Қалай болғанда да қалың қазақ қауымы бокс пен ауыр атлетикаға зор үміттерін артты. Зілтемірші И.Ильиннің қатыса алмауы бәріміздің көңілімізге қаяу түсірген еді. Риода Данияр бастаған боксшыларымыз тамаша өнер көрсетті, қыздарымыз да олардан қалмауға тырысты. Қабақ жарылып, мұрын қанап бокстан 1 алтын, 2 күміс, 2 қола олжаладық. Бірақ сол төгілген тер мен жұмсалған күш-қайрат әділетті түрде оң бағасын ала алды ма?! Меніңше жоқ…
Бұл әділетсіздікке толы Олимпиада болды десем, көпшілігіңіз келісерсіздер. Себебі «бокстың қорытындылары Олимпиада басталмай тұрып, әу баста-ақ келісіліп қойылған» деген уәжді оқығанда біз сенбегенбіз. Жарыс басталмас бұрын АИБА бокс қауымдастығының «Инстаграмм» желісіне жарияланған жазбасы мынадай:
«Сәлеметсіздер ме, Қазақстандық бокс жанкүйерлері! Біз АИБА бокс қауымдастығы, айтқымыз келетіні бұл олимпиадада медалдар кімге берілетіні шешіліп қойған. Капитандарыңыз Д.Елеусінов чемпион атанады, ал В.Левит финалда Ресей боксшысы Е.Тищенкоға ұтылуы тиіс. Ә.Ниязымбетов те күміс алады, И.Дычкоға біз қола медалын дайындап қойдық. Жалындап тұрған Қ.Ералиевті, О.Саттыбайұлын, Ж.Әлімханұлын жолдан тайдыру біздің жоспарымызда. Әрине бұның бәрі бизнес. Құрметпен АИБА бокс қауымдастығы».
Осы жазбаны көргенде әрине сенбегеніміз рас. Ал рас болса ашықтан-ашық қазақ жанкүйерлерін қорлау, намысына тию мақсатында жарияланғаны деп білемін. Бұдан кейін «сонда келісіп қойылған болса боксшыларымыз құр босқа барып, несіне тер төгеді? Әлде бұл қойылым ба?» деген ой басыма жылт етті. Көңілге күмән ұяласа да, жарыстың аяғына дейін шыдап, осы жекпе-жектерді амалсыз көрдік. Қолымыздан не келмек? В.Левит пен Е.Тищенконың арасындағы боксты көріп, ішімізді мысық тырналады. В.Левит айқын басымдықпен ұтып тұрғанда, орыс боксшысына жеңісті берді. Айқайлап-айқайлап қойдық, сотқа беріп, істің аяғына дейін жетіп жатқан әзірге ешкім жоқ.
Бұл әділетсіздік 1988 жылы Сеулде болған олимпиаданы еріксіз еске түсіреді. Американдық Рой Джонс пен корейлік Парк Си Хун финалда шаршы алаңда кездесті. Р.Джонс корейлікті бірінші секундтан бастап толассыз соққының астына алған еді. Корейлік боксшы екі аяқта тәлтіректеп әрең тұрып, ақтық гонг сыңғырына дейін шыдай алды. Бірақ нағыз әділетсіздік осы кезде болды, төреші Парк Си Хунның қолын көтерді. Залдың іші жанкүйерлердің гуіліне толды, алайда бәрі осымен біткен болатын… Араға он жыл салып олимпиада басшылары кешірім сұрап, Р.Джонсқа алтын медалын әкеліп берді. Кім біледі, мүмкін В.Левиттің алтын алқасын бірталай жылдан кейін қайта әкеп берер? Бірақ не пайда, «темірді қызған кезінде соқ» дейді ғой қазақ атамыз. Сондықтан әділеттілік олимпиада кезінде салтанат құрғаны жақсы емес пе?!
Иә, осындай төрешілердің әділетсіздіктері, келісіп қойған жекпе-жектер «спорт» деген ғаламат өнерге үлкен қара дақ түсіретіні хақ. Бұны тоқтату қиынға соғады, ең бірінші адам қалтасын қомпайту үшін емес, әділеттілікті ту етіп, өзінің арын, ұятын сақтап бару керек. Әйтпесе қаншама спортшылардың, жанкүйерлердің қарғысына қалатыны айшықты нәрсе. Бір тілейтінім олимпиада әділетті, шыншыл түрде өтіп, оң бағасын алса екен деген игі тілек үстіндеміз. Алдағы Токио 2020 олимпиадасында жолыққанша аман болайық, құрметті Қазақстандық жанкүйерлер!
Нұржан Айғали
© elana.kz