Мамандардың айтуынша, аталған дақылдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру интенсивті технологияларға тікелей байланысты. Сондықтан Голландиядан 300 тонна жоғары сортты тұқым сатып алуға қаражат бөлінді. Текес ауылындағы элиталық-тұқым шаруашылығында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл мұнда 300 гектар жерге картоп егіледі.
Шаруашылықтың өнім сақтайтын қоймасы мен техникалық паркі де сақадай сай. Ұжымдағылар жұмысты интенсивті технология бойынша атқарудың тиімді екенін жақсы біледі. Бірақ мұнда оған мүмкіндіктер шамалы.
Талғат Нүсіпжанов, элиталы тұқым шаруашылығының жетекшісі:
- Бізде бұрын бассейндер болған Совет өкіметі кезінде. Қазір бассейндердің бәрі жабылып қалды. Сондықтан қазір сол технологияны қолдана алмай отырмыз, арықпен суарып жатырмыз. Райымбек ауданы картоп өсіру бойынша облыстағы жетекші өңір. Мұнда 9 мың гектар алқапқа егіледі. Тұқым алумен 4 шаруашылық айналысады. Олардың барлығы қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста. Биыл аудан Голландиядан жоғары сортты картоп тұқымын сатып алуға келісім жасаған. Таулы өңірге облыс тарапынан тиісті көмектердің бәрі көрсетілуде.
Амандық Баталов, облыс әкімі:
- Тағы 2 сервистік-дайындау орталығын ұйымдастырып, сол крестьяндарға жерін жыртып беретін, өсірген өнімін жинап беретін сондай заманға сай жаңа ауыл шаруашылық техника сатып алып береміз. Келесі жылғы көктемнен бастап, Алматы облысында картоп өңдейтін зауыттың құрылысы басталмақ. Кәсіпорынға картопты уақтылы жеткізіп отыру үшін егістік жерлердің мәселесі де шешілді.
Атап айтқанда 8 мың гектар жер бөлінбек. Негізгі инвесторға жергілікті кәсіпкерлер серіктес болады. Зауыт Іле ауданындағы индустриалдық аймаққа салынады. Алғашқы өнім 2020 жылғы күзден бастап шығарыла бастайды. Бастапқыда зауыт жылына 50 мың тонна картофель-фри шығарады. Уақыт өте келе оның көлемін 70 мың тоннаға жеткізеді. Заманауи зауыттың салынуы өңірде картоп дақылын көптеп өсіруге ықпал етеді дейді мамандар.