Американың ресми хабарламасынан соң-ақ, Еуропа, Ресей мен Қытай Иран ядролық келісімінен шықпайтынын анық білдірді. Еуропа мемлекеттері өкілдерінің Дональд Трамптың шешімін өзгертуге бағытталған келіссөздері нәтижесіз аяқталды. Осы сәрсенбіде София қаласында бас қосқан Еуропа Одағының ресми тұлғалары мен Иранның Сыртқы Істер министрі Мұхаммед Жавад Зариф АҚШ қадамының салдары мен өздері ұшырасуы мүмкін экономикалық қиындықтарды еңсеру жолдарын талқылады.
Трамп неге «тырысып» қалды?
Дональд Трамп АҚШ президенті ретінде қызметін бастағанға дейін сайлауалды науқан кезінде Иран ядролық келісімін сынаған болатын. Әр 120 күн сайын АҚШ Конгресі санкциялардан бас тарту туралы құжатты Президенттің қол қоюына ұсынып отырады. Осы жылы қаңтарда Иранға қатысты келісім негізінде алынып тасталған санкцияларды мақұлдайтын кезекті құжатқа қол қояр кезде Дональд Трамп мұны «соңғы мүмкіндік» деп атап, Еуропалық әріптестерін Иран келісімін қайта қарауға шақырды. Иран тағдыры үшін маңызды күн тағы төрт айдан соң, 12 мамырға белгіленгенімен, АҚШ президенті 8 мамыр күні келісімнен шығатынын жариялады. Дональд Трамптың осыған дейін жасаған мәлімдемелерінен АҚШ президенті «аталған келісім тек Иранға ғана тиімді» деген пікірмен келісетінін аңғаруға болады. Ол «құжат шарттары Американың мүдделерін қанағаттандырмайды» деді. Дональд Трамптың пікірінше, келісім Иран ядролық қару бағдарламасын дамытуға уақытша ғана тежеу болғанымен, баллистикалық зымырандар құрастыру ісіне тоқтау сала алмайды. Келісімге сәйкес, Иранда жаппай қырып-жою қаруы жасалмас үшін, байытылған уран көлемі бірнеше есеге қысқарып, барлық ядролық реакторларды МАГАТЭ мамандары жиі тексеріп тұруы керек болған. Ұйым комиссиясы тексерістер кезінде Иранның келісім міндеттемелерін орындамағаны анықталмағанын алға тартса да, АҚШ президенті МАГАТЭ мамандарының елдің әскери нысандарына кіре алмайтынына наразылық білдіріп, «ол жерде кез келген нәрсені жасыруға болады» деген ой айтты. Бірақ мемлекеттік құпия есебіне кіретін нысандарды шетелдік азаматтарға көрсетіп, қорғаныс қуатына нұқсан келтіретін қадамға баруға қарсы екенін Иран әуел баста-ақ мәлімдеген еді.
Дональд Трамптың қарсыластары оның бұл шешімін Барак Обама бастаған жобалардан шығудың кезекті амалы деп қабылдады. Осыған дейін Дональд Трамп бұрынғы президент тұсында қабылданған бірнеше бағдарламадан бас тартып, климаттың өзгерісі бойынша Париж келісімінен шыққан болатын.
Еуропа неге елеңдейді?
2012 жылы Еуропа тарапынан Иранға қарсы санкциялар салынғанға дейін, қос тарап сыртқы саудада маңызды әріптестер болды. 2015 жылғы келісімнен соң қайта жанданған қарым-қатынастар өткен жылы Еуропа Одағының Иранмен экспорты 10,8 млрд евро, импорты 10,1 млрд евро көлемінде қорытындыланды. АҚШ-тың Иранға экономикалық қысым шараларын қайта енгізу туралы шешіміне байланысты Еуропа Одағындағы ірі кәсіпорындар АҚШ санкцияларынан зардап шегуі мүмкін. 2015 жылы нәтижелі аяқталған келіссөздерден соң, Еуроодақтағы ірі компаниялар Иран кәсіпкерлерімен көп жылдар бойы санкциялар бұғауында қалған мемлекет экономикасына жаңа тыныс сыйлайтын құны бірнеше миллиард долларға бағаланған шарттар жасап үлгерген. Бірақ қазір олар Иранмен экономикалық байланыстарын ары қарай жалғастырса, АҚШ санкцияларының суығын сезінуден қауіптенеді. Өйткені 2015 жылғы келісімнен соң Ираннан алынып тасталған санкцияларды қатаң формада қайта енгізетінін мәлімдеген АҚШ Иран экономикасына тікелей бағытталған экономикалық қысым шараларын онымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан өзге мемлекеттің бизнес-субъектілеріне де сала алады. Софияда жалғасқан маңызды кездесуде Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер «Еуропалық комиссияның Еуропа компанияларын қорғау жөніндегі міндеттемесі бар. Сондықтан біз 1996 жылғы Blocking statue заңнамасын қайта енгіземіз» деген мәлімдеме жасады. 1996 жылы қолданылған заңнама АҚШ-тың Еуропа кәсіпорындарына қатысты енгізген санкцияларының заңдық күші болмайтынын білдіріп, бизнес өкілдеріне америкалық қысым шараларына назар аудармауға шақырған.
