Орталық Азия ортақ идеяға ойыса ма?
28.03.2018, 11:47

Орталық Азия ортақ идеяға ойыса ма?

Орталық Азия – ежелден стратегиялық маңыз­ға ие өңірлердің бірі. XIX ғасырдың соңында КСРО мен Ұлыбритания арасында аталған аймақ пен Үндістан үшін талас туып, оған ағылшын зерт­теушісі Артур Конноли «Үлкен ойын» деген атау берген. Содан бері екі ғасыр уақыт өтсе де, ал­пауыт елдер қатысқан жеңімпазға Орталық Азия өңірін өз ырқына жығып алу мәртебесі бұйыратын «үлкен ойын» аяқталған жоқ, қайта жаңа ойыншылар қосылып, қиындығы мен қы­зығы арта түсті. 

Орталық Азияға неге бәрі құмар?
Саясаттанушы Расул Жұмалының пі­кі­рінше, Орталық Азияның әлем мем­ле­кет­тері үшін тартымдылығы өңірдің гео­саяси орны мен ресурстық әлеуетіне бай­л­анысты.
– Орталық Азия дамыған Еуропа мен қар­қынды даму үстіндегі Азияны маңыз­ды сауда дәліздері арқылы бай­ла­ныс­тыру­шы «геоэкономикалық көпір» деуге то­лық негіз бар. Өңірдің транзиттік әлеуе­­тіне қы­зығушылықты Қытай бастаған «Бір бел­деу – бір жол» және өзге де халықаралық жо­балардың қолға алынуынан байқауға бо­лады. Одан бөлек Орталық Азия ми­не­ралды ресурстарға бай, ауылшаруа­шылық саласындағы мүмкіндіктері де зор. 90-жылдары жүргізілген зерттеу­лер нәтижесінде, ғалымдар Каспий аймағын «Екін­ші Парсы шығанағына» балады. Бұл ресурстық әлеует әлі де маңызды­лы­ғын жоғалтқан жоқ. 70 миллион тұрғыны бар өңір тауар өткізуші нарық есебінде де жо­ғары бағаланады. Сонымен қатар Ор­та­лық Азия – ислам мен христиан әле­мін, түрлі өркениетті тоғыстырушы орта­лық.
Сарапшы Жұмабек Сарабеков ірі дер­жавалардың Орталық Азияға ықпалын жүр­гізуге ынталы болуын олардың ұлт­тық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тал­пы­нысымен түсіндіреді.
– Таяу Шығыс немесе Азия Тынық мұ­­хиты аймағымен салыстырғанда, Ор­та­лық Азияның маңыздылығы аса жоға­ры емес. Сыртқы күштердің Орталық Азия­ға қызығушылығын туғызып отыр­ған негізгі факторлардың бірі – геосаясат. Бұл аймақ әлемдегі алпауыт ойыншылар – Ресей мен Қытайдың арасында орна­лас­қан. Ол мемлекеттер үшін өз қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуде аймақтың рөлі өте жоғары. Өйткені Ресейдің Орталық Азия­мен шекаралас оңтүстік бөлігі ең аз қор­ғалған. Сондықтан аталған өңірде бол­ған қандай да бір тұрақсыздық мін­дет­ті түрде Оңтүстік Орал мен Сібірге, сол арқылы бүкіл Ресейдің қауіпсіздігіне әсер етеді. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр ав­тономиясында сепаратизм және тер­ро­ризм мәселесі бар. Сол себепті, оны­мен іргелес Орталық Азия елдеріндегі ты­н­ыштықтың бұзылмауы Қытай үшін де маңызды. Аймақтан тыс орналасқан «ойын­шылар» – Америка Құрама Штат­тары мен Еуропалық Одақты өңірдің ре­сурс­тық әлеуеті қызықтырады. Мұнда ор­наласқан мемлекеттердің минералды ре­сурстар қоры батыстың энергетикалық қа­жеттіліктерін қамтамасыз етуге көмек­тесе алады, – дейді сарапшы.

