Роберт Кийосаки білім жүйесінде үш түрлі білімнің бар екенін айтады. Біріншісі – жалпы білім, яғни, мектеп. Оқу, жазу, сызу мен есептеуді үйренесіз. Екіншісі – кәсіби білім, яғни, университет. Белгілі бір кәсіпке машықтанасыз. Үшіншісі – қаржылық білім. Бұл туралы ешбір оқу орнында айтпайды. Неге? Себебі билік пен байларға қалтасын қалыңдатар, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын жақсы жұмыскерлер керек. Мектеп пен университет сол орта таптың жақсы жұмыскерлерін үздіксіз дайындап шығаратын жүйе. Ал қаржылық білімі барлар мақтан үшін шашылып, той жасау үшін несие алып жүрмейді, яғни, билік пен байлардың қалтасын қалыңдатпайды. Сол себепті де билік пен байларға кәсіби, жауапты жұмыскерлер, бірақ қаржылық тұрғыдан сауатсыздар қажет. Күндіз-түні қарынның қамымен жүретін халық биліктің илеуіне, байлардың тонауына ыңғайлы. Әсілі, қаржылық сауаты жоқ халықтың саяси сауаты да, басқа сауаты да болмайды. Себебі қарынның қамымен жүретін қара халықтың елдің, жердің, руханият пен саясаттың мәселесіне мойын бұрар мұршасы болмайды. Ал билік пен байлық бір-бірінсіз өмір сүрмейді. Аш-жалаңаш кедейдің ел басқарғанын қашан көрдіңіз? Ешқашан! Биліктегілердің бизнесі бар. Ал ауқатты байлардың билікке ықпалы күшті...
© reactor.inform.kz