Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалап, толықтырудың аса маңызды міндет екендігін атап өтті.
Президент өз сөзінде: «Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек» деп, Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Осыны баса айтқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғ.Бейсембаев бүгінгі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«2020-2025 жылдарға арналған Білім беру ұйымдарының кітапханаларын перспективалық дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Оның өзектілігі заманауи ақпараттық орталықтар ретінде кітапханалардың жұмысында түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттілігі. Жол картасында көрсетілген іс-шаралардың басты мақсаты – білім беру ұйымдары кітапханаларының қызметін жаңғырту кезінде білім мен ғылымның тұрақты дамуы үшін жағдай жасау», – деді спикер.
Орталық директорының айтуынша, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Жол картасының міндеттері мынадай:
Біріншіден, көркем әдебиеттің электронды базасын қалыптастыру және негізгі кітапхана қорын толықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу.
Екіншіден, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту; білім беру ұйымдары кітапханаларының мамандарын ынталандыру және мотивациялау.
Үшіншіден, компьютерлік парктің материалдық-техникалық базасын нығайту және жүйелі жаңарту.
Төртіншіден, білім беру ұйымдары кітапханаларының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру.
Бесіншіден, сандық технологияларды дамыту және оқу дағдыларына қызығушылықты арттыру үшін кітапханаларда ІТ, Coworking, STEM орталықтарын ашу. Сол арқылы кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктеріне ие болу.
Айта кетейік, шара барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Испусинова, сондай-ақ, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте кітапханалар жұмысын оңтайландыру мен өскелең ұрпақтың кітап оқу сауаттылығын арттыру бойынша сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Суреттерге сілтеме: https://photos.app.goo.gl/EBVkXZgwnKzo3ELB7
Көрсетілім сілтемелері: https://www.youtube.com/user/ortcomkz https://ru-ru.facebook.com/ortcomkz