Аймақ кімнің ықпалында?
Расул Жұмалы аймаққа ықпал жүр­гізу­ші мемлекеттер қатарына Ресей, Қы­тай, Батыс елдері мен АҚШ-ты қосып, сыртқы күштердің әсерінен Орталық Азия мемлекеттерінің саяси егемендігін сақ­тап қалу сынға айналып отырғанын айта­ды. «Аталған мемлекеттер арасында өңір үшін талас пен бәсеке бар. Қазір Ор­талық Азия мемлекеттері сыртқы күш­термен санасуға, олардың ықпалын на­зар­ға алуға мәжбүр болып отыр. Мәселен, эко­номикалық тұрғыда – Ресейдің, энер­гетикалық, қаржылық тұрғыда Қы­тайдың дегені жүреді. Сондықтан өңір­де­гі елдерге саяси егемендігін сақтап қалу сын болып отыр» дейді ол.
Саясаттанушы Дос Көшім де Орталық Азияда саяси тұрғыдан – Ресей, эко­но­мика саласында – Қытай, демократиялық институттарды дамыту, мемлекеттік жүйе­ні өздеріне ұқсатуға тырысу бағы­тын­да АҚШ пен Еуропа мемлекеттері б­а­сым­дыққа ие екенін атап өтті. Са­рап­шының сөзіне сүйенсек, әрбір саяси жүйе аяғынан жаңа тұрып келе жатқан мем­лекеттердің құрылымын өздерінің жүйе­сіне ұқсатып, бір ізге салуға, не олар­ды өз ықпалы жүретін аумақтан (ор­битасынан) шығармауға тырысады.

Жетістігі де, кемшілігі де бар
Дос Көшімнің пікірінше, Орталық Азия мемлекеттерінде демократияның да­муы кенжелеп тұр.
– Орталық Азия мемлекеттеріне тер­ритория, тарих пен дін ортақ. Оларды бірік­тіретін тағы бір дүние – Кеңес Ода­ғы ыдырағаннан кейінгі экономикалық даму жолының ұқсастығы мен саяси биліктің бұрынғы компартия мүшелері­нің қолында қалуы. Кезінде Кеңес Ода­ғы­ның құрамында болған мемлекеттерде бұрын­ғы басқару жүйесінің қалдықтары мен менталитеті сақталған. Өңірдегі мем­­­лекеттер арасында Орталық Азияда же­текші рөлді ұстануға ішкі бәсекелестік бол­ғанымен, олардың бірін көшбасшы деп атауға болмайды. Яғни, төрт құбы­ла­сы түгел, «біздің соңымыздан еріңдер, біз­ге ұқсаңдар» дейтін мемлекет жоқ. Бірі­нің экономикасы басым, енді бірінің тұрақ­тылығы мығым, келесі мемлекеттің ұлт­тық жаңғыруы жоғары дегендей. Әр­қай­сысының жетістігі мен кемшілігі бар. Мә­селен, адам құқықтары мен демокра­тия­лық институттардың дамуы жөнінен Қыр­ғызстан Орталық Азияның өзге мем­ле­­кеттерінен оқ бойы озық тұр. Сол сияқ­ты Өзбекстан ұлттық мәселеге жіті көңіл бөлсе, Қазақстан экономиканы басты бағдарға алған, – дейді сарапшы.

