29 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.
«Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Қазақстанда соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін еске салды.
«Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін».
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.
Бұл орайда Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігінің «Рухани жаңғыру» КММ басшысы Абылайхан Қалназаров былай деді:
«Ел тарихындағы екінші Референдум арқылы Конституцияның үлкен бөлігіне өзгерістер жасалмақшы. 1995 жылғы бірінші Референдум толықтырулары уақыт жағынан өз міндетін атқарды. Бұл биліктің бүкіл тармақтарының жұмысын оңтайландыру мен оптимизациялау, өзара жұмысын қайта қарастыру мен құзірет бөлісуге жол ашпақ. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге өту үдерісіне басымдық берілмек. Яғни бұл мемлекеттің болашақ моделін анықтауға тиісінше жаңа да тиімді саяси мәдениет қалыптауға мүмкіндік бергелі отыр. Осының ішінде сайлау, шешім қабылдаудағы демократияшылдық, азаматтардың бастамашылдығы, бәрі-бәрі бұрынғыдан да өзектендіріледі.
Мемлекет басшысының осынау билік пен қоғамның өзара ықпалдасу тетіктерін қайта қарастыруды көздейтін ұсынысы уақыт талабы. Көпшілік халық та оған қатысты өз пікірін, ұсынымдарын бермек. Бұл дұрыс. Ортаға салынып, талқыланған дүние әбден піседі, нақты керекті дүниелер қалады. Референдум деген институттың басты құндылығы да сол. Бір жағынан бұл ел ішінде референдум мәдениеті мен үдерісін одан әрі тамырлата түсуге де сеп болмақ. Халықтың өзінің заң шығарушылық бағыттағы құқықтарын да іске асыруға деген талпынысын жаңа сапалық деңгейге көтереді».
Отырысқа қатысушылар референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі рөлін қарастырды, сондай-ақ дауыс беру қорытындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететініне талдау жасады.