Бұл шара Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының 42-қадамында нақты белгіленген болатын. Ұлт жоспарының осы қадамындағы «Кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялауды енгізу» мәселелері аясында арнайы заңнамалық қамту жұмыстары да былтыр атқарылғаны белгілі. Ол бойынша жалпыға бірдей декларациялау, атап айтқанда барлық кәмелетке толған азаматтарға, оралмандарға және тұруға ықтиярхаты бар адамдарға қатысты болады. Сонымен қатар, тек мүлкі болған немесе табыстарын қазақстандық көздерден алған жағдайда ғана кәмелетке толмаған және шетелдік азаматтарға да қатысты болады. Келесі жылдан қолданыла бастайтын декларациялаудың мән-маңызы қандай?
Үкімет бекіткен жоспарға сәйкес, қазақстандықтардың жалпыға бірдей декларациялауға көшуі 2017 жылы және 2020 жылы ретінде белгіленіп, ол бойынша декларация тапсыру міндеті жүктелген адамдардың тобына қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, 2017 жылғы 1 қаңтардан басталатын 1-кезеңде Жалпыға бірдей декларациялау субъектілеріне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары (мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, соттар, Ұлттық банктің қызметкерлері), ұлттық компаниялардың, холдингтердің әкімшілік персоналы, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері енетіні көзделген.
Ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілетін екінші кезеңде еліміздің қалған бүкіл халқы декларациялауға көшеді. Бірінші кезеңде жалпыға бірдей декларация тапсыратын адам саны 1,8 млн-ға жуықты құрайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, сондай-ақ олардың жұбайы - 557 мың адам, Ұлттық холдинг, компания қызметшілері - 44,7 мың адам, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар қызметшілері - 1,2 млн. адамды құрайтыны болжанған. Екінші кезеңде шамамен декларациялауға 11 млн-ға жуық адам қосымша қосылады. Осылайша, декларациялауға жаппай көшуден соң халық жыл сайын тапқан табысы, сатып алған немесе сатқан мүлкі туралы декларация тапсырады. Бұл ретте жалақы, зейнетақы алатын зейнеткерлер, стипендия ғана алатын студенттер, жалдамалы жұмыскерлер ешбір цифрсыз бiр парақтағы қысқаша декларация тапсырады. Егер адамның кіріс көздерінің аясы кеңірек болса, онда ол толық декларация тапсырады. Алдын ала деректер бойынша декларация тапсыруға мiндеттi адамдардың жалпы санының 70 пайызы қысқаша декларация тапсыратын секілді. Бұл шамамен 8 млн. адам. Бұдан басқа, жалпыға бірдей декларациялау туралы заңнамада активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғаннан кейінгі 3 жыл ішінде декларация тапсырған тұлғаларды тексеруге тыйым салу белгіленген.
Жалпы алғанда заңға сәйкес жеке тұлғалар Активтер мен міндеттемелер туралы декларация, Кірістер мен мүлік туралы декларация, сондай-ақ Кірістер туралы қысқаша декларация тапсыратын болады. Кірістер мен мүлік жөніндегі декларация Қазақстан аумағында, сондай-ақ елімізден тыс жерлерде тапқан кірістер жөнінде жыл сайын декларация өткізу үшін жасалған. Шығыстарға декларация беру, тек қана «көлемді» (жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар сатып алғанда, үлеске қатысу, кіру және т.б.) заттар сатып алғанда ғана тапсырылады. Кірістерге тек қана еңбекақы және зейнетақы құрайтын тұлғалар үшін жылда өткізетін декларацияның жеңілдетілген түрі әзірленген, ол бір парақта ғана болады.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда елдегі және шет елдегі мүлік, жинақтар туралы, кредиторлық және дебиторлық берешек туралы мәліметтер көрсетіледі. Ол бір рет тапсырылады, алшақтықтар болса, кейіннен түзетілуі мүмкін немесе тиісті заңдардың талаптарына қарай толықтырылып отырады. Сондықтан азаматтарға оның маңыздылығын түсіндіріп, жеткізу аса қажет. Осылайша декларацияның үш түрі белгіленген.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні декларация өткізудің үш түрі: пошта арқылы қағаз нұсқасын жіберу, келіп өткізу тәртібі бойынша қағаз нұсқасын өткізу, электрондық түрде өткізу қарастырылған. Қазақстанда декларацияларды қабылдап және өңдейтін 215 орталық бар, онда барлығы 2097 қызметкер жұмыс істесе, олардың тек қана 220 қызметкері ғана салықтық есептерді қабылдаумен айналысады екен.
Осылайша, келесі жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың тетігі іске қосыла бастайды. Алайда, декларация тапсыруды ұйымдастыруға қатысты мәселелер түбегейлі шешімін тапқан деп айтуға ертерек тәрізді.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов қазірдің өзінде көптеген азаматтар декларация деректерін өз бетінше дұрыс толтыра алмайтынын, оларға көмек көрсетіп, кеңінен консультация беру қажеттігін ескертеді. Өйткені декларацияны дұрыс толтырмаған жағдайда алғаш рет оған ескерту беріледі. Ал қателіктер қайталанса, ол шамамен 64 000 теңге айыппұл төлейтін болады. «Егер қарапайым азаматтың жалақысы 40-50 мың теңге болса, ол мұндай айыппұлды қалай төлейді? Осыған байланысты мұндай айыппұлдың мөлшерін азайту керек. Сосын декларацияны толтыру қарапайым әрі кез келген адамға да түсінікті болуы үшін оның мазмұнын мүмкіндігінше оңтайландыру, қысқарту қажет», - дейді Н. Сабильянов.
Бұдан бөлек, депутат декларацияда қолма-қол ақша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 160 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомада көрсетілгеніне назар аударады. Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы бұл шекті мөлшер 3,6 млн. теңгені құраған еді. «Мысалы, егер азамат жылдың аяғында, мәселен 27 желтоқсанда пәтерін немесе үйін 7 миллион теңгеге сатып, жаңа жылдан кейін басқа үй алғысы келсе онда ол декларацияда қолма-қол ақшасы ретінде 3,6 млн.теңгені көрсетіп, қалған 3,4 млн.теңгені банкке салу керек екен. Бұл жерде банктің мүддесі байқалады. Осыған байланысты, декларацияда көрсетілетін қолма-қол ақшаның шекті мөлшерін 60 млн. теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынамын. Сонымен қатар, жеке тұлғаның қалауы бойынша құны 160 ең төмен жалақыдан (3,6 млн. теңгеден) асатын биологиялық активтер, мәдени құндылықтар, асыл тастар мен қымбат бағалы металдар, зергерлік бұйымдар көрсетілуі мүмкін екені де жазылыпты. Бір нәрсені не көрсетуге міндеттеу қажет не «қалауы бойынша» декларациялау мүмкіндігін мүлдем алып тастау қажет», - дейді Н. Сабильянов.
Тағы бір мәселе, жоғарыда айтылғанындай, елімізде алдағы уақытта шамамен 8 млн. адам (декларация тапсыруға міндетті 11 млн. адамның 70 %-ы) қысқаша декларация тапсырады. Осыған орай, депутат Н. Сабильянов табысы аз болса, онда қоғамды алаңдатып, жеке тұлғаларды кірістерін декларациялауға міндеттеудің қажеті бар ма деген сұрақты көлденең тартады. «Сондай-ақ жұмыс берушілердің жеке табыс салығын, зейнетақы аударымдарын төлеуі арқылы Қазақстанның барлық тұрғындарының кірісі туралы мәліметтер алудың басқа да тәсілдерінің бар екенін ескерген жөн. Бастапқыда халықтың кірістері мен шығыстарының ашықтығын қамтамасыз ету және жеке тұлғалардан бюджетке жеке табыс салығының түсуін ұлғайту міндеті тұрған болатын. Халықтың әл-ауқаты мен нақты кірісін арттырмай бұл міндет шешілмейді», - дейді ол.