Қазақстан – экономикалық көшбасшы
Қазақстандық интернет-бизнес қауым­дастығының президенті Констан­тин Горожанкин бір сұхбатында ішкі нарығымызды «нанға жұқалап жағылған май­ға» теңеген еді. Бекер емес. Бір қызы­ғы бұл – Орталық Азиядағы өзге де ел­дер­дің нарығын сипаттап беруге тап­тыр­мас теңеу. Өйткені көршілес мемлекеттер де аумағы үлкен болса да, кішкентай на­рық санатына жатады. Біздің ортақ «кел­бетіміз» де – осы. Соңғы кездері БАҚ өкіл­дері жиі қаузайтын тақырып та осы өңір­дің жай-күйі болып отыр. Біреулер «бауырлас елдердің бір-біріне деген бауыр­малдығы ояна бастады» десе, енді бірі мұны «әріптестік атмосферада қа­лып­тасып келе жатқан бәсекелестіктің рухы» деп бағалады.
«Орталық Азия елдері экономикалық құры­лымы бойынша бір біріне ұқсас» де­ген Жұмабек Әділбекұлы бұл елдер Кеңес үкіметінің кезінде тұтас ағзаның бір бөлігі ретінде жұмыс істегенін тағы бір еске салды.
– Бір экономикалық мектептің тү­лек­тері деп айтсақ та болады. Дегенмен тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде бірталай өз­геріс болды. Қазақстан бастаған Қыр­ғызстан, Тәжікстан үшеуі нарықтық эко­номика жолын таңдады. Осы бағытта бізде көптеген реформалар жүзеге асы­рыл­ды. Түркіменстан мен Өзбекстан нарық­тық экономикаға кезең-кезеңімен көшуді құп көрген-тін. Оларда рефор­ма­ларды жүргізу Қазақстанмен салыстыр­ғанда өзгеше болды.
Сонымен бірге, Орталық Азиядағы мем­лекеттердің экономикасы әлі де сырт­қы инвестицияға деген тәуелділіктен арыла қойған жоқ. Олардың ішкі ре­сурстары әзірге өз бетімен дамуға мүм­кіндік бермейді. Бүгінде осы елдердің барлығында да табиғи ресурстарды экс­порттау басты рөл ойнайды. Экономикада энергетикалық сектордың басым рөлге ие болуы – Орталық Азияда орналасқан елдердің басты ұқсастығы. Екіншіден, мұн­дағы мемлекеттердің нарығы салы­с­тырмалы түрде кішкентай. Мысалы, Қазақстанда – 18 млн, Түркіменстанда – 5 млн, Тәжікстанда – 7 млн және Қыр­ғызстанда да 5 млн тұрғын бар. 32 млн халқы бар деген Өзбекстанның өзін эко­номикалық масштабы үлкен деуге кел­мейді, – дейді ол.
Сарапшы әрбір мемлекеттің көптеген ішкі экономикалық проблемалары бар еке­нін де жоққа шығармайды. Мысалы, Тә­жікстан, Өзбекстан секілді елдерді айт­қанда, жұмыссыздық мәселесін алға тарту­ға болады. Оның айтуынша, бұл елдерде сыртқы еңбек миграциясы секіл­ді құбылыстарды байқаймыз. Қазіргі таңда экономиканы реформалау тұрғы­сы­нан бес мемлекет те әртүрлі деңгейде. Нарықтық институттардың жұмыс істеу деңгейі бойынша әр мемлекет әртүрлі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қазақстан басқа мемлекеттермен салыстырғанда, бұл жағынан біршама алға жылжыған. Өйткені бізде қызмет көрсету саласы өте жақ­сы дамыған. ЖІӨ көлемін қатар қойғанда да еліміз өзінің көршілерінен оқ бойы озып тұр. Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің экономикалық әлеуеті әртүрлі. Оның ішінде Қазақстан – сөзсіз аймақтағы экономикалық көшбасшы.
– Транзиттік аймақ ретіндегі Орталық Азияның рөлі тек соңғы жылдары ғана айқындалып келе жатыр. Кезіндегі Ұлы Жібек жолынан кейін аймақ өзінің транзиттік өзектілігін жоғалтып алған болатын. Қазіргі кезде бұл елдер үшін байырғы қызметін, миссиясын қалпына келтіруге үлкен мүмкіндік туып отыр. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы сауда айналымы өсіп келеді, болашақта 8 трлн АҚШ долларына дейін жетеді деген жоспар бар. Осы сауданың белгілі бір бөлігін теңіз жолдары арқылы емес, құрлық арқылы да жүргізуге болатыны түсінікті. Себебі, біздің аумақ арқылы тауар тасымалдау жылдам әрі әуе тасымалымен салыстырғанда арзан. Сондықтан транзиттік тасымал – бірден-бір артықшылығымыз, бірақ оны әлі де толық жүзеге асыру қажет, – дейді сарапшы.
Бірақ «саяси экономикамызға серпін береді» деген Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының Орталық Азия елдерін ойландырар тұсы да жоқ емес. Мысалы, сарапшы Досым Сатпаев шетелдік басылымдардың біріне берген сұхбатында Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық жобасын жүзеге асыру барысында Орталық Азия елдері ұлттық мүддесін ұмытпауы қажеттігін ескерткен. Оның айтуынша, бұл аймақ Қытайдың шикізат қоймасына, көлік, ауыл шаруашылығы мен энергетиканың қосалқы көзіне айналып кетпеуі қажет.

