Бейсембаев Ғани Бектайұлы 1969 жылы 3 маусымда дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетін қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған, PhD докторы. Білім-ғылым саласының мәселелерін көтеріп келе жатқан қоғам қайраткері.
Ұстаздық еңбек жолында әр жылдары Алматы облысының орта мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Бертін келе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында ғылыми хатшы, Алматы облысы Қапшағай қалалық білім бөлімінің басшысы, Алматы қаласындағы Қосымша білім беру орталығының және Техника-экономикалық колледжінің директоры, сондай-ақ EDTECH Халықаралық білім орталығының басшысы қызмет сатыларынан өтті.
Бұдан бөлек Ғани Бектайұлы Тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігі кеңесі мен ЖОО-ды Бақылау кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Білім және ғылым, балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің және түрлі республикалық және халықаралық комиссиялар мен кеңестерде сарапшы болды. Осы қатарда білім саласына қатысты түрлі телехабарлардың, радио бағдарламаларының авторы және жүргізушісі әрі ғылыми кеңесшісі болғанын атап өткен жөн.
Республикалық БАҚ пен педагогикалық басылымдарда 50-ге жуық ғылыми мақаласы жарияланған, Қазақстан Республикасы мемлекеттік орта білім стандартын (1998 ж – қазақ тілі), 9 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті бойынша хрестоматия, оқушыларға арналған «Мамандық таңдау кілті» оқу-әдістемелік құралын, ересектерге арналған «Кәсіби бағдарлау» әдістемелік кешенді жүйесін, «Импакт-фактор»: цитатаны талдау және оның ғылым әлеміндегі рөлі», «Жастарға патриоттық тәрбие беру моделі» әдістемелік құралдарын, «Жаппай білім берумен қамту» оқушылардың қозғалысын мониторингілеудің автоматты жүйесін, ҚР Жоғары оқу орнына даярлаудың технологиясын әзірлеуге үлес қосты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медалдарымен, сондай-ақ Мемлекет басшысының алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасы білім ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметін атқарды.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы – академиялық еркіндікті кеңейту және әлеуметтік жауапкершілікті көтеру негізінде білімнің қазіргі парадигмасын ілгерілету үшін барлық мүдделі тараптарды нығайтатын республикалық ғылыми-педагогикалық орталық. Ұйым міндетіне еліміздің білім беру саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, психологиялық-педагогикалық зерттеулердің нәтижелерін білім берудің нақты тәжірибесіне енгізу мен білім берудің барлық деңгейлерінің нормативтік құқықтық базасын әзірлеуді үйлестіру, педагогикалық білім берудің теориясы мен тәжірибесін дамытуға ықпал ету, үздік отандық және әлемдік педагогикалық тәжірибелерді аккумуляциялау, үйлестіру және бөлісу кіреді.