«Еліміз Тәуелсіздігін 1991 жылы алды ғой, соның алдында бірталай жиындар болды, бірақ «Еліміз Тәуелсіздігін алғалы жатыр» деп бізге ешкім айтқан жоқ. 1991 жылы Кеңес Одағындағы 15 республика біртіндеп бөліне бастады. Үлкен пікірталастар болып жатты. Көптеген айтыс-тартыстар болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көкейімізде «Кімнен тәуелсіз боламыз? Неден тәуелсіз боламыз? Қалай тәуелсіз боламыз?» деген сауал тұрды. Бірақ біреуге бағыныштылық, біреуге қызмет жасау, біреудің барлық айтқанын істеп отыру – қазақ халқына жат нәрсе. Қазақ – еркін, әсіресе, ой еркіндігін жоғары ұстаған данышпан халық. Кең, Ұлы далада атына мініп, қымыз-шұбатын ішіп бостандықта жүрген, біреуге бағыныштылықты өте жек көретін халық. Кеңес Одағы кезінде тәуелділіктің зиянын көп көрдік. Түрлі саяси науқандарды бастан өткіздік. Ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысында қаншама адамымыздан айырылдық. Бізді атты, өлтірді. Енді Құдайға шүкір, өз еліміз, өз жеріміз, өз Конституциямыз, өз Президентіміз бар. Сол кездері өз мемлекеттік құрылымымыз болады деп қуандық» деген ақсақал сұхбатында.
«Тәуелсіздік алған кезімізде елде көптеген этностардың өкілдері болды. Бір этностан тұратын мемлекет жер бетінде жоқ. Кеңес Одағы кезінде ең этносы аз мемлекет Армения болды. Армяндардың үлесі 90 пайыздан асатын. Елімізде 136 этностың өкілі тұрды. Қазақстанды кезінде көпұлтты мемлекет деп жүрді. Бұл қателік. Ұлт – біреу, ол – қазақ ұлты. Этностар көп болды. Шындығына келгенде, біз – көпэтносты мемлекетпіз.
Еліміз Тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Алғашқы Президентіміз болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Біз құқықтық мемлекет болу жолын таңдадық. Біздегі негізгі принциптер – құқықтық принциптер.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында екпін күшті болды. Жұрттың бәрі ерекше бір сезімде жүрді. Жоғары ынта-ықыласта, керемет, көтеріңкі көңіл күйде болды. Хрущев 60-жылдары «Бүгінгі жастар 80-жылдары коммунизмде өмір сүреді» дейтін. Ол жай әншейін сағым болып қалды» деп толықтырған ойын ол.
Ғалымның айтуынша, ол кезде алдымызда «Тәуелсіз Қазақстанның жағдайы қалай болады? Мемлекетті қалай құру керек? Оның идеологиясы бола ма?» деген сұрақтар көлденең тұрды. Әбден идеологиядан таяқ жеп, зәрезап болған еліміз идеология деген сөздің өзінен шошыды. Біразға дейін «Ресейге қайта қосылайық» дегендер де болды. Көпэтносты мемлекет болған соң, олардың басын біріктіру де қиынға соқты. 130-дан астам этносы бар мемлекет – күрделі мемлекет. Әр этностың өзінің мінез-құлқы бар, өзіне көңіл бөлгенді жақсы көреді. Әсіресе, орыс ұлты өздеріне ерекше көңіл бөлуді қалады. Қазақ тілінің халі мүшкіл болды. Депутаттарды сайлап, Парламент құрылды. Инфляция шарықтап тұрды. Ақша құнсызданып, қағаз болып қалды. Рубльді ұлттық валюта – теңгеге ауыстыру керек болды. Тәуелсіздіктің бір нышаны – ұлттық валюта. Төл теңгемізді айналымға енгізу үшін де қаншама еңбек жасалды. Бұл құпия түрде іске асырылды, бірақ бәрі сәтімен болды.
«Тәуелсіздік алған алғашқы кезде «Болды, еркінбіз, керемет жағдайға тап боламыз» деп ойлағанмен, шын мәнінде түк болмады. Қоғамда бірлік болмады, талас-тартыстар, қылмыс күшейіп кетті. Алғашқы жылдары бізге өте қиын тиді. Бәрін нөлден бастауға тура келді. Ең алдымен, мемлекеттің шекарасын айқындап алуға үлкен жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттің әскері, полициясы құрылды. Мемлекеттік тіл мәселесі де қоғамда үлкен талқылауға түсті. «Мемлекеттік тіл екі тіл болсын, бірі – қазақ тілі, екіншісі – орыс тілі» дегенді құптағандар көп болды. Тіпті қазақтардың көбі осы ұсынысты қолдады. Орыстанған қазақтардың көп болғаны жасырын емес. Осындай жағдайлар қазақтар мен орыстардың арасында үлкен қақтығыстың орын алуына дейін алып келіп, әзер дегенде басылды. Шынында да, Тәуелсіздік алғалы бері көптеген жұмыстар істелді» деп түйіндеген Ә.Нысанбаев.