Ынтымақ керек
Расул Жұмалы Орталық Азия мемле­кет­теріне өңірлік әріптестікті нығайту қа­жеттігіне назар аударды.
– 27 жыл ішінде бірталай жоба көте­ріл­ді. Орталық Азияның ынтымақтастық ұйымы сияқты аймақтық құрылымдар жа­сақталды. Жүздеген кездесулер өтті. Бі­рақ ауыз толтырып айтарлықтай алға жыл­жу жоқ. Біз бұл мемлекеттер ара­сын­да деинтеграцияны байқадық. Одан әрі ал­шақтау, кедергілерге ұрыну, мәдени, ру­хани ықпалдастық тұрғысынан ажы­рау­дың соңы мемлекетаралық шиеле­ніс­терге әкелген кездер де болды. Бұған өзбек-қырғыз, өзбек-тәжік, қазақ-өзбек ара­сында орын алған мәселелер дәлел бола алады. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының бес пайызы ғана Орталық Азия мемлекеттеріне тиесілі. Бір-бірі­міз­ді толықтыратын әлеуетімізді әлі де дұ­рыс пайдалана алмай келеміз. Сыртқы күш­тер Орталық Азияны ыдыраған, бөл­шектенген, бір-бірімен келіспеген күйде көр­гісі келеді. Олардың біріккенін, ортақ ай­мақ құрғанын қаламайды. Бөгет жа­сауға тырысады. Сондықтан Орталық Азия­ға ең алдымен, ынтымақ керек. Бұл тұс­та соңғы кездері Өзбекстан президенті Шав­кат Мирзиеевтің аймақтағы елдерге са­пары барысында жасаған мәлім­де­мелері, Астанада өткен Орталық Азия бас­шыларының саммиті көңілге қуаныш ұяла­тады.

Бірігуге не кедергі?
«Осы уақытқа дейін саяси жігердің же­тіспеушілігі Кеңес одағының құрсауы­нан шыққан бес мемлекеттің ары қарай ты­ғыз экономикалық қарым-қатынас ор­натуына кедергі болды» деген Жұмабек Са­рабеков қазіргі жағдайда елдердің өз мүд­десі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет ететін кезі келгенін ұға бастағанын айтты.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Орта­лық Азия елдері өзінің тәуелсіздігін аб­солютті деңгейге шығарып, қандайда бір ұйым шеңберінде жұмыс істеуге дайын еместігін көрсетті. Қазақстан ке­зін­де ай­мақтық диалогты дамыту бойын­ша көп­теген ұсыныстар жасады, бірақ көршілес ел­дер оған дайын болмады. Қосымша объективті және субъективті факторлар да бар. Олардың қатарына елдердегі эко­номикалық реформалардың әртүрлі ба­ғытта жүруін де қосуға болады. Мысалы, Қазақстан нарыққа бет бұрса, Өзбекстан мен Түркіменстан барынша консерва­тив­ті экономикалық саясат жүргізді. Ұлт­тық эгоизм мәселесін де осы санатқа жат­қыза аламыз, – дейді сарапшы.
Бірақ соңғы жылдары аймақтағы ын­тымақтастық белсенді сипатқа көшті. Оны елдер арасындағы сауда-саттықтың жақсы деңгейге көтерілуінен біле аламыз. Сарапшының айтуынша, 2017 жылы Қазақстан мен басқа да Орталық Азия ел­дері арасында тауар айналымы 2014 жылдан бері тұңғыш рет өсім көрсетіп, 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Өзбекстанмен сауда 30 пайызға артып, 2 млрд АҚШ доллары болды. Тә­жікстан­мен арадағы сауда көлемі 770 млн долларға дейін өсті. Бұл елдер арасындағы экономикалық байланыстың шын мә­нін­де, дамып жатқанын көрсетеді. Ең бас­тысы, Орталық Азиядағы саяси элита ара­сында «бар мәселені бірігіп шешуіміз ке­рек» деген жаңа түсінік қалыптасты. Ен­ді осы арқылы ортақ дамуды, бірлесіп да­муды жүзеге асыруға болады.

ТАТУЛЫҚҚА ҰМТЫЛҒАНДАР

Кеңес Одағы тарағалығында Орталық Азия елдері алты рет бас қосқан екен. Алғашқы рет 1991 жылы Ашхабадта бес елдің басшысы бірігіп, Кеңес Одағынан кейін қалай бірлікте тірлік ететіндерін талқыласа, 1993 жылы аймақтық әріптестік бойынша ұйым құруды жоспарлады. 1995 жылғы кездесуде елдер Арал теңізінің проблемасы мен халықаралық ұйымдарға мүше болу мәселесін қараған. 1998 жылы төрт елдің президенті түркіменбасшыдан хал-ахуал сұрау мақсатында Ашхабадқа жиылған. 1999 жылы тағы да сол Ашхабадта «Талибанның» аймақ қауіпсіздігіне қандай қауіп туындататыны сөз болса, 2009 жылы бес президент Арал теңізінің мәселесін қайта қарау үшін бас қосады. Бірақ аймақтағы су ресурстарын пайдалану проблемасы әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Астанада өткен саммитте Орталық Азия елдерінің басшылары жыл сайын наурыз қарсаңында бас қосамыз деген ортақ шешімге келді.

Кәмила ДҮЙСЕН, Динара ТІЛЕУБЕК

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер