Соңғы кезде сөздік қорымызда – цифрландыру, жаңа технология, IT сала сияқты жаңа терминдер көбейді. Әрине, олар бекерден-бекер көбейіп жатқан жоқ. Аталған терминдерге қатысты салаларды игеруге, оның ұңғыл-шұңғылын білуге заманның өзі мәжбүрлеп жатыр. Білсең – көшке ілестің, білмесең – білгеннің етегіне оратылып күн кешесің. Сол себепті, соңғы жылдары техникалық мамандықтарды таңдайтын түлектердің саны өскен. Осыны ескерді ме, биыл Президент бастамасы аясында қосымша 20 мың грант бөлінген еді, оның 11 мыңы – бакалавр бөліміндегі техникалық мамандықтардың еншісіне тиіпті. Бұл – дұрыс та. Қазір елімізде инженерлерге, ақпараттық технология мамандарына, роботехниктерге және нано-технологтарға деген сұраныс күйіп тұр. Қазір заңгер, бухгалтер маманы болуға құштар жастардың саны азайып, олардың орнын көлік жөндеуші, механик, электрик болғысы келетін талапкерлер басыпты.
Соңғы жылдары IT саланың қарқынды дамуымен сан түрлі жаңа мамандықтар пайда болды. Қазір бейне, фото монтажды смартфондармен де жасау мүмкіндігі туындап, ешкімді дизайнер немесе web-бағдарламалаушы мамандығымен таңғалдыра алмай қалдық. EDTECH халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаевтың айтуынша, мамандық таңдауға екі түрлі бағытпен қарауға болады.
– Біріншісі – адамдардың өзінің қалауы бойынша, екіншісі – өмірдің талабы тұрғысынан. Бұл екі критерий үнемі бір-бірімен ұштаса бермейді. Өйткені біздің менталитет бойынша адамдар қай жерде грант көп, соған қарай ұмтылады. Ол грантқа түскендегі мамандығы өзін қызықтыра ма, кейін кәдеге жарай ма деген нәрсе екінші планға ығысып түседі. Бұрынғыдай экономист, заңгер, сот деген мамандықтар біртіндеп аренадан кетіп жатыр. Баяғыдай хит емес. Адам мамандықты өз-өзін асырайтын, табыс табатын құрал ретінде қарастырады да, бірақ таңдау процесі кезінде ол мақсатты ұмытып кетеді. Сөйтіп, жеңіл жағына бұрыла салады. Қарым-қабілетке сай мамандық таңдалмаса, қазір қалқайған құр дипломның өзі көп нәрсеге көмектесе алмайды. Сондықтан қазір адамдар диплом болса болды, жұмыс табылады деген ұғымнан арылуы қажет, – дейді Ғани Бектайұлы.
Арылу керек тағы бір дүние – «тым құрыса мұғалімдікті оқып алу» деген сөз. Ұлтқа тәрбие беретін педагог жолы шынында ауыр, шынында салмақты. Тек мұғалімдер жаңа заманға бейімделуі керек. Бұрын ұстаздарда – тақта, бор, журнал болса, қазір – YouTube канал, электронды лекция талап етіледі.
– Еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп отырады. Университетке түскен студенттің 1 курста алған дәрісі мен ақпараты 3-4 жылдан соң ескіріп қалуы әбден мүмкін екенін түсінуі тиіс. Ал жұмысқа орналасамын дегенше, өмір ағымы тіпті қатты өзгеріске ұшырайды. Сондықтан адам өз мамандығына замана сұранысы тұрғысынан көз салып, соған икемделгені дұрыс, – дейді Әсем Қамитова.
Сарапшылар пікірін оқи келе, мамандық таңдауда ескеруге тиісті негізгі үш факторды бөле-жарып қарастыра аламыз:
• Мамандықпен, өзіңнің сүйікті ісің мен жан қалауың арқылы айналысу;
• Сол іске деген табиғи икемділіктің болуы;
• Еңбек нарығындағы үдерістерді бақылап, бейімделу.
– Қазір IT сала өте қарқынды дамып жатыр, соған сәйкес бағдарламалар құрастыратын, бағдарлама жасайтын адамдар керек-ақ. Әрине, кез келген адам осы мамандықты таңдап, 5-10 жылдан соң өз жұмысының жемісін жеп отыра алады. Бірақ табиғатынан IT саланы қаламайтын адамдар болады. Олар өздерін қинамай, жандарына жақын саланы таңдағаны жөн. Біздің өмір дағдымызға тек IT ғана емес, табиғи дүниелер, жүйкені тынышталдыратын әдеби, өнер туындылары да керек қой, – дейді сарапшылар.
Бұл оймен Nova Education орталығының қызметкері Бейбіт Қадырбекұлы да келіседі.
– Қазір гуманитарлық мамандықтарға деген қызығушылық қайтадан артып келе жатыр. Сонымен қатар IT-ға деген сұраныстың да өсіп келе жатқанын жасыра алмаймыз. Ол мамандыққа грант болмаса да, ақылы түрде оқып жатқандар көп. Дегенмен IT қазір трендте тұр және солай қала да береді. Соған қарамастан гуманитарлық салалар да қарқынды дамуда. Неге? Себебі, әлем қазір жасанды интеллект мәселесін дамытуды ойластыра бастады. Ал оны құрастыруға, дамытуға ақыл-ойы ұшқыр, шығармашылық әлеуеті жоғары адамдар керек. Адамзат ешқашан көркем сөзден, көркем шығармадан қол үзіп қалмайды, – дейді ол.
Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығы дәл қазіргі сәтте танымал және танымал емес мамандықтар тізімін жариялады. Танымалдар тізімінде – халықаралық қатынастар, құқықтану, кеден ісі, журналистика, дизайн, қаржылық есеп және аудит, менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бар. Тау-кен өнеркәсібі, геология және табиғи кен орындарын барлау, металлургия, машина жасау, құрал жасау, ағаш өңдеу технологиясы сынды мамандықтар әлі жетімсіреп тұр. Былтыр «Алтын белгі» иегерлері де танымалдар тізімінен табылған салаларды таңдап-таңдап өте шығыпты. Әрине, дұрыс. Өзі «Алтын белгі» алады, тау-кен қазуға кетеді… Екеуі екі бөлек дүние секілді. Дұрысында, біз солай дейміз… заман басқаша ойлайды.
Абай Аймағамбет
Дереккөз: aikyn.kz