АҚШ-қа «өкпе»
Еуропаның АҚШ-қа «өкпесін» Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск былай деп суреттейді «Мәселе сенің жақын досыңның күтпеген іс-әрекеттерге баратынында болып отыр. Бұл әзіл емес. Біздің мұхиттың арғы бетіндегі досымызбен қарым-қатынасымыздың негізгі мәселесі – осы. Дональд Трамптың «саясатта күтпеген қимылдар жасау – жақсы әдіс» дегенімен келісемін. Бірақ бұл шаралар жауларына қарсы ғана қолданылуы керек. Отбасы мен достарға күтпеген сыйлар ұнамайды».
АҚШ-тың Италиядағы бұрынғы елшісі Дэвид Торн «Иран мәселесіне қатысты текетірес екі тарап арасында 2003 жылы Ирак оқиғасынан кейінгі ең үлкен жік қалыптастырады» деген пікір қосса, Францияның Сыртқы Істер министрі Жан-Ив Ле Дриан «Еуропаның бизнес-субъектілері АҚШ-тың сыртқы саясаттағы шешімдері үшін жауап бермеуі керек» деген наразылық білдірді.
Кәсіпкерлер қамы
Еуропалық Одақтың Иранмен сауда байланыстарын жалғастыратын компанияларға құқықтық және қаржылай көмек көрсету туралы бастамаларына қарамастан, АҚШ санкцияларынан қауіптеніп, келісімдерді тоқтатқан компаниялардың қатары өсіп келеді. Бұл Еуропа басшыларының Иран ядролық келісімін сақтап қалуға ұмтылысына кері әсер етіп, шартты бұзбай сақтау туралы жоспардың орындалуына кедергі болғалы тұр. АҚШ Иранмен кәсіпкерлік қарым-қатынастағы компанияларға келісімшарттарды қорытындылау үшін 90-180 күн арасында уақыт беретінін хабарлады. Францияның Total мұнай компаниясы Иранның South Pars 11 кен орнындағы 50,1% үлесінен шығатынын білдірді. Оның ізін ала, Данияның A P Moller-Maersk компаниясы 8 мамырға дейін қабылдаған міндеттемелерін орындап, АҚШ санкцияларының талабы бойынша осы жылдың 4 қарашасына қарай Иранмен қарым-қатынасын доғаратыны жөнінде хабарлады. Германия канцлері Ангела Меркель «Біз көлемі шағын және орташа компанияларға қаржылай қолдау көрсету туралы ойлана аламыз. Бұл шаралар қарастырылып жатыр. Бірақ АҚШ санкцияларының ықпалына ұшырайтын барлық кәсіпкерлерді қолдау… Менің ойымша, біз мұндай қиялға ермеуіміз керек» десе, Франция президенті Эммануэль Макрон өз ойын қысқа қайырды: «Біз француз компанияларын Иранда жұмыс істеуге мәжбүрлей алмаймыз. Total компаниясының бас директоры Франция Республикасы емес қой».
Иран келісімнен шықса…
Иран президенті Хасан Роухани келісімнің қалған мүшелері ойын өзгертпесе, мәселенің күрмеуі шешілетініне үміт артты. Дегенмен Иран басшысы келісім күшін жойған күннен бастап, елдің атом энергиясы агенттігіне байытылған уран көлемін өндірістік деңгейге жеткізу туралы тапсырма бергенін ескертті. «Бұл психологиялық соғыс, біз Дональд Трамптың жеңуіне жол бермеуіміз керек» деген Иран президенті «шаршататын адамның» (Дональд Трамп) келісімнен шығып кеткеніне қуанатынын білдірді. Сәрсенбі күні Иранның заң шығарушы органында парламент мүшелері «Дональд Трамп тек қара күшті ғана түсінеді» деп, «Америкаға өлім!» ұранымен АҚШ-тың туын өртеді.
Кезінде Иран келісімдеріне қатысқан Барак Обама Дональд Трамптың шешімін «салмақты қателік» деп атады. Оның пікірінше «Жан-жақты қамтылған іс-қимылдар жоспарынан шығу АҚШ-ты ядролық қаруға қол жеткізген Иранның, болмаса Таяу Шығыстағы өзге соғыстың алдында таңдаусыз қалдырады».
Динара Тілеубек