Кураторымыз Жұмабай Бекниязов деген ағайымыз болды. Ол кісі білім-біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін. Кураторымызбен, курстастарымызбен бірігіп алма терген шақтар бізді жақындата түсті. Жұмыс та істейміз, көңіл де көтереміз. Жастық шақтың қасиеті осында ғой. Күндіз алма теріп, кешкісін ойын-сауық құрамыз. Мен, Ерлан Айтуар және Ғани Қалмаханов үшеуіміз үш дауыста ән салып, топ ішінде «трио» атанып жүрдік. Әмірхан ақындарша қолын әрлі-берлі сілтеп өлең оқиды.
Біздің топ момын топ болды. У-шумен шаруасы жоқ, бірлігі жарасқан топ болды. Курстастарымыздың ішінде Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Сағындық Рзахмет, Қазыбек Құттымұратұлы, Күнсая Ерғазиевалардың өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланып, қатарластарының ғана емес, ел-жұрттың ақынына айнала бастады. Айгүл Аханбайқызы, Ұлбосын Исабекова, Айжан Жұмабаева, Ғайни Мансұрбаева деген курстастарымыз да студенттік жылдарымыздың жарқын естеліктерінің себепкері бола білді.
ҚазҰУ-дың жоғары жағында бау-бақшалар болды ғой. Онда неше түрлі жеміс-жидектер бар-тын. Біздің азық-түлігіміз таусылған кезде, сол бақшаға барып алма теріп келетініміз бар еді. Былай айтқанда ұрлыққа түседі ғой студенттер. Қарауылға ұсталып қалып, ол студенттер екенін білген соң қоя беретін. Мұның өзі мейірім ғой. Курстастар қызықтарды айта қалса, осы сәттерді еске алады.
Біз Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Бауыржан Жақып, Алтай Шәріп сынды мықты ұстаздар мен білікті мамандардан дәріс алдық. Осындай мамандардың тәрбиесін көрген біздің осал журналист болуға қақымыз жоқ еді.
1-курстың І семестрінің соңында емтихан, сынаққа әзірленгенде курсымыздың ұйымшылдығы тағы байқалды. Бәріміз өз бетімізше емтихан, сынаққа әзірленеміз. Ал сынақ болардың алдында бір бөлмеге жиналып, әр билетті жеріне жеткізіп түсіндіріп, талдап, бірге дайындалатынбыз. Бұл күндері пәтерде, туыстарының үйінде тұратындар да жатақханаға келетін. Еңбегіміз зая кетпейтін, сынақтарды ойдағыдай тапсырып шығатынбыз.
Ал екінші курстың тұсында еліміз Тәуелсіздік алды. Жайбарақат заман өзгерді. Бәрі тапшы, өтпелі кезеңнің сынақтарын біз студенттік кезде бастан өткіздік. Дүкендер бос, тамағымызды талонмен аламыз. Сол кездері ауылдарымыздан келетін сөмке-сөмке азық-түлік бізді тығырықтан алып шықты. Көрмеген