«Тауды тесіп, тасты жарған» құрылысшы мамандығының тамыры тіпті тереңде, ол сонау алғашқы қауымдық құрылысқа табан тірейді. Бүгінде аспанмен таласқан зәулім ғимараттарымен қаймана көпшілікті де тәнті етіп отырған осы көне кәсіп иелері.
Тарих парақтарын ақтарсақ, кешегі кеңес заманында Құрылысшылар күні тұңғыш рет 1956 жылы тамызда, тура осыдан 60 жыл бұрын мерекеленген еді.
Мұның алдында одақтық Жоғарғы кеңес төралқасының «Жыл сайын «Құрылысшылар күні» мерекесін атап өту туралы» Жарлығы шыққан болатын. Содан бері құрыш қолды құрылысшылар өз мерекелерін ауыз толтырып айтарлық толымды табыстармен атап өтіп келеді. Бұл, атап айтқанда, журналист жазбаларында ғана емес, сондай-ақ ақиқат істерде таңбасы қалған тындырымды тірліктер.
Сөзімізге тиек ретінде еліміздегі ғасыр құрылыстарын – Қазақстан Магниткасын, Ертіс-Қарағанды су арнасын, Жәйрем кен-байыту комбинатын, басқа да алып индустрия кешендерін атап өтер едік.
Ал, жиырма бірінші ғасырдың кереметі атанған әсем қала – Астананың құрылысына ерекше тоқталу керек. Осы орайда іргетасы қызу қаланып, жедел бой көтерген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығын тілге тиек етуге тиіспіз.
Сөзіміз айғақты болу үшін ұлттық статистика деректеріне сүйенейік. Құрылыс индустриясы еліміздің ішкі жалпы өнімін құраушы басты салалардың бірі болып табылады.
Өткен, 2015 жылға көз жүгіртсек, құрылыс жұмыстарының, қызметтерінің көлемі 2 861,1 млрд. теңгені құрап, 2014 жылға қарағанда 4,4%-ға көбейген.
Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде 988,0 млрд. теңгені құрап, үлес салмағы 34,2% болған өнеркәсіп нысандары құрылысы бойынша жұмыстар алғашқы орынға шыққан. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 8,9 млн. шаршы метр болған.
Жеке құрылыс салушылар 4,4 млн. шаршы метр тұрғынжай салған.
Осы жылы білім беру және денсаулық сақтау саласында 52414 оқушы орнына арналған 114 жалпы білім беретін мектеп, 19120 орынға арналған 121 мектепке дейінгі ұйым, 1300 төсек-орыңдық 6 аурухана және ауысымында 5185 келушіге арналған 71 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілген. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындылары да көңіл қуантарлық.
Саланың үдемелі дамуы елімізде халық шаруашылығы мен әлеуметтік саланы дамыту мақсатында қабылданып, жүйелі түрде орындалып келе жатқан стратегиялық бағдарламалар мен жоспарларға тікелей байланысты.
Сондай-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салааға бөліп отырған ынта-ықыласы да құрыш қолды кәсіп иелеріне үлкен серпін беруде.
Мемлекет басшысының қамқорлығы нәтижесінде Қазақстан шаһарлары әлемге жаңа, заманауи сәулетімен танылуда.
Ірі қалаларда ғана емес, сондай-ақ шағын елді мекендерде де көз тартарлық ғимараттар бой түзеп, көз қуанышына айналуда.
Басты мемлекеттік құжат – «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Жолдауында құрылыс жүргізу мен шағын қалаларды дамыту бойынша сала алдына межелі міндеттер қойылды.
Кейінгі «Ұлт жоспары — 100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты аса маңызды бағдарламаның 48-қадамына сәйкес нақты шаралар қолға алынбақ.
Атап айтқанда құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісі енгізілмек.
Бұл өз кезегінде баға қалыптастырудың жаңа әдісі арқылы материалдардың, бұйымдардың, жабдық пен еңбекақының қолданыстағы бағаға сәйкес нақты нарықтық бағасына орай сметалық құнын айқын анықтауға мүмкіндік береді.
Ал, 49-қадам еліміздің құрылыс саласын инновациялық технологияларға негіздеуге арналған.
Бұл қадамның мақсаты құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еврокодтар жүйесін енгізу болып табылады.
Бұл құрылыс нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, шетелдік қызмет нарығына шығуына мүмкіндік бермек.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізу нарығында беделі биік, белгілі құрылыс кәсіпорындары жеткілікті, әсіресе «ABS Group», «Азбука жилья», «Әлем құрылыс», «Базис-А», «СМР Павлодар», «Геостройсервис» компаниялары құрылыс жұмыстарының көлемі, сапасы мен бағасы бойынша көшбасшылар сапында.
Экономика дамуына қоғами сипат беріп, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбегі қашан да сыйлы, қашан да елеулі.
Жетпісбай Бекболатұлы
© economics.kazgazeta.kz