Зауыт жылына 3 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда қос бірдей желі жұмыс істейді. Алдымен, балық сүйегінен ажыратылады, сосын сүбе еттен филе жасалады. Тіпті, қалдығынан ұн да шығарылады екен. Тиімділігі сол, шикізат қалдықсыз өңделеді. «Сапалы өнімге сұраныс та жоғары», – дейді цех басшысы.
«Хамит» селолық тұтынушылар кооперативі жылына өндірген өнімінің 70 пайызын шетелге жөнелтеді. Қазір зауыт балықтың сүйектен ажыратылған таза еті мен қақталған түріне басымдық берген. Кәсіпорын өз өнімін ЕуроОдаққа кіретін мемлекеттердің нарығына шығаруға арнайы рұқсат алған еліміздегі 10 балық өңдеуші зауыттың бірі.
Зауыт негізінен көксерке мен алабұғаның таза етін экспорттайды. Қақталған қаракөз бен табанға да сұраныс жоғары. Сондықтан өндіріс басшылығы балық шабағын Қарағандыдан тасымалдап, оны қолдан өсіріп жатыр. Соның арқасында Ресей, Беларусь елдерімен қатар, Германия мен Францияға дайын өнімдерін экспорттауға көшті.