Оған портал тілшісі: "Мемлекет халқымыз үшін дәстүрлі емес әртүрлі діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруына не үшін мүмкіндік береді? Оларды неге тіркемей қоймасқа?" деп сұрақ қойған болатын. Өз кезегінде, ұзақ жылдардан бері дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органда, одан бөлек, білім беру және ғылым саласында да біршама уақыт қызмет істеген білікті маман:
– Енді мен қарсы сұрақ қояйын, неге бермеске? Бұл жерде мемлекет өте қарапайым және маңызды ұстанымды – діннің сенім екенін басшылыққа алады. Яғни, мемлекет азаматтардың қай дінге сеніп-сенбеу керек екендігіне нұсқау бермейді. Азаматтардың дінге сенуі не сенбеуі – олардың конституциялық құқығы. Осы тұрғыдан келер болсақ, біздің қоғамымызда сан ғасырлардан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан діндермен қатар, қазіргі күнде жаңа діндер де бой көрсетуде. Бұл – объективті нақтылық. Қазақстан конституциялық тұрғыдан зайырлы мемлекет болып табылады. Бұл мемлекет заңда көзделгеннен басқа жағдайларда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды дегенді білдіреді. Мемлекеттің бұл жердегі ең басты талабы нақты – діни бірлестіктер тіркеліп, заңды қызмет атқарса жеткілікті. Мен осы жерде қоғам тарапынан туындап отыратын жоғарыдағыдай сұрақтарды, көп жағдайда, қазіргі күндегі заманауи әлемнің табиғатын түсінбеушіліктен туындайтын қарапайым эгоизм деп қабылдаймын, - деп жауап берді.
Сондай-ақ, М.Иманбаев сұқбатында мұны шынайы түсіну керектігін атай отырып, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде және адам құқы мен бостандығын қамтамасыз етуге жауапкершілік алған мемлекет ретінде басқа діни сенімді ұстанатын адамдарға және олардың мүддесін білдіретін діни субъектілерге шеттету көрсете алмайтынын қадап айтты.
Оның айтуынша, бұл да – мемлекеттің саналы таңдауы.