Оксфорд университетінің биологы Бэрри Джунипердің пайымдауынша, жер бетіндегі ең алғашқы алманың түп-тамыры Тарбағатай тауларында пайда болған көрінеді. Бұған Британ ғалымдарының жеміс ДНК-сын ұзақ жылдар бойы зерттеулерінің де нәтижесі себепкер болып отырғаны айқын. Алайда, ұлыбританиялық жазушы, журналист, «Сага» беделді әдебиет сыйлығының иегері, көптеген деректі туындылардың авторы Кристофер Роббинс одан сәл бұрынырақ Қазақстан жайлы жазған «Қазақстан алманың отаны» атты кітабында бұл елді «алма мен қызғалдақтар отаны» деп үлкен баға беріп кеткен болатын.
Роббинстің Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Тарбағатайдың биік тауларында кейінгі өркениет құрығы жете қоймаған аймақтарда алманың өсіп тұрғаны жайлы, оның ғаламшарымыздағы ең алғашқы алманың атасы екендігі (Malus sieversii) туралы қалам тербегендігі әлемде әжептәуір резонанс туғызғаны жасырын емес. Ғалымның жазғанына қарағанда, ежелгі дәуірлерде осы өңір «Жұмақ бағы» деп аталған көрінеді. Қазақстанның Қытаймен шектесетін таулы аймағында екі мың метр биіктікте өсетін бұл жемістің тұқымы әлі де сақталған. Джунипер жариялаған тағы бір дерек: гибрид жеміс саналатын «Грэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» секілді алманың британиялық сұрыптары ежелгі заманда Қазақстан аумағынан жеткен көрінеді. 1796 жылы Иван Сиверс дәл осы Тарбағатай тауларынан үлкендігі адам таңғаларлықтай алма көргендігін жазғаннан бері «Сиверс алмасы» атанған бүгінгі алманың атасының қандай болғандығын біздің ата-бабаларымыз жақсы білген... Джунипер мен Оксфорд университеті биолог- ғалымдарының зерттеу қорытындылары осы кезеңдерге дейін алма басқа жемістердің араласып, табиғи будандасуы арқылы ұзақ жылдар еншісінде пайда болған деген жаңсақ тұжырымды жоққа шығарды. Ғалым бұл өңірде өркениеттен қағаберіс қалған алманың өзі бүгінде небәрі жиырма пайыздай ғана дейді. Күмәнмен қарауға тура келеді. Бәлкім, бұдан да аз болуы кәдік.
АЛМАНЫ ЗЕРТТЕУ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН?
Дегенмен, жабайы қазақ алмасын зерттеу арыдан басталғанын айта кеткен орынды. Қазақстандық ғалым, профессор Аймақ Жанғалиев ағамыз осынау алты мың жылдық тарихы бар жабайы алманы елу жыл зерттегенін жоққа шығаруға болмайды. 1941 жылы қазақ алмасының арғы түп-тамыры жайлы докторлық диссертация да қорғаған. 1989 жылы елімізге Корнелл университетінің профессоры Олдуинкл осы кісінің шақыртуымен келіп, екі апта жатып бұл жемістің қыры мен сырына тағы да үңіледі. Корнелл универсиетіне оралғасын ол әлденеше сенсациялық мақалалар жариялап, оған әлемнің АҚШ, Германия, Оңтүстік Африка республикасы секілді мемлекеттері үлкен қызығушылық танытады. Қазақстанға жаңа экспедициялар ұйымдастырылып, жаңа бағдарламалар қабылданады. Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері, жабайы алманың түп-тамыры мен оны будандастыру жолын зерттеуші ғалым-биолог Татьяна Салованың айтуы бойынша, Тарбағатайдың жабайы алмасы табиғат-ана уақыт өткелегінен өткізіп берген бүгінгі дайын сұрып. Бұл үлкен істің басында атақты ғалым, академик Вавилов тұр. Кезінде баспасөз беттерінде ол кісінің жабайы алманың қасиеті мен пайдасы жайлы ұшан-теңіз ғылыми еңбектері жарық көрді, барлық саналы өмірін осы салаға арнады. Алайда, осынау жабайы жеміс әлі күнге дейін заңды тіркелмей, некесіз туған нәрестенің күйін кешіп отырған көрінеді.
Әлқисса, Тарбағатай тауларында өсетін осынау дәмі тіл үйіретін пайдалы бұл жемістің тұқымы енді әлемге қалай тарағандығы жайлы пайымдар.
Зерттеуші ғалымдар бұл процессті биік тауларда қоныстанған кәдімгі аюлармен байланыстырады. Әлбетте, өсіп тұрған алманың ең тәттісі мен үлкенін жеп тойған таудың қоңыр маймақтары төрткүл дүниеге мұны табиғи жолмен таратқан көрінеді. Алдымен Парсы шығанағына жеткен жеміс тұқымы өсіп, өркендеп саялы бақтарға айналып, Рим легионерлері арқылы Еуропа, оның ішінде Ұлыбританияға да қоныстана бастайды. Сөйтіп, Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан жер бетіне келуіне себепкер болды делінетін жеміс адамзат баласының ең бір сүйікті асына айналады. Алайда, бүгінгі күні түп-төркіні өзімізден шыққан осынау шырынды жемісті дұрыс пайдалана білмей жүргеніміз ақиқат. Кеңес одағы кезінде таулы өңірлердегі барлық колхоз, совхоздардың аумағы атшаптырым өздерінің алма бақтары болды. Онда қаншама бағбан еңбек етті. Жеміс шырыны, әртүрлі қайнатылған тосаптар шығаратын зауыттар қарқынды жұмыс жасап тұрғанын бүгінде көзі тірі жандар жоққа шығармайды. Ол тұста Үкімет тарапынан алма бақтарын ұстап тұру үшін арнайы қомақты қаражат бөлініп, өнім әйтеуір, бір кәдеге асып жатушы еді.
АЯҒЫМЫЗДЫҢ АСТЫНДА ЖАТҚАН БАЙЛЫҚ
Жыл сайын күз айларында әр аулада сасып-шіріп жатқан осынау жемісті көргенде етегіне бидай төксең, етігіне сүрінер еріншектігімізге еріксіз налисың. Ал, адам денсаулығына аса пайдалы дәрумендерге бай жемістің құрамында алма қышқылы, темір, май, қант, силлолоза, алуан түрлі дәрумендер, минералды заттар мол. Мәселен, бір алма құрамының 83-88 пайызын су, 7,5-16 пайызын қант, 0,2-0,5 пайызын қышқыл, 9,5-18,5 пайызын құрғақ қалдық, А,В1, В2, В6, С, РР дәрумендері, тағы да көптеген минералды заттар құрайтын көрінеді. Ас қорыту жүйесіне де тигізер жағымды әсері ерекше, ағзаны тазалауда да атқарар қызметі орасан. Асқазан, ішек, жүрек ауруларына да мыңнан бір ем. Иісі мұрын жаратын мұндай алманың әрқайсысының салмағы кезінде 1-1,8 келі болатын. Бүгінде тәтті жемістің орнын көрші мемлекеттен келетін алмалар басқан. Құрт екеш құрт та жемейтін ендігі алмалар қазір төрімізге еніп, дастарханымыздан берік орын алғаны шындық. Табиғи, таза жеміс жоқтың қасы болып тұр. Сиверс алмасын да, апортты да армандаудан басқа амал жоқ. Тек Тарбағатай тауларының күнгей бөктеріндегі ауылдарда ғана дәмі тіл үйірер бұл жеміспен қауыша аласыз.
Серікбол, Үржар ауданындағы Көкөзек ауылының тұрғыны:
- Бұл өңір алманың отаны деген сөзді естігенімізге біраз жыл болды. Болса болар. Биік тау басында әлі де жабайы алма сақталған. Жаздың соңы, күздің басында біз жолдастарымызбен саяхатқа шығамыз. Өзінің ірілігімен, дәмділігімен көзге түсер алма сыңсып тұр. Дейтұрғанмен, ауылдағы әр отбасының ауласында алма бағы бар болғандықтан, жасыратыны жоқ, көбінекей бұл жемістің мәдени түрін ғана пайдаланамыз.
Мэлс Ысқақов, Семей қаласының тұрғыны:
- Ұстаз болғандықтан, жаз айларындағы демалысымызды туған жерде өткізуге тырысамыз. Сонда Үржар алмасынан дәм татуға мүмкіндік болып жатады.Бұл аймақтың алмасының дәмі тіл үйіреді, дәрумендерге аса бай екендігі ешкімге жасырын емес. Нағыз таза, табиғи жеміс осы Тарбағатайдың күнгейінде ғой.
Шыңғыс Базаров, Барқытбел ауылының тұрғыны:
- Мен бүкіл саналы өмірімді осы Тарбағатай қойнауында өткізіп келе жатқан жанмын. Тауды да бір кісідей араладым. Сонда көзімнің жеткені: алмалардың отаны - бұл жерден Сиверс алмасын жеген де арманда, жемеген де арманда. Кезінде биік тау басындағы жабайы алманың сайда шіріп жатқанын да көретінбіз. Менің ойымша, ол әлі де солай болып жатқан шығар. Туризм кластерін дамытуға өте қолайлы жер. Байлық аяқтың астында.Тек Үкіметтің арнайы бағдарламасы қабылданып, сол бойынша жұмыс істелсе құба-құп,-дейді.
Үкімет бүгінде бұл істі қолға алған. Алма бақтарын жаңғырту үшін әр гектарына 549 мың теңгеден субсидия бөлінген. Ал жасыл түп жеміс бергенше оны баптап өсіруге қалған жылдары 70- 80 мың теңгеге дейін қаражат бөлінеді.Осылайша Қазақстанда 2016 жылға дейін 1000 гектар апорт ағашын отырғызылу жоспарланған. Әрине, мұндай қаржы бөлініп қолтықтан демеп жатса, бағбан қауымы да кетпен, күрегін сайлап, жеңін түріп дайын отыр.
P.S. Қазіргі кезде бүкіл әлем бойынша алманың отаны болып саналатын Тарбағатай тауларында ғана осынау алманың шынайы, табиғи түрі сақталған.
Берікхан ТАЙЖІГІТ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Дерек көзі: nekhabar.kz