«Исламның игі жолы» немесе Каримовтың орнына кім келуі мүмкін?
01.09.2016, 19:05

«Исламның игі жолы» немесе Каримовтың орнына кім келуі мүмкін?

Берік Бейсенұлы Берік Бейсенұлы http://aikyn.kz

Соңғы бір аптадан бері әсіресе, ТМД көлеміндегі БАҚ пен электронды интернет басылымдар бір-ақ нәрсені жете қозғап, терең зерттеу үстінде.

Болжам әртүрлі, ал сауал біреу-ақ: Миына қан құйылып, төсек тартып жатқан «Ислам Каримовтың орнына кім келуі мүмкін?».
Ақиқатында ТМД көлеміндегі саясаткерлерді бұл мәселенің алаңдататындай жөні бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, өз мүддесі тұрғысынан ғана саясат жүргізетін өзбек билігінің бүгінгі бет-бейнесі шындығында Каримовтың арқасында ғана жүзеге асқанын мойындауымыз керек. Мейлі, ел жабық жағдайда өмір сүрсін, бірақ Каримов сыртқы және ішкі саясатта мемлекеттің өз «менін» қалыптастырды. Басқа алпауыт елдерді мойындатты. Шусыз, дақпыртсыз. Ұрандатпай- ақ өзбек экономикасын, өзбек брендін қалпына келтіріп, дамытты. Сыртқы елдердің саяси шылауына ерген жоқ. Қайта өз мүддесі тұрғысынан өзбек саясатынын бекем екенін ұғындырды. Бір ғана мәселе, ТМД-ның бірқатар елдері кіретін Ұжымдық қауіпсіздің ұйымына керек кезде Каримов кірді, ал оның керексіз екенін ұғынғанда ешкімге ескертпестен шығып кетіп отырды. Мұның өзі ешкімге жалтақтамай ресми Ташкенттің сыртқы саясатта еркін өмір сүре алатынан көрсетті. Ал қажет болған уақытта Ауғанстандағы жағдайдың күрделенуіне байланысты өз елінде Өзбекстан АҚШ-тың әскери базасын орналастырды. Ал керексіз болған сәтте ресми Ташкент Вашингтоннан елдегі әскери базаны алып кетуді талап етті. Тіпті әлем ойыншылары алғашқы кезде «Каримов билігінің саясатын түсіну қиын, оларға тұрақты түрде сеніммен қарауға болмайды» деп те тон пішіп, пікір айтқан. Ал ақиқатында, ресми Ташкент өзбектік мүдде тұрғысынан ғана өз саясатын жүргізді. Мұның барлығы ақырында өз жемісін берді. Туризм мықты дамыды, елдегі халықтың 40-50 пайызға жуығы шағын және орта кәсіппен айналысады, сыртқы елдерде жүрген өзбек гастарбайтерлері елге миллиардтап ақша аударып жатыр. Қазір ел бір тілде ғана сөйлейді. Қысқаша айтқанда, Өзбекстан мемлекеттік қалыптасудың барлық формаларын сақтай отырып, Орта Азиядағы жетекші елдердің біріне айналды. Еуразиялық экономикалық Одаққа кіруден үзілді кесілді бас тартқан Өзбекстан өз жолы болды. Еңбекқор өзбек халқы қанша авторитарлық режимде өмір сүрсе де, «Исламның игі жолымен жүрді», оның қатаң әрі қасаң саясатына көнді. Соның нәтижесінде елде темірдей тәртіп орнады. Тіпті бауырлас болып келетін түрік идеяларының өзін Өзбекстанға енгізбеген Каримов тоқсаныншы жылдардың ортасында кең көлемде ашылған өзбек-түрік лицейлерін бірден жапты. Шекарасын әсірелеп айтқанда, шыбын да өткізбейтін дәрежеге жеткізіп, тас ғып бекітті, мықтады. Каримов діндарлары тоғысқан елді радикалды сипатқа жеткізбей, зайырлы мемлекет құрған саясаткер тұлға ретінде бәрібір тарихта қалады. Өйткені Өзбекстан шекарасының арғы жағынан саясаттың исі мүңкиді. Ал мемлекеттің іргетасын құлататын, елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін діни теріс ағымдарды мүлде елге жолатпаған Каримов билігінің дұрыс екенін осындайда анық сезінесің. 