Әрине, олар бүгінде эмигранттар деп аталады. Бірақ эмигранттардың қолымен Ескі Дүниеден Америка Құрама Штаттарының, Канаданың, Австралияның ен байлығы жасалды. Шотландтық Лермонт пен абиссиниялық Ганибалдың ұрпақтары Ресейдің ұлы ақындары болды, итальян шеберлері Кремль соборларын, Санкт-Петербургтың сарайларын салды.
«Эмигрант» сөзі қазақ тіліне де сіңісіп кетті. Қытай мен Түркияны, Иран мен Германияны, қысқасы дүниенің төрт бұрышын мекендеген миллиондаған қазақ эмигрант саналады. Бірақ олар туыстық, қандастық қасиетін жоймаған жандар. Тілін, дінін, салт-дәстүрін көздің қарашығындай сақтап келе жатқан ұрпақ. Өз жеріне, өз еліне сыймай кеткені үшін олар кінәлі ме? Ал сүттей ұйып отырған бір қауым елді қуған, сыйғызбаған, тоз-тозын шығарған кім?
Міне, бұл да ойланарлық мәселе, сабақ аларлық тарих. Сөз төркінінде осындай сыр, тарих бар. Әйтпесе, жат жұрттардың мәдениетін көтерісіп, экономикасын күшейтіп жүрген бауырларымыз күш-қайратын, ақыл-ойын өз халқының игілігіне жұмсамас па еді.