Бізді аталған кооперативтің төрағасы Сұлтанхан Асылбек Ілесбекұлы қарсы алып, өз ұйымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Оның айтуынша, мемлекеттің қозғау салуымен жергілікті 23 шаруашылық бас біріктіріп, ортақ істі жүргізуге ден қойған. Яғни, жеке дара жұмыс атқарғаннан гөрі, тізе қоса қимылдаудың артықшылықтарын ел түсініп келеді.
«Өткен жылдың 30 желтоқсанында шаруашылық иелері кеңесіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. Содан бергі уақытта, танкер алдық, «Фудмастер» компаниясымен келісімшартқа отырдық. Мал басы саны артты», - деді А.Сұлтанхан.
«Біз сүт өндіріп қана қоймай, қабылдаймыз да. Сүт қабылдау бекеті ретінде жұмыс жасап жатырмыз. Тағы да техника алу, жеңілдетілген несие алу бағытында әрекет етудеміз. Құдай қаласа, ісіміздің нәтижесін көреміз деген ойдамын. Әсіресе, субсидияға көп үміт артып отырмыз. Сүтті өзен етіп ағызбасақ та, ел-жұртты қамтамасыз ететінімізге сенімім кәміл», - деп атап өтті төраға.
Расымен де, бір ғана субсидияның өзінен сүт өндірушілер қыруар табыс тапқалы тұр. Олардың қарасанының артуын да осымен түсіндіруге болатын секілді.
«Биыл сүт бойынша субсидия алушылар 2 есеге, яғни 269-дан 532 шаруашылыққа дейін артады» деді түнеукүні Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов.
Ресми мәліметтерге қарағанда, еліміздегі сүт және ет кәсіпорындары бар болғаны 50-60% жүктемелік қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Яғни, шикізат жетіспейді. Ал, кооперация арқылы осы өнімді өндіріске жеткізудің механизмі түзіліп, жүйе жетіле түспек.
Ал, А.Сұлтанхан секілді шаруалардың да бұдан ұтпаса, ұтылмасы анық.
Фермерлерге ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кірудің артықшылығы неде? Біз осы сауалды ҚР АШМ өкілдеріне қойғанда да олардың берген жауабы мынау болды:
«Біріншіден, кооперативтерге біріккен жағдайда, ең бірінші шешілетін жағдай өнімді тасымалдау. Кооперацияда фермер өз өнімін тапсырады, ал кооперация тапсырылған өнімді қалаға немесе кәсіпорынға жеткізеді. Ал мемлекет біріккен кооперацияға қолдау көрсетіп, субсидиялау және техника алуды несиелеу жүйесін қалыптастырып, айналымға қаражат береді».
Өз кезегінде, кооперация төрағасы да осындай артықшылықтарды ескере келе біріккендерін құптады.
Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы белсенділікті арттыру үшін ҚР АШМ тарапынан сүт қабылдау және мал бордақылау пункттерін алғашқы жарнасыз иелену схемасының жасалғаны да белгілі. Мұның да сүт қабылдау және өндіру орындарының көбеюіне ықпал етіп жатқандығы анық.
Сонымен, «Шәуілдір-сүт» жетекшісі бізді өз шаруашылықтарының ахуалы, ірі қара малдың жай-күйімен таныстырып, үлкен аумақты аралата берді.
"Бұл біздің шаруашылықтың бір бөлігі ғана, құрылыс жүргізіліп, нысанымыз дұрысталып келеді", - деп ағынан жарыла берді шаруа.
Бұдан әрі енді суреттер сөйлесін...
Кәмшат Жақсылыққызы