«Жаздың күні маған бір бақуат қытай азаматы келді. Үшқоңырдағы жайлауда үш мың бұқам жайылып жүрген. Елден «Кіл қоңды бұқасы бар» деп естіген екен, әлгі кісінің басы айналып кетіпті, бірден: «Бәрін сат, Қытайға қазір алып кетемін», деп қолқалады. Тірідей салмағы бойынша килограмына 3 мың теңгеден төлемек. Ал керек болса, әжептәуір ақша! Мен бірден былай дедім: «Көп қиыншылық көрдім, осы үш мың бұқа үшін мен қаншама тер төктім, ең болмаса қызығын көрейін. Алдымен елімді етпен қамтамасыз етейін. Сондықтан да сата алмаймын. Бұл ет әрі өте таза. Қазір бұдан басқа 5000 сиыр Бақанастың құмында жайылып жүр». Одан да деп алдым да, оған ұсыныс жасадым, екеуміз кәсіби тұрғыда одақтасайық, мендегі қазіргі мал басын 20-30 мыңға дейін жеткізейік. Өз тарапымнан Үкіметтен тағы да 30 мың гектар жер сұрайын, 50 мың гектарға екеуміз болашақта санын еселеп көбейткен әлгі 20 мың сиырды бірігіп асырайық. Содан соң ғана сіздерге асықпай ет жібере бастаймыз дедім. Ол: «Жоқ, ірі қара малының еті маған қазір керек еді», дейді. Тіпті асығыс. Мен: «Жоқ, сата алмаймын», дедім. Менің қазіргі мақсатым, малдың басын көбейту екенін түсіндірдім. Ол да, мен де бір-бірімізді ұғындық. Әңгімеміз осы жерден үзілді. Жылы қоштасып, шығарып салдым. Дегенмен, ойланып қалдым. Әр сиырдың тірідей салмағын есептегенде бір қилограмына 3500 теңгеге дейін беремін дейді, көрдіңіз бе?! Біздегі базар бағасы 1500 теңге, енді осыған қарап саралай беріңіз...» деп әңгімелеген спорт ардагері.
Сондай-ақ, ол экспорт мәселесіне көңіл бөлу керектігін баса айтыпты.
«Экспорт деген бар емес пе, ол қанатын жайса, біздің еліміздің өскендігі, елдің қорына қаражат құйылады. Бірақ, ол үшін біз алдын ала мал басын мейлінше көбейтіп алуымыз керек қой. Сонда ғана бәсекелеспен иық тіресіп сөйлесеміз. Біздің Алматы облысында мен сияқты 3000-нан әрі қарай ірі қара мал басын ұстап отырған бес-алты фермер бар. Олар бар малын бір күнде сата салмайды. Ал әр ауылдың әр үйі бір сиыр, көп болса екі сиыр, бұзау ұстайды. Шетелдік әріптесім ерінбей ауыл араласа барлығы жиналғанда қолдағы мың қаралы сиырды мүйізінен сүйреп алып кете ме деп қорқамын. Килограмына 3,5-5 мың теңге беремін десе, кім шыдап тұрар дейсіз?! Базар бағасын жоғарыда айттым. Мұндай жағдайда ауыл адамы келген қалталы қонаққа сиырын ноқтасымен жетектетіп жібереді ғой. Міне, мен содан, халықта – ауылда мал қалмай қала ма деп, содан қауіптенемін. Бірақ, кейде сол ауылдың өзінен жай күні барып мал сатып ала алмайсың, қазір жұрттың бәрі мал басын көбейтуге кіріскен, соның қамын жасап жатыр, ертеңгі күнін ойлайды» деп алаңдаушылығын білдірген ардагер.
Бұдан бөлек, спортшы-кәсіпкер биологиялық препараттар арқылы мал қоңын лезде көтеретін тәсілдерге қарсылығын да айрықша атап өткен.
«Жоқ. Біз де адам баласымыз ғой. Мен ондайға жол бермеймін. Өйткені менің ең бірінші жүрек қалауымен алған мамандығымның өзі зоотехник. Малды күтіп-баптаудың жайын білеміз, қыры мен сырына бала кезден қанықпыз, ауылда өскеннің артықшылығы сол. Мемлекет сіз айтқан ол мәселені қалт жібермей бақылауда ұстап отыр, менің өзім Премьер-Министрдің, оның орынбасарының аграрлық сала бойынша кеңесшісі қызметін атқардым, демек, маған ондай қатқыл қадағалау жақсы таныс» деп түйіндеген сөзін Ж.Үшкемпіров.