«Кеңес Одағы кезінде халық шаруашылығын дамытудың бесжылдық, үшжылдық жоспарлары болды, ал стратегиялық жоспар болған жоқ. Еліміз Тәуелсіздігін алғаш алған жылдардың өзінде Елбасы Н.Назарбаев стратегиялық жоспарды енгізді. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050», Мәңгілік ел сияқты стратегиялық жоспарлар – еліміздің ұзақмерзімді даму бағыты. Бір үлкен институттың істейтін жұмысын Елбасы өзі істегендей болды. Біз соның бәрін халыққа насихаттап, мақалалар жазып, конференциялар ұйымдастырып отырдық» деп тарқатқан ғалым.
Сондай-ақ, академик өздеріне қатысты философия ғылымы саласындағы оңды өзгерістің бірін тілге тиек еткен.
«Осы күнге дейін қазақ философиясы деген термин болмаған. Біз соны қалыптастырдық. Түркияға барғанымызда «Сендерде түрік философиясы бар» дегенімізде олар бізбен айтысып, «Бізде ондай философия жоқ, ислам философиясы бар» деген болатын. Қазір олар мойындады. Осылайша, біз «түрік философиясы» дегенді ашып, дәлелдеп шықтық. Қазақ философиясы, ислам философиясы бар. Қазақ философиясы туралы алғаш айта бастағанда кейбір ғалымдар күліп, мысқылдап отыратын. Қазір әлемдік конгрестерде қазақ философиясы бойынша баяндамалар жасап жүрміз. Қазір қазақ философиясын әлем мойындады» деп түйіндеген Ә.Нысанбаев.