Өткен аптадан бері әлемжелінің қызу талқысына түскен тақырып – журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы мен Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің жастарға жатақжай салып беру туралы бастамасы болды.
Парламентте көтерген бұл мәселе – Президент жүктеген жастарды баспанамен, жұмыспен қамту туралы тапсырманы жүзеге асырудың жолы болатын. Қалай десек те, бейбіт елдің босқындары бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сол секілді урбандалу үдерісін де тежей алмаймыз. Демек мәселені шешудің өзге жолдарын қарастыру қажет.
Біз бір ғана Алматы қаласындағы жастардың жай- күйін нақты деректермен көрсеттік. Ал Астана, Шымкент және өзге де ірілі-ұсақты қалаларда қаншама жастың бас қайғысы баспана болып жүр? Сонымен қатар бұл жастарға байланысты келтірілген деректер. Ал қанша жылдан бері базар жағалап, пәтер жалдап тұрғандардың санына кім жетіпті? Тапқан нәпқаның жартысын пәтерақыға беретін ішкі мигранттардың есебінен ақша жасап отырған пәтер деуге келмес, бөлме берушілер мемлекетке бір тиын да салық төлемейді. Барақ қожайындарының бұл әркеті көлеңкелі экономикаға жатпай ма? Біз бардық, көрдік, сезіндік. Енді сіз қараңыз!
Уақытша тіркеу кезінде ресми түрде 690 мың ішкі мигрант тіркеліпті. Шын мәнінде бұл көрсеткіш әлдеқайда көп екені түсінікті. Десе де, 690 мың баспанасыз Қазақстанда бар деген сөз. 2016 жылды қорытындылаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындарының саны 2 миллионға жеткенін айтқан еді. Алматы Қазақстандағы ең ірі мегаполис саналатындықтан, әйдік шаһарға келушілердің саны да өзгелермен салыстырғанда едәуір көп. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының дерегіне сүйенсек, былтырғы жылдың қорытынды есебі бойынша, Алматы қаласында 14-тен 29 жасқа дейінгілер деген санатта 483 мың адам бар екен. Ал жыл сайын Алматы қаласында 30 мыңға жуық жас маман ЖОО аяқтайды. Олардың 7 мыңға жуығы Алматы қаласының тумалары болса, қалғандары өзге қалалардан келгендер.
Ресми статистикаға қарасақ, жоғарыдағы 30 мың жас маманың 75 пайызы Алматыда қалуды жөн көреді. Бұл тізімге Алматы маңындағы (Қаскелең, Талғар, Іле ауданы) қалашықтардың жастары кірмеген. Күнделікті келіп-кетіп жатқан жастардың есебіне жету мүмкін емес.
Ал қазірдің өзінде Алматы дейтін әйдік шаһардағы 81 мыңға жуық студенттің бар болғаны 35 мыңы мемлекеттік жатақханамен қамтамасыз етілген. Қалған 46 мың студент пәтер жалдап тұратыны сөзсіз.
Журналстік зерттеуді бастау сәті.
Тар ауладағы тіршілік
Қоқысы қолқаны қапқан аула
Тар бөлмеге сыймаған тұрмыстық заттар
Қаланың қақ ортасындағы жалдамалы бөлмелер:
11 жанұяға арналып салынған бөлмелер
Күн түспейтін кеңістік
Асүй мен жатынжайды ажыратып беріңізші
12 отбасы ойысып отыр
Ерлер мен әйелдерге арналған екі бөлек дәретхана. Онда бару үшін ағаштан аттап өту керек
Душ қабылдауға да «жағдай» жасалған
Тауық та, квартирант та пайда алып келеді. Сондықтан, екеуі де бір аулада жүруге тең құқылы
Қортынды:
Қазақстанда Заң жүзінде әрбір азаматқа 18 шаршы метрден кеңістік берілуі керек. Ал біз көрген жалдамалы бөлмелердің көлемі 9 шаршы метрді құрайды. Ол жерде отбасылы, бала-шағыла адамдар тұрып жатыр. Сонда әрбір адамға қанша шаршы метр кеңістіктен келетінін елестете беріңіз…
Енді жаңағы 9 шаршы метрді стандартты отбасының жан басына шағып көрелік. Әкесі, шешесі, бір ұл, бір қыз, яғни бір отбасында 4 адам бар делік. Әр адамға 2,25 шаршы метрден келеді. Бір қызығы елімізде Заң жүзінде сотталған әрбір азаматқа 3 шаршы метрден кеңістік тиеді екен. Арғы жағын өзіңіз пайымдарсыз…
Дерек көзі: alauinform.com
Айнұр Төлеу
Нұргелді Әбдіғаниұлы