Отандық ауыл шаруашылығы мамандары КХР-дың Хэ-нань провинциясының егіс алқаптарын аралады
28.11.2016, 14:00

Отандық ауыл шаруашылығы мамандары КХР-дың Хэ-нань провинциясының егіс алқаптарын аралады

Бүгін Қазақстан мамндарының Қытай Халық Республикасына арнайы сапары Хэ-нань провинциясының Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының зерттеу кешенінде жалғасты.

«Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Сағитов бастаған топ ең алдымен, академияның шаруашылық бас кеңсесінде болып, мекеме басшысы Чжан Ке Ху жетекшілігіндегі ұжыммен танысты.

«Біздің мақсатымыз айқын. Екі елдің ауыл шаруашылығы мамандары арасындағы байланысты жолға қою керек. Өзара тәжірибе алмассақ, ұтыла қоймайтынымыз анық. Теория теориясымен, бәрібір көзбен көріп, қолмен ұстағанға жетпейді. Академияларыңыздың жаңа заман талабына сай салынып, жабдықталғанын көріп отырмыз. Технологиялық құралдарыңыздың трансферті тұрғысында өзара ымыраға келеміз деген ойдамын», - деді А.Сағитов.

Өз кезегінде, Чжан Ке Ху академия құрылымы және жұмыс жүргізу тәртіптерімен таныстыра отырып, 450 гектар аумақты жай уақыттары 100, ал терім маусымдарында 1000 адаммен игеріп отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, мұнда техникалық басымдықтың арқасында адами факторға көп нәрсе байланбағанымен, түрлі өнімнің 600 сұрыбы өсіріліп жатқан орталық үшін кейде көп мөлшерде қол күші де керек болады.

Бұдан соң ол Қазақстан өкілдерін орамжапырақ өсіретін алқаптарға алып барды. Онда аталған телімдерге жауапты ғалым Ке Ви Чан орамжапырақтың қолдан алынған түрлерімен таныстырды. Атап айтқанда, сопақша әрі өте үлкен және ішкі өзегі сары және көк түсті өнімдердің бірі – дәмі және түсі бойынша сәбізге ұқсастығымен, тағы бірі егілгенінен 40-60 күннің ішінде жинап алынатынымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, мұндағы орамжапырақтарға ортақ қасиет – олардың суыққа төзімділігі және қыс айларында да өсе беретіндігі.

Бұл орайда, қытайлық мамандар әріптестерін осы алқаптарға жапсарлас жатқан 3 гектарлық жүзім телімдеріне жетеледі. Бұл орында жүзім өсіру ғалымы Ли Уи гектарына 5 тоннадан өнім алатынын айтты және 66 сұрыпты өнімнің негізінен дастархан басында тұтынылуы үшін өсірілетінін жеткізді.

Ал жуық маңдағы гүлдер мен көкеністердің жылыжай комбинатында ғалым Ма Кай гүл өсінділері мен өсімдіктер балаусаларын өсірудің құпияларымен бөлісті. Оның ішінде, ең таң-тамаша қалдырғаны – қияр кесіндісін асқабақ сабағына телу арқылы қиярдан мол өнім алу болды. Яғни, асқабақтың мықты тамыры қиярдың нәрленуін арттырады.

Сонымен қатар, Ма Кайдың әріптесі Уаң Ли Мин жылыжай кешеніндегі климат бақылау және өсінділерді зерттеу құрылғыларымен таныстырып, лабораториялық ортаның барынша өндіріске жақындатылғанын ертіп жүріп көрсетті.

Арнайы топ академиялық кешенді аралаудың соңында геніне өзгеріс енгізілген алмұрттың 9 сұрыбы өсірілетін телімді аралап, олардың дәмін татып, қазақстандық ортада өсірілу мүмкіндіктерін өзара талқыға салды. Мұнда да таң қалдырған жайт – дәмі мен көлемі қауын немесе ірі әңгелекпен шамалас алмұрт сұрыбы болды.

Академия басшысы Чжан Ке Худың сөзінше, бастапқыда 33 алмұрт сұрыбы қолға алынып, нәтижесінде 9 сұрыбы жергілікті жағдайларға бейімділігін көрсеткен және де бұл үрдіске бар болғаны 186 жұмысшы жұмылдырылған.

«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген. Бұл ең алдымен, техника және технологиялық жетістіктер. Әрине, біз олардың өз елімізде ендірілуіне мүдделіміз. Қытай елімен технологиялық трансферт дегенде де, бірінші кезекте, біз бүгін тамашалаған қолданыстағы құрылғыларды атаған болар едім. Екі жақты алмасу – тек қана оң әсер береді», - деп атап өтті арнайы топ өкілінің бірі, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Н.Серікпаев.

Жалпылай алғанда, қазақстандықтар жоғарыда аталып өткен бөліктерден бөлек, қытайлық әріптестерімен траншея қазып, тыңайтқыш себу және зиякестерге қарсы зиянкес жәндіктерді пайдалану және жеміс ағаштары ауруларының алдын алу мен жемістерін қаптап ұстау тәсілдері бойынша  өзара тәжірибе алмасып қайтты.

Айта кетейік, сапар мақсаты – екі елдің сала мамандарының тәжірибе алмасып, өзара араласуына жағдай жасау және ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы ғылыми-техникалық жаңалықтармен бөлісу.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер