Әкеммен әңгіме
Әлемдік карантин орнағасын, елордада қамалып не тындырамын, осы жаз бойы ауылда – Шәуілдірде, әке-шешемнің қасында болдым. Үй-жайға, әсіресе әкемнің егістік шаруашылығына қолғабыс жасап, көмектестім. Сонда байқағаным – жұрттың сөз байламының күші кеткен-ақ екен. Биылғы жылы біздің ондаған гектрге жоңышқа егілген-ді. Міне, соларды орарда, престерде, жинарда техникасы бар, қол күші бар жалдамалы азаматтардың дені келісілген мерзімде, уағдалы уақытта өз міндетін толық атқармады. Оны маңдайдағы мына көз көрді. Ауыл көргендер біледі, жоңышқаны жұмырлануы мықты болу үшін таңғы салқынмен, шық түскен уақытта, желкемсіз мезгілде престеледі. Оның өзін күтіп, аңдып жүріп, орайын әрең келтіресің. Ауа-райы деген күткеніңдей бола бермейді. Сондай қолайлы сирек сәттерде уәделескен тракторшың, қызмет берушің, я басқасы межелі жерге келмей, ақша көбірек төлеген басқаға ауып, түн ұйқыңды төрт бөлдіріп қоятынын қайтерсің!
Осындаймен жылма-жыл беттесіп отырған әкем бірде Сырдария жағасындағы егістік басында: «Қазіргі жастардың сөзінің бәтуасы жоқ. «Қатырамын, көке» дейді де, жоқ болып кетеді. Телефонды көтермей қоя салады. «Иә», «жоқ» деп жөнін айтпайды. Бұрынғы аға буынның сөзі негізінен қаққан қазықтай нық, тас еді. Айтты, істеді, келісті, келді, бітірді. Баяғының кісісі дегдарырақ қой. Мында тірлік істеуге келетіндердің өзін әкелеріне айттырып жүріп уақытылы әрең келтіремін» дегені бар.
Расымен де, өзімнің де кәсіпкерлік еткеніме бірнеше жыл болды. Қазақтың жігіттеріне сөз-мәміленің құны беш тиын болып қалғанына талай куә болдым. Бәрін Келісімшартпен бекітіп, нотариуспен мөрлеп алмасаң, ауызды дарбаза, сөзді самал деп қабылдайды ма, айтқандарының бір тұрлауы жоқ. Өзіне тиімді болса, орындап, тиімсіз болса, әп-сәтте «секіріп» жүре береді. Айтқанына қатып қалу деген ерлікпен пара-пар.
Өз кезегімде әкеме іскерлік барысында бірқатар істестердің қызыл сөз уәдесіне сеніп, көп шығын шегіп, бармақ тістеп қалғанымды, назаланып жүргенімді жасыра алмадым.
Сонда әкем тұрып, оларға жүрегімнің түбінде реніш пен кек, өшпенділік сақтамауымды қатаң сұрады және өзінің жас кезіндегі Бейсенбай (есімі өзгертілген) деген партнерімен арадағы араздығы хикаясын айтып берді. Қысқасы, 90-жылдары коммерцияда бірге жүрген Бейсенбай сөзіне иландырып, ақыры өте көп соманы бермей, Алматыға құдды бір қашқандай көшіп кетеді. Сонда жаңадан бизнес бастайды. Алайда көп ұзамай әйелі, қызы, ұлдары, барлығын бағдаршам жолағында көлік қағып, жаппай қазаланып, соқа басы сопайып қалыпты.
Әкемнің айтуынша, оны бұ кісінің наласы ұрған болып тұр. Дегенмен ол сол кезде Бейсенге қатты ыза болып, тістенгеніне өкінеді екен.
– Дүние – боқ. Өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін нала болма! Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле. Мұның да құдай алдында сұрауы бар. Сөзін күресінге оңай лақтырған жан, әлі-ақ басын да доп қылып домалатады, – деп өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Мына сөзден кейін ішім босап, ашу-ызам қайтқандай болды. Адамның дегені емес, Алланың дегені болады. Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік. «Бастысы – Құдай бергенін алса да, берерінен танбасын» деген бір ниет.
Шериаздан Шорабекұлының Қасайлар шежіресінде жазғаны
Ауылда жүріп анама туысқандары, яғни нағашы жұртым сыйға тартқан Шериаздан Шорабекұлының «Шежіре (Қоңыраттан Қасайға дейін)» атты кітап қолыма түсті. Оның ерекшелігі сол, әулеттің ұлдарын ғана емес, қыздарын да шежіресінде түгел қамтыған һәм тәрбиелік әңгімелер кеңінен көрініс тапқан өзгеше үлгідегі басылым болып шықты. Мінекей, осындағы бір бөлімде сөздің құны мәселесіне баса назар аударылыпты. Дәл мұны қанша көлемді болса да, қаз-қалпында бөліспей тұра алмадым. Оны әр қазақ келер ұрпақтың сау-саламаттығы үшін оқуға міндетті деп ойлаймын.
Онда автор былай деп тарқатады:
«Адамның адамгершілік қасиетінің өлшеміне ең негізгі үш түрлі қасиет жататын сияқты: Лебіз, уәде, мәміле.
Бірінші. «Лебіз» деген жақсы болсын, жарамсыз болсын аузыңнан шыққан сөз. «Айтылған сөз атылған оқ» дейді халық. Атылған оқты кері қайыру мүмкін емес болса, айтылған сөз де солай. Жұрттың бәрі бірдей жақсы лебіз айтып, басқаға үлгі бола беруі мүмкін емес. Бірақ аузыңнан шыққан лебізіңе ие болып, оны қайтып жұтып қоймай, соның үдесінен шығуға міндеттісің. Қолыңнан келмейтін, орындай алмайтын іске лебізіңді жұмсама! Жаман лебіз басыңа қырсық болып тиеді. Сырым батыр айтқан емес пе, «Басқа бәле тілден» деп. Сондықтан әрбір пенде байқап сөйлеуге, өз дәрежесіне лайық сөз айтуға тиісті. «Жүйелі сөз – жүйесін табады, жүйесіз сөз – иесін табады» деп сол үшін айтылған. Адамның сөзі өлмеу керек. «Жігіттің сөзі өлгені, өзі өлгені» демей ме, халық. Көргеніне, естігеніне қосып-шатып, өз ойынан-ақ өтірік айтатын жандар кездеседі. Оларды «өтірікші, құйрығы бір тұтам» дейміз. Шын мәнінде олардың сөзіне ешкім иланбаса, оның сөзі де өлік, өзі де «тірі өлік» емес пе?
Құба Бимырза дейтін сарыөзен, пайымды қария айтқан бір сөз бар. Ілгеріде түнде жортатын ұрылар, біреудің малын қуып келіп, оны жасырып қойып, артынан ізбе-із қуып келген қуғыншыларға «Біз алған жоқпыз, сол адалдығымыз үшін жан береміз» деп, өп-өтірік ортадан бір адамы «жан» беруге шығады екен. Оны «жанға шығу» деп атаған. «Мұсылман айтса, сен» дегендей, салиқалы бір ер азамат отқа да, суға да түсіп, шырылдап, шыбын жанын жалдап тұрған соң, қуғыншылар да лебізге сеніп қайта береді. «Осындай «жан беруді» үш рет көрдім, үш мәрте «жанға шыққанын» білемін» дейді қария. «Лебізін жұтқан» деп осыны айтатын шығар. Сол үш адамнан да артында із қалмады. Тұқымы жоқ болып кетті. Жанға шығудың, өтірікшінің зардабы ауыр екен ғой» депті Бимырза қария.
Екінші. Уәде. «Уәде құдайдың аты» дейді халық. Олай болса уәдеге жеңіл-желпі қарауға бола ма? Бұл «құдайды бір» деп білсең, сол сияқты уәдең де біреу деген сөз. Ал уәдені бұзсаң, құдайдан да айнығаның емес пе? Құдайдан іс жүзінде айнып, аузыңмен «тәңірге иман келтірдім» дегенің бос сөз болып шықпай ма? Қысқасы уәдеде тұрмасаң, адамгершілік қасиетіңнің жойылғаны дей бер. Уәдесі жоқ адамға екінші рет ешкім қайтып жуымайды. Адам – уәдесімен адам. Уәдесімен өзінің адамдық бағасын арттырады. Уәдесімен арын, абыройын сақтайды.
Үшінші. Мәміле. Адам өз өміріндегі барлық тірлігі мәмілесіз бітпейді. Адамның өзара қарым-қатынасы да мәмілеге байланысты. Біреуден алсаң да, берсең де мәміле керек. Қарыздың да, несиенің де, борыштың да тағдырын мәміле шешеді. Қысқасы, адамның саналы өмірі мәмілесіз өтпейді. Мәміленің үлкені де, кішісі де бола береді. Мәмілесі жоқ адамды «дайынсыз» деп атайды. Мәміле жасаған бір сабақ жіпті уақтылы тауып бере алмасаң да сол атаққа душар боласың.
Аузыңнан шыққан лебізді, берілген уәдені, жасаған мәмілені діліңнен шыққан «антым» деп біл. Бұл біреуге берген «антың». Ол антыңды бұзба. Онда адамдық қасиетің де бұзылады. Ал екі жүзді адамның лебізінде қарар, уәдесінде тұрақ, мәмілесінде байлам болмайды. Бұл қасиет олардың да өз бойына біткен, өз басына лайық қасиеті».
Қандай ойлар?! Өз басым, дәл бұлай қазып айта алмас едім. Бұлай толғау үшін рухани қайта туу керек шығар. Өмір көрген, құдай заңдылықтарын түсінген қарияның жүрекжардысы...
Құнанбайдың сақтаған сыры
Жалпы қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, уағда-байламына берік талай атпал тұлға өткенін байқаймыз. Бұл бізге әлі де үміттің барлығын білдіріп тұрса керек. Өйткені қанымызда сөзге тұру гені терең отыр. Толық жойылып кете қоймаған. Сондай әңгіменің бірі – барымыз да, нарымыз да болған ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға қатысты көрінеді. Мұны Абайтанушылардың бірі кезінде майын тамызып тұрып баяндап берген еді.
Ахат Шәкәрімұлының мынадай керемет естелігі бар екен. Оның ұзын-ырғасы былайша өрбиді: Құнанбай он бес жасынан бастап күреске түсіп, ел арасындағы өзіне құрбы «мықтымын» дегендерді жығып, балуан атанады. Он сегіз жасар шамасында Құнанбайдың жауырыны жерге тимеген Көтібақ руынан шыққан, он бес жасынан әйгілі боп, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы жақын екен. Сеңгірбайға келіп: «Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпайық, жықсам да, жығылсам да ат-шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім» дейді. Сөйтіп казіргі «Жарқымбай биігі» деген таудың сайында екеуі оңаша күреседі. Бірақ қайсысы жыққанын ешкім білмеген, олар айтпаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алған. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап кеткен. Сеңгірбай өлген соң Құнанбайдан: «Қайсыңыз жықтыныздар?» деген құрбы-достарына Құнанбай: «Секең өлді» деп уәдені бұзғаным лайық емес» деп жауап берген.
No comment!
Сөзінің ері
Бөтен елге келген Қожанасырды жергіліктілердің біреуі: «Сені ұнатып қалдым. Біздің үйге жүр, нан-тұз жейік» деп ертіп кетеді. Қожа оның шаңырағында мейман болады. Әлгі адам шынымен-ақ айтқанындай дастарханға нан мен тұз ғана қойыпты. Қожекең шарасыз нанды тұзға малып жеп отырса, нақ осы шақта қақпа қағылады. Үй иесі мойнын созып қараса, қақпа алдында бір тіленші тұр дейді.
– Жоғал! Әрмен жүр! – деп бақырады үй иесі. – Қазір шықсам бар ғой, беліңді қиратам!
Мына дүлей сөзді естіген Қожа да терезеден басын шығарып:
– Жаныңның барында аулақ кет, достым, қаш! Әйтпесе басың пәлеге қалар. Үй иесі сөзінің ері! – деген екен.
Әзіл әзілімен, бірақ осы күлдіргі тәмсілде қаншама мән-мағына, астар бар десеңізші! Құран кәрімде сөзінде тұратындардың мақталып, сөзінің ері делінгені мәлім. Ал берген уағдасынан қайту дінді айтпағанда қарапайым мораль бойынша да екіжүзділіктің белгісі екені анық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәрифінде: «Төрт нәрсе мұнафықтың белгісі: Аманатқа қиянат жасау, өтірік айту, уәдесін бұзу, сөзінде тұрмау» деп ескертіпті. Тағы бір Хадис былай деп толғаған: «Сөз беру қарыз болып саналады. Сөзінде тұрмағандарға өкініштер болсын» (Дәйләми).
Сонымен Ш.Шорабекұлы атап өткендей, адамның лебізі, уәдесі, мәмілесі бір-біріне тығыз байланысты, бөліп қарауға болмайтын адам баласының бойындағы ең жоғары қасиеттер. Адамның сыртындағы жылтыраған жасанды әрі емес, бар мән-мағына ішінде. Өйткені дана халқымыз «адам аласы ішінде» деп қадап айтпайды ма?
Қарап отырсақ, жастар көп кетіп жатыр. Кәріден гөрі жастың жаназасына бару көбірек. Кей-кейде осының бәрі лебізін оңды-солды шашып, уәдесін, келісімін келсін-келмесін орындамаудан ба деп те ойға кетесің. Кие атуда ма? Замандастар арасынан айтқанын алтындай салмақтап жүрген кімдерді көрсете аламыз, осы?!
«Сөзде байлау болмайды, ұзаққа созады!». Бұл Кіші жүз Тойжан бидің «Ақырзаман» жайлы болжап айтқандағы бір жорамалы екен. Осы ахуал жайламады демей көр.
Қоғам бүгінде сөзіне тұрақты, уәдесіне берік тұлғаларға мұқтаж. Тіптен, сондай адамдар типіне әлеуметтік тапсырыс, нарықтық сұраныс болып тұр десем, артық айтқандық болмас. Сондай ерлер қаз-қатар тізіле қалса дейсің, шіркін!
«COVID-19 лаңына дәрі-дәрмек жеткілікті, медициналық палаталар жабдықталды, бәрі бақылауда» деп көпірткен басшылардың қалың армиясын көрген елдің бұдан басқа тілегі де болмауы керек. Қалай десек те, жалқыдан жалпы шығады. Бірден мыңның мінезі айқындалады. Біздің ұлттық идеологиямыздың, оның ішінде ішкі саясатымыздың бір ұстыны осы сөздің құны болуы керек секілді. Сонда «Үкімет айта береді, депутаттар сөзін жұтты» дегенді естімейтін боламыз.
Астанаға оралдық. Қайтара іскери өмірдің ағынына түсіп, жаңқадай жаңғалақтап бір батып, бір шығып жүзіп барамыз. Әркімнің тіл ұшында бір-бір тегін сөз бүлк-бүлк етеді.
Иә, 2020 жылдың жазын өле-өлгенше ұмытпайтын шығармыз. Ең бастысы – дүниеге деген пайым-көзқарасты төңкерген жаз болды. Революционер жаз! Мен үшін әкем айтқан бұрынғының қызыл кітапқа енген асыл адамдарының естелігін сағына қозғатқан жаз! Негізі кезінде, сөзіміз сөз кезінде – болған, толған-ақ халықпыз ғой, тек кейінгілер бақа-шаян тартып кеткеніміз болмаса...
«Бүгінгілер бұрынғылардың көлеңкесіндей ғана десем, келісер ме едіңіз?
Дүние-ай!