойында тең ойнасақ та топта бірінші орын алуға болады.
Польша құрамасы
Поляктар командасы да бізге жат емес. 2016 жылғы Әлем чемпионатына дәл осы құраманы жеңіп жолдама алған болатынбыз.
Бұлар да біз секілді Еуропа чемпионатына екінші мәрте қатысқалы отыр. Алғаш рет 2001 жылы қатысқанымен топтық кезеңнен әрі аса алмаған.
Бұл көрсеткіштеріне қарап Польша құрамасын қалпақпен-ақ ұрып алатын қарсылас деп қарауға болмайды. Еуропа чемпионатына кез-келген команда басқаларға оңай олжа болайық деп келмейді. Бірақ, топта бірінші орын алып, плей-офф сатысында әлсіздеу командамен кездесуден үмітіміз болса, Поляктарды сөзсіз ұтуымыз керек.
Топтан шықсақ бізді кім күтіп тұр?
Біздің топтан плей-оффқа шыққан командалар «A» тобынан оза шапқан екі құрамамен кездесетін болады. Ол топта Словения, Италия, Сербия құрамалары орналасқан.
Егер өз тобымыздан бірінші болып шықсақ «A» тобының екінші орын алған командасымен кездесеміз. Ол команда Словения не Сербия болып қалуы әбден мүмкін. Ал, екінші орын алсақ онда «A» тобының жеңімпазымен жолығамыз. Ал, ол Италия құрамасы болу мүмкіндігі жоғары. Немесе, осы екі мүмкіндік керісінше болады.
Ал топтан бірінші болып шығып, ширек финалдан да сәтті өтсек, жартылай финалда С2 - D1 жұбының жеңімпазымен жолығамыз. Егер, топтан екінші орынмен шығып A1-ден өтсек, C1 - D2 кездесуінің мықтысымен финалдың жолдамасын сарапқа саламыз.
Қуаныш Қаппас
©prosports.kz