Бұдан бөлек, депутат кірістер мен шығыстарды жалпы бірдей декларациялауды енгізудің кезеңдеріне өзгеріс енгізуді де қолдайды. Мәселен, оның айтуынша, декларация тапсыру «Электрондық Үкімет» порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады, ал Қазақстанның көптеген ауылдарында интернет жоқ. Өйткені, Индустрия және даму министрлігі еліміздегі ауыл халқын Интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділік қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі жобаны екі кезеңмен іске асыруды жоспарлап отыр. Бұның 1-кезеңі 2016-2018 жылдар - 1 291 ауылдық елді мекен, 2-кезең - 2019-2025 жылдар - 4 283 ауылдық елді мекен. Осыған байланысты депутат Нұртай Сабильянов бұл ретте пошта арқылы немесе декларацияларды қабылдау пункттеріне жеке өзі келіп қағаз түрінде декларация тапсыру бойынша ауыртпалық түсетінін айтып отыр. Ал бұндай шараларға ауылдардағы пошта қызметі дайын ба? «Егер жеке тұлғалар декларацияны өзі келіп тапсыруды таңдаса, онда олар салық қызметіне баруға тиіс. Салық қызметі қызметкерлерінің штаты шектеулі болғандықтан, халық көп жиналып, бұл жерде орасан кезектің болатыны анық. Бұған қоса, Бірыңғай базаның жұмыс істеуі үшін мәліметтер қағаздағы декларациялардан салық қызметінің бағдарламасына көшіріліп, электрондық нұсқасы жасалады. Тиісінше бұл да қосымша жұмысты қажет етеді. Егер салық қызметінің қызметкері көшіру кезінде қате жіберген жағдайда не болады? Қатені кім түзететін болады? Сондықтан кірістер мен шығыстарды жалпы бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңін 2017 жылдан 2022 жылға, ал екіншісі кезенін 2020 жылды 2025 жылға, яғни ауылдық елді мекендер интернет желісімен толық қамтамасыз етілгенге дейін ауыстыру қажет деп санаймын», - дейді депутат Сабильянов.
Тұтастай алғанда, депутат жалпыға бірдей декларациялауды енгізуден көлеңкелі экономика азаятыны күтіліп отырғанын назарға ала келе, осы бағытта аса маңызды қадамдардың кешенін бірге жүзеге асыру керектігін алға тартады. «Ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға және оны салық салудан жалтарып кетуге ықпал ететін жалған кәсіпкерлік проблемасын шешпей, көлеңкелі экономика жойылмайды», - дейді ол.
Айта кетерлігі, бірқатар сарапшылар Қазақстандағы көлеңкелі экономиканы 19-20 пайыз аралығында деп бағалайды. Әрине, бұл нақты көрсеткіш емес. Дегенмен, әлемнің барлық елдеріндегі секілді Қазақстан экономикасы да «көлеңкелі тұстардан» ада емес. Ал сол «көлеңкеден» қаражатты қалай алып шығудың тәсілі, онымен күрес жолдары қалай? Бұл әр елде әртүрлі. Дегенмен, күрес сапалы жүргенде ғана нәтиже де көңілге қонымды бола түседі. Үкімет жалпыға бірдей декларация арқылы көлеңкелі экономиканың түбірін жоймаса да, біраз бөлігін жарыққа шығаруға болатынын алға тартады. Әлбетте ол солай болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, экономиканы көлеңкеден шығару үшін сонымен бір мезетте бизнесті жүргізу процедураларын барынша оңайлату, жеңілдету де қосымша бағыт ретінде күн тәртібінен еш түспеуі керек екені сөзсіз.