2005 жылғы орын алған «Әндіжан қырғынын» ресми Ташкент күшпен басты. Алаңға жиналған радикалдарды аяған жоқ, ұрды-соқты. Аяусыз қырды. Сол кезде Каримовты кінәлағандар да болды. Бірақ өзбек өз мемлекеттілігін сақтап қалды. Ауғанстан, Пәкістан, Иран мен Сирияда, Ливияда тәліптер және  ДАИШ тобы мен радикалдық исламдық ұйымның өкілдері алпауыт елдердің айтақтауымен ойнақ салып жүрсе, Өзбекстанның шекарасынан олар сығалап қарай алған да жоқ. Мұның барлығы да ішкі саясатты реттеп, сыртқы бағдарда өзбектердің өз мүддесін қалыптастыра алғанын көрсетті. Елді дамытудағы саясат қатқыл болса да «Исламның игі жолының» ақырында елге игілік әкелгенін дәлелдеді.
Бұл Өзбекстанды 25 жыл басқарған Ислам Каримовтың келешек үшін жасаған қадамы. Отандық экономиканы өрістетіп, сыртқы халықаралық қаржы ұйымдарына қарызы болмаған елдің ендігі тағдыры қандай болады? Саясаты сәл босаңсыса, тамры терең діндер елде дүрдараздық басталып кетпей ме? Әлеуеті әлсіресе, Орта Азия алаңында сыртқы ойыншылар ойнақ салып кетпей ме? Ислам Каримовтың орнына кім келуі мүмкін? Алаңдаушылыққа ұласып отырған сауалдардың тікелей қойылуында соншама мазасыздық жатқанын бүгін толық түсінуге болады.
Бірақ Каримовтың орнына кім келсе де, бүгінгі ұстанған саясатты жалғастыруы керек. Өйткені өзбек билігіне осал болуға болмайды. Билігі әлсіз елге әркім әкіреңдейді. Қырғызстандағы жағдай соның толық бір дәлелі. Сондықтан ізбасар-перезидент Каримов саясатынан бұрыс кетпейді. Бірақ оның орнына кім келуі мүмкін? Сарапшылар мен саяси жауырыншылардың болжамы әртүрлі. Өзбек конституциясына сәйкес президент өз өкілетін жүзеге асыра алмаған жағдайда парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы үш ай мемлекет басшысының міндетін атқарады. Бүгінде бұл қызметте көпшілікке онша белгісіз Нигматулла Юлдашев отыр. Сарапшылар «ол жасанды тұлға» дейді. Сондықтан одан үміт жоқ. Ендігі үміткер ретінде Каримовтың екі қызының аты-жөні қатар аталады. Бірақ үлкен қыз әкесі отырған жерге бара алмайды. Бірнеше жылдан бері «мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысы бар» деген күдікпен ұсталып, үйқамақта отыр. Ал кіші қызды Президенттің маңайында жүргендер жақындата қояр ма екен? Тіпті қазірдің өзінде Ислам Каримовтың жақын-жұрағаттары мен туысқандары мемлекеттік биліктен аластатылып жатыр деген дақпырт тарауда.
Қалай айтқанда да, Каримовтың орнына келетін кандидаттарға қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Бірақ Исламның орнына келетін үміткер туралы «Азаттық» радиосы кешелі- бері мынайдай ақпарат таратты.
«Көпшіліктің пайымдауынша, 2003 жылдан бері үкіметті басқарып келе жатқан 58 жастағы Шавкат Мирзияев президенттікке басты кандидат. Каримовтың туған жері Самарқанмен іргелес Жызақ аймағында дүниеге Мирзияевті өз жерлестерімен қоса Самарқандағы кландар да қолдауы мүмкін. Ислам Каримовтың ауруханаға түскенін растаған ақпаратты Мирзияев басқаратын Министрлер кабинеті таратқанын да ескерген жөн.
Билік ауысу процесі кезінде кландар маңызды рөл атқармақ. Елді қатаң тәртіппен басқарған Каримов тұсында бөтен пікір айтуға жол берілмеді, оның үстіне ол Өзбекстандағы кландарды бір-біріне айдап салып, сол арқылы жеңіске жетудің шебері болды.
Кей сарапшылар Мирзияевті агрессияға жақын тұратын ұрда-жық адам деп сипаттайды. 1996-2001 жылдары Жызақ облысының әкімі болған тұста ол аймақтағы ауыр жағдай туралы айтып шағымданған бір фермерді ұрып тастаған деген ақпарат тараған. Мирзияевтің ізбасары, маңайындағыларды ұрып, жазалаушы отряд құрды деп айыпталған Убайдулла Яманкулов кезінде қолы кісенделіп, тікұшақпен әкетілген. Мирзияев пен Яманкулов бір-біріне жақын адам болған.
Өзбекстан шенеуніктері Мирзияевті үкіметтің «ақыл-ойы» дегеннен гөрі «жұдырығы» деп есептейді. Бірақ бұл оның президенттікке ұмтылуына кедергі бола қоймайды. Кей сарапшылардың айтуынша, ол қаталдығы үшін көп сыналған Каримовтен де асып түсетін диктаторға айналуы мүмкін.
Өзбекстанда соңғы бес жылда конституция көп өзгертілді. Кей өзгерістер премьер-министрдің құзыретін қағаз жүзінде кеңейтті. Бұл өзгерістер Мирзияевтің келесі президент болу ықтималдығы жоғары екенін аңғартады.
Алайда басшылары Исмаил Журабековтың кесірінен Самарқан кланы 1990-жылдардың соңынан бері Каримовтың кәріне ұшыраған. 1980-жылдары Каримовтың Компартиядағы билік баспалдақтарымен өрлеуіне септігін тигізген Журабеков тәуелсіздік алған соң жоғары лауазымды қызметтерге ие болып, бизнеске де араласқан. Оның ықпалы өте күшті еді, кейін 1999 жылғы ақпандағы Ташкентте болған жарылысты Журабеков ұйымдастырды деген де дақпырт тараған. Көп ұзамай Журабеков зейнеттік демалысқа шығарылып, ауыл шаруашылығы министрі қызметінен босатылды.
Біраз уақыттан соң үкіметке қайтып оралған Журабеков 2004 жылға дейін түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Дегенмен Каримов пен Самарқан кланының арасындағы байланысқа сызат түсті. Журабековтың үлкен саясаттан кеткеніне де біраз болды, бірақ президент пен Самарқан кланының арасы жақсарды ма, жоқ па - ол жағы түсініксіз.
Президенттің орнын иеленуден басты үміткерлердің бірі 56 жастағы қаржы министрі Рустам Азимов. Ол - Ташкент облысында туған әрі Ташкент кланының өкілі. Азимов 1998 жылдан бері қаржы саласына қатысы бар лауазымды қызметтер атқарып келеді.
Азимов - Мирзияевқа қарағанда күрделі әрі сыртқы әлеммен қарым-қатынаста көбірек тәжірибесі бар адам. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Өзбекстан Ұлттық банкінің сыртқы байланыс бөлімін басқарған ол Еуропадағы қайта құру және даму банкімен (EBRD) келіссөздерге жауап берген.
Ең жоғары лауазымды қызметтен үміті бар үшінші кісі Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 72 жастағы басшысы Рустам Иноятов. Бұл қызметті 1995 жылдан бері атқарып келе жатқан ол Ташкент кланының өкілі саналады.
Каримовтың денсаулығы сыр берген соңғы жылдары Иноятов саясатқа көп ықпал етті дейді сарапшылар. Президенттің ықпалды кәсіпкер әрі саясаткер қызы Гүлнараны «тұқыртқан» да осы кісі деген болжам бар. Гүлнара Каримоваға қатысы бар телекоммуникациялық компаниялардағы жемқорлық туралы дау-дамай шыққан 2014 жылдан бері президенттің үлкен қызы ел алдына шықпай кетті. Кей деректерге қарағанда ол үйқамақта отыр.
Иноятовтың 70-тен асқанын ескерсек, оның президент бола қоюы екіталай, алайда оған өтпелі тұлға рөлі берілуі де мүмкін.
Иноятов патшаның тасасында жүретін адамға көбірек ұқсайды. Оның соңғы 10 жылда түскен жалғыз ғана фотосуреті бар, онда Иноятов Қытайдың қауіпсіздік саласы басшыларымен кездесіп жатыр. Ол ел назарына түскенді ұнатпайды.
Дегенмен, ешбір үміткер оның көмегінсіз Өзбекстанның келесі президенті болып сайланып, елді еш кедергісіз басқарып кете алмайды.
Кей сарапшылардың пікіріне қарағанда, Иноятовтың Мирзияевпен қарым-қатынасы жақсы, сондықтан ол қазіргі үкімет басшысының кандидатурасын қолдайды. Оның үстіне Журабеков биліктен кеткен соң Иноятовтың ықпалы күшейе түскен, әрі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы ретінде ол Самарқан кланының осал тұстарын тауып, оларды таққа жолатпауы мүмкін.
Екеуі де Ташкент кланының өкілдері болғандықтан, Иноятов Азимовқа қолдау білдірсе, мұнысы қисынға келер еді. Дегенмен кландар арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте қиын. Осыған дейін самарқандық президент Ташкент кланының ықпал етуіне жол беріп, теңгерме саясат жүргізіп келген. Осы «бейбітшілікті» сақтау үшін ғана Азимовтың кандидатурасы өтпей қалуы мүмкін».
Міне болжамдар мен пікірлерге негізделген әңгіме. Бірақ шын мәнінде ендігі саяси өзгеріс, елдің дамуы мен қауіпсіздігі және тұрақтылығы Каримовтың орнына келетін адамға байланысты болмақ.
Бірақ көпшіліктің пікірін сараптап қарасақ, Өзбекстанның қазіргі премьері Шавкат Мирзияевтың басқаларға қарағанда мүмкіндігі молырақ сияқты. Өзбек саясаттанушысы Даниал Каримов мәскеулік басылымдарға берген сұхбатында кандаидаттың кім екенін нақты айтты.
- ¬«Шын мәнінде Президент ауыр халде жатыр. Бұған дейін ол бірнеше рет инсульт алса да, ресми біилік ол туралы мүлде мәлім етпеген. Ал бұл жолы Министрлер кабинетінің өзі хабарлады. Демек бұл қазіргі жағдайдың күрделі екендігін білдіреді. Мүмкін «Брежневтік нұсқа да» орын алуы ықтимал. Өйткені халық Бас хатшының өлімі туралы бірнеше күн өткен соң ғана білді. Ал ізбасарлыққа келетін болсақ, ол қазірден белгілі. Ол 2003 жылдан бері осы қызметте келе жатқан үкімет басшысы ¬- Шавкат Мирзияев. Ол элиталық топта беделі жоғары тұлға және президентке жақын болған адам. Ал басқару жүйесі конституциялық негізде жүзеге асады, Сенат төрағасы уақытша президент болады, ол ешкімге белгісіз тұлға. Ал содан кейін билікке заңдылыққа сәйкес, халық таңдауымен Шавкат Мирзияев келеді», - дейді саясатанушы.
...Бәрін уақыт көрсетер. Бірақ елдің барлығы да ресми Ташкентке қарап, алаңдап отырғаны ақиқат.

 

Берік Бейсенұлы

© http://aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер