5 жыл мораторий – жер комиссиясының жеңісі ме, жеңілісі ме?
26.08.2016, 22:18

5 жыл мораторий – жер комиссиясының жеңісі ме, жеңілісі ме?

Үш ай кеңесіп, елді шарлап шыққан жер комиссиясы сол баяғы жартасқа кеп тірелді. Жер кодексіндегі жұртшылық наразылығын тудырған тұстар өзгерген жоқ. Тек оған жарияланған мораторий мерзімі бес жылға ұзартылды. Осы уақыт ішінде бұл тақырып төңірегіндегі таластың да күші саябырсыды. Халықтың да көңілі бірте-бірте бәсеңдеді. Халық атынан сөз сұраған белсенділердің де бейілі бұрынғыдай болмай қалды. Тек сол комиссия қабылдаған, әзірге заңдық күші жоқ, бірнеше тараудан тұратын шешімді ғана жанға қуат, көңілге медет тұтып, қанағаттануына тура келді.

Түбі бір тоқсан сөз

Дәлірегі, тоқсан күн кеңескен жер реформасы жөніндегі Комиссия 10 ұсыныстан тұратын тізімді жария етті. Оның тобықтай түйіні төмендегіше: комиссия ауыл шаруашылығы жерлерін заңды және жеке тұлғаларға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беруді сақтап қалуды ұсынды. Тек жердің тиімді игерілуін бақылау үшін бастапқы бес жылда әр жыл сайын, кейін үш жылда бір тексеріп отыру қажет деген байламға келді. Оған қоса, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру шараларының ашық және жария түрде өтуін қамтамасыз ету мақсатында конкурстық комиссия құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін енгізуді ұсыныпты.

Хош, делік. Бұдан қарашаға келер пайда қандай? Конкурстық комиссия құрамына өкілі енетін ол нендей қоғамдық бірлестік? Жыл сайын жұмысына әкімдіктен грант алып отыратын бірлестіктер ме әлде ауыл шаруашылығы жерлерін қолданушылардың мүддесін қорғайтын арнайы бір мемлекеттік емес ұйым құрыла ма? Тағы бір сауал: ол құрамды кім жасақтайды? Әкім бе халық па? Егер әкімдер болса, онда сол әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің қазіргі құрамы мен қауқарына қараңыз да ой түйе беріңіз...

Жер комиссиясы жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін белгілеуді де ұсынып отыр. Ал, ауыл-аймақтың айналасындағы жерді жалға беруге тыйым салу керек. Ол үшін елдімекен айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдары айқындалуын қажет деп шешілді. Комиссия қабылдаған шешімнің бір тармағы баспаналы болу үшін бір жапырақ жерге қат боп отырған қарашаға жағымды болуы мүмкін. Олардың саны бүгінде ел бойынша милионнан асқан. Ол үшін жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін беруді мемлекеттік мұқтаждық санатына жатқызу ұсынылды. Ал, оны жүзеге асыру үшін әкімдіктердің ЖТҚ-на арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алуына мүмкіндік беру қажет. Бұл онсыз да халық сенімін селдіреткен атқамінерлердің қазына қаржысын қымқыруына тағы бір жол ашып бермей ме? Онсыз да кезінде мемлекеттік қордағы жерді алу үшін халық әкімқараға бара бергенше пара беретіні жасырын емес. Енді сол жерлерді әкімдік сатып алатын болса тағы да жер телімдерінің бағасы қымбаттайтыны айдан анық. Бәлкім, кезінде мыңдаған гектар жерді жамбасына басып қалғандардың көздегені де осы шығар: мемкадастр бойынша болмашы ақшаға сатып алған жерді, әкімдікке қымбат бағаға сату?

Ұсыныстар Парламентке жолданады. Оларды Президент құптаған жағдайда жер реформасы жөніндегі Комиссия жұмысын тоқтатуы тиіс еді. Әзірге, ұсынылған он тармақтың тек біреуі ғана тез қабылданды. Жер кодексінің кей нормаларына мораторий тағы бес жылға ұзартылды. Осымен, Президенттің тапсырмасымен құрылған жер реформасы жөніндегі Комиссиияның миссиясы бітті! Тек көңілде алакөлеңке әлдененің табы қалып қойды.

Мақсат – мораторийді создыру ма еді?

Жер комиссиясының жұмысына сол жиынның ортасында жүргендердің өздерінің көңілдері толмай қалды. Бастан аяқ істің басы-қасында жүрген саясаткер Айдос Сарым комиссия қорытындысын елге айтуға ұят депті.

«Үш ай бойғы жұмыстағы біздің бар нәтижеміз мораторийді созу ғана ма? Мұны елге айтудың өзі ұят секілді. Менің ұсынысым, екі-үш топты қалдырып, халыққа осы мәселені түсіндіретін бір құжат әзірлеу керек. Біз үш ай бойы осынша әңгіме айтып, халықпен жүздесіп, енді Елбасыға осындай ұсыныс айтуымыз ұят. Сондықтан, мынадай мәселелер бойынша комисиия мәмілеге келді, мына мәселе бойынша бір тоқтамға келе алмады деп басын ашып жазу керек. Тек, дау туғызған жерді жекеменшікке сатуға бола ма, болмай ма деген мәселеге қатысты мораторийді созу туралы ұсынысты Елбасыға айтайық. Сонымен қатар, комиссияның белсенді мүшелерін заң жобасын парламентте қорғауға қатыстырайық, осында айтылған ұсыныстар заңға енуі қамтамасыз етілсін», - дейді Айдос Сарым.

Ал, осы Комиссияның алғашқы отырысына қатысып, оның құрамынан шығатынын мәлімдеген қоғам белсендісі Марат Ілиясұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Алайда, зор өкінішке қарай жер комиссиясының жұмысы көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Ол рас. Оның басты және негізгі себебі биліктің жерді сату ниетінен бас тартпауында жатса керек. Кейбір азаматтар мені комиссиядан шығып кеткенім үшін кінәлап жатыр. Ия, Мұхтар Тайжан, Мұхтар Шаханов, Дос Көшім, басқа да азаматтар комиссияда қалуды таңдады, ол үшін оларға еш ренжудің қажеті жоқ. Таңдау жасауға әркім ерікті. ...Ал, негізгі мәселе, жерді ешкімге сатқызбауды, шетелдіктерге жалға да бергізбеуді қамтамасыз ететін заң жобасы жасалған жоқ, жер иелерінің аты-жөні жарияланған жоқ, жердің қаншасы жеке меншікте, қаншасы сатылған, олардың бәрі кімдердің қолында, бәрі-бәрі белгісіз сол баяғы қалпында қалып барады» деп жазады.

Жер комиссиясы жұмысын аяқтағанша қоғамның бұл тақырыпқа деген қызығушылығы да саябырсып қалды. Бұрынғыдай әлеуметтік желі арқылы қызу талқылау да жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл туралы бірдеңе айтуға аса бейіл емес. Өйткені, бұл аралықта билік бейбіт шеруге шыққанды қудалап, алдын абақтыға жауып, «бастаған осы» дегеннің үстінен қылмыстық іс қозғап, қамап тастады. Осыдан кейін секіріп көр. Тек қоғам пікірі бөлініп кетті. Бірі мәселені сабырлы сұқбат арқылы шешуді қолдаса, екіншісі «күлтөбедегі күндегі жиыннан» басталмай жатып күдерін үзді. Комиссия жұмысын аяқтағанда іштей болса да «біліп ем» дегендер басымырақ болды.

Ал, осы кезде...

Жер комисиясының алғашқы отырысына қатысып, «Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында 80 мың га жерді Қытай азаматы заңсыз иеленіп отыр», деп дабыл қаққан Айдын Егеубаевтың сөзі шын болып шықты. Арасында прокуратура қызметкерлері бар, арнайы топ осы мәселені тексере келе Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданының басшылары «Бәтуа», «Ырғын» және «Мәнфағат» атты үш Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 49 жылға 91432,5 гектар жерді жалға бергенін анықтады. Бұл – аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің шамамен 10 пайызы. Соның ішінде «Бәтуа» фирмасының 55 пайызы қазақстандық құрылтайшыға тиесілі екен де, қалған 45 пайызы қытайлық компанияның үлесінде екен. Оған 2012-15 жылдар аралығында Қазақстан қазынасынан 82,6 млн теңге субсидия берілген. 2014-15 жылдар аралығында бұл компания суға кеткен шығынның жартылай өтемі ретінде бюджеттен тағы да 420 млн теңге алған. Ал, шын мәнінде сол «Бәтуа» ЖШС жалға алған жердің 75,7 % игермеген. «Ырғын» да алған жердің шамалы бөлігіне ғана егін салып, қалғаны бос жатқан. Ал, «Манфағат» ЖШС жалға алған 48903 гектар жерді мүлдем игермепті. Сонда, «қазақ жалқау, шетелдіктерге берсек жерді игереді» дегені қайда? Ал, осы арада, тағы бір «LONG XIN» деген қытайлық компания Қазақстанның шығысында жерді жалға алғаны белгілі болды. Қазақстандықтармен тең үлесте болған бұл компания 14 754 гектар жерді жалға алған.

Жер кодексі неге өзгеріссіз қалды?

Бұл сұраққа әркім өз пайымы жеткенше жауап беріп жүр. Шынында да, халықтың наразылығын тудырған заңның неге бірден күші жойылмай, тек мораториймен шектелді? Бұл сұраққа «Корреспондент» бұған дейін де жауап іздеген еді. Ол кезде комиссия жұмысын енді ғана бастап, біздің айтқанымыздың біразы долбар болатын. Бұл жолы нақтырақ дәйектер келтіруге болады.

Біріншіден, Комиссия мүшелерінің талабына қарамастан Қазақстандағы ірі жер иеленушілер тізімінің жарияланбай қалу себебін біздегі латифундистердің дені билік басындағы тұлғалар не солардың айналасындағы адамдар екенінен іздеуге болады. Әйтпесе, ел аумағындағы жердің иесі - мемлекет, ал сол мемлекеттің бірден-бір бастауы халық екенін ескерсек, сәйкесінше халықтың жеріне кімдер қожайындық ететінін сол халықтан неге жасырады? Демек, бұл мәліметтің ашық айтылмауына әлдекімдер мүдделі. Әрі олар өте ықпалды. Билік сол мүдделі топтың меселін жыққысы келмейді.

Екіншіден, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына шетелдіктер, әсіресе Қытай қыруар инвестиция салды. Әрине, текке емес. Олар салған ақшасын пайдасымен қоса өндіріп алуды көздейді. Ол үшін Қазақстаннан жер алып, егін салады. Жер кодексін өзгерту осы халықаралық компаниялардың жұмысын тоқтатуға тірейді. Ал, көршілермен ренжісу біздің биліктің жоспарында жоқ. Мораторий мерзімі аяқталғанша оларың алған жерлері де, басқаша айтқанда, өнімділігін азайтады. Одан кейін тағы бір мәнісі болар. Әзірге басты мәселе – халықтың көңілін алдай, кешірім өтінем, аулай тұру. Енді билік жер мәселесінде халықаралық тәжірибені зерттемек. Бұл да уақыт созудың амалы секілді. Әйтпесе, осы уақытқа дейін зерттесе қайда қалды? Ал, жер сатылып жатыр...

Бекжігіт Мәуленов

© www.korr.kz 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер