Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттің басты міндеті болып табылады [1]. Яғни, кез келген тұлға өзінің құқықтарын заңмен бекітілген барлық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асыра алады.
Барлық адамның басты құқықтарының бірі – қорғану құқығы болып табылады. Қорғану құқығы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша іс жүргізу барысында жүзеге асырылады.
Қорғану құқығын жетілдіру жолдары Қазақстан Республикасы 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында [2]да қаралып отыр.
Қазіргі таңда сот тәжірибесінде пайда болып отырған мәселелердің бірі - әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік істі жүргізуге қатысушы тұлғалардың қорғану құқығына қатысты болып отыр.
Қолданыстағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, әкімшілік іске қатысушылар өздерінің құқықтарын жеке, қорғаушы және заңды өкілдердің көмегімен жүзеге асыра алады [3].
Мысалы, «Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адам хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға, өтiнiшхаттар мен қарсылықтарды мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iсті қарау кезінде ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге және егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға; iс бойынша іс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс бойынша қаулыға шағым жасауға, одан үзiндi көшірме алуға және iстегi құжаттардың көшiрмелерiн түсiрiп алуға, сондай-ақ өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы» (ҚР ӘҚБтК-нің 744 бабы). Ал, «Жәбiрленушi iстiң барлық материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, дәлелдемелер ұсынуға, өтiнiшхаттар мен қарсылықтар мәлiмдеуге, өкiл ұстауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым жасауға, өзiне осы Кодекспен берiлген өзге де процестік құқықтарды пайдалануға құқылы» (ҚР ӘҚБтК-нің 745 бабы).
Кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айырылғандар болып табылатын, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан жеке тұлғаның немесе жәбiрленушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды олардың заңды өкiлдерi жүзеге асырады. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан немесе жәбiрленушi болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды оның өкiлдерi жүзеге асырады.
Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның құқықтарын қорғау қорғаушының көмегі арқылы да жүзеге асырылады. Қорғаушы дегеніміз әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегiн көрсететiн адам.
Қорғаушылар ретiнде адвокаттар қатысады. «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195 Заңының 7-бабына сәйкес, «Адвокат - жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы» [4]. Егер заңнамада айқындалатын тәртiппен өзара негiзде Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасаған халықаралық шартында көзделсе, шетелдiк адвокаттар iске қорғаушылар ретiнде қатысуға жiберiледi.
Қорғаушылар ретінде адвокаттармен бірге әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкiлдерi жiберiледi.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге мынадай жағдайларда, егер:
1) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам бұл жөнiнде өтiнiшхат жасаса;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемiстiктерiне орай өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе;
4) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам кәмелетке толмаған адам болып табылса, қорғаушының қатысуы мiндетті.
Осы жағдайларда, қорғаушыны әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар шақырмаса, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, олар бұл туралы қаулы шығарады. Қаулы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне орындау үшін жіберіледі және оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға жатады.
Қорғаушы әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамды әкiмшiлiк ұстап алған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған немесе прокурор әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы қаулы шығарған кезден бастап, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің кез келген сатысында iске қатысуға жіберіледі (ҚР ӘҚБтК-нің 748-бабы).
Қорғаушыны өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға, оның өкiлдерi, сондай-ақ өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның тапсыруымен немесе келiсімімен басқа да адамдар шақырады.
Адвокаттың еңбегіне ақы төлеу адамдармен жасалынған келісім негізінде жүзеге асырылады. Егер өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп отырған адамның адвокаттың еңбек ақысын төлеуге материалдық тұрғыдан мүмкіншілігі болмаса судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) тұлғаны заң көмегiне ақы төлеуден босатуға міндетті. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу бюджет қаражаты есебiнен жүргізіледі.
Бірақ сот тәжірибесі көрсеткендей қорғаушының әкімшілік істер бойынша қатысуына байланысты туындап отырған мәселелер кездеседі.
Мысалы, адвокаттарды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге мемлекеттік тараптан тарту кезінде олар қорғауды тиісті деңгейде атқармайды. Себебі, адвокаттың кез-келгені мемлекеттік бюджеттен өте шамалы төлемақыға бар күшін салып жұмыс істеуге құлшынып тұрмайды және оның еңбегіне бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі өте аз. Сондықтан, кейбір адвокаттар іске мүдделі емес немесе қызығушылық танытпайды.
Әдетте әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге кезекші адвокат немесе тағайындалған адвокаттың міндеттерін атқаруға қарсы емес кез келген басқа адвокат жіберіледі. Оларға төленетін қаражат аз және ынталандыру мен бақылау жоқ. Сонымен қатар, уақыт бойынша ақы төлеу жүйесі және төлемақының төмен деңгейі адвокаттары процесті созуға және заң бұзуға итермелейді [5].
Екіншіден, Қазақстан Республикасы аумағында адвокаттар аз немесе кейбір алыс аудандарды жоқ десек болады. Сондықтан, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында іске қатысушыларға кәсіби заң қызметін көрсетуге мүмкіншілік болмай отыр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Ақтөбе облысы бойынша мамандандырылған әкімшілік жөнінде сотта қаралған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қаралған 100 істің 60 пайызы бойынша іске адвокаттар тартылмаған.
Екінші, мәселе аудармашылардың әкімшілік іс жүргізу барысында қатыстырылуына қатысты туындап отыр.
Мысалы, әкімшілік іс бойынша іс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмейтiн немесе жеткілікті бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға ана тiлiнде немесе олар бiлетiн басқа тiлде мәлiмдемелер жасау, түсiнiктемелер мен айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеуге, шағымдар жасау, iс материалдарымен танысу, оны қарау кезiнде сөз сөйлеу, осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi (ҚР ӘҚБтК-нің 738-бабы). Әкімшілік іс жүргізудегі негізгі қатысушылар «Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адам» (ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабы) және «жәбiрленушi» (ҚР ӘҚБтК-нің 745-бабы) хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға, өтiнiшхаттар мен қарсылықтарды мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iсті қарау кезінде ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге және егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашы көрсеткен қызметтерді өтеусіз пайдалануға құқылы.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдарға басқа тiлде жазылған, заң бойынша оларға қажеттi iс материалдарын iс жүргiзу тiліне тегiн аударып беру қамтамасыз етiледi.
Құқық бұзушы мен жәбiрленушiге тапсырылуға жататын процестік құжаттар олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуға тиiс. Аударма бойынша шығыстар және аудармашының көрсеткен қызметтерi мемлекеттiк бюджет есебiнен төленедi.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 758-бабына сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу кезiнде аударма үшін қажет болатын тiлдердi бiлетiн (мылқаудың немесе саңыраудың белгiлерiн түсiнетiн), iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам аудармашы ретінде тағайындалады. Аудармашыны, жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) тағайындайды. Ол туралы тиісті қаулы шығарады. Аудармашы: егер аударма үшiн қажеттi бiлiмi болмаса, іс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; аударманы жүзеге асыру кезiнде аударманы нақтылау үшiн қатысушы адамдарға сұрақтар қоюға; өзi жүргiзiлуiне қатысқан процестік әрекеттiң хаттамасымен танысуға және аударманың толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгiзiлуге тиісті ескертулер жасауға құқылы. Аудармашы: жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге және өзiне тапсырылған аударманы толық және дәлме-дәл жасауға; аударманың дұрыстығын тиiстi хаттамада өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi. Аудармашыға әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде көрiнеу жалған аударма жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы және сотта осы іс-әрекеттi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi. Аталған қағидалар мылқаудың немесе саңыраудың белгiлерiн түсiнетiн, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысуға тартылған адамға қолданылады.
Бірақ қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесінде шешімін таппаған мәселелер көптеп кездесіп отыр.
Біріншіден, заңда нақты бекітілмегендіктен аудармашылар істердің алғашқы кезеңдерінде іске тартылмайды.
Екіншіден, ұйымдастырушылық тұрғыдан аудармашылардың жеткілікте деңгейде болмауы салдарынан, оларды іске толықтай тартуға мүмкінішілік болмай отыр. Сонымен қатар, аудармашыларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге мемлекеттік тарапынан тарту кезінде олардың еңбегіне бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі аз болғандықтан, іске қатысуға мүдделі емес. Қазақстан Республикасының кейбір аудандарында тиісті тілді білетін адамдар жоқ. Осыған байланысты, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында іске қатысушыларға толықтай аудармашының қызметін көрсетуге мүмкіншілік болмай отыр. Ал, аталғандай заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 765-бабына сәйкес «процестік әрекетті жүргізу тәртібін бұзу» болып табыла отырып, дәлелдемелердің қатарына жатқызылуы тиіс.
Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша мамандандырылған әкімшілік жөнінде сотта қаралған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қаралған істер бойынша аудармашылар қатыстырылмаған.
Жоғарыда көрсетілгендей мәселелерден шығу үшін келесідей жағдайларды реттеу керек деп есептейміз:
Қазіргі кезде орын алып отырғандай, қаражатты барлық құқық қорғау органдарына бөлмей, бір мемлекеттік ведомствоға – Әділет министрлігіне мемлекеттік бюджет есебінен төленетін құқықтық көмектің қаржыландырылуын басқаруға уәкілеттік берген жөн сияқты көрінеді. Мемлекет есебінен төленетін құқықтық көмек көрсету саласындағы басқару ісін үйлестіру мен бақылауды мемлекеттің, адвокатура мен азаматтық қоғамның өкілдерінен тұратын құрылымдар арқылы жүзеге асыру. Азаматтық қоғам институты ретіндегі адвокатураны нығайтуды жалғастыруды және оның айрықша құзыретіне қылмыстық процесте, сондай-ақ азаматтық және әкімшілік істер бойынша соттарда мемлекеттік бюджет есебінен азаматтарға құқықтық көмек көрсетуді жатқызуды ұсынамыз. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-тің 758-бабына, аудармашы іске әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған сәттен бастап жіберілуі тиіс деп толықтыру енгізу керек
Қолданылған қайнар көздер тізімі:
Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстан Республикасы 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195 Заңының 7-бабы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия «2017 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндама. Жалпы редакциясын басқарған Қуаныш Сұлтанов, Тастемір Әбішев. Астана, 2018 ж. - 173 б.
Қаратаев Тұрдалы Жақсылықұлы
Қазақстан Республикасы ІІМ
Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы
полиция подполковнигі,
заң ғылымдарының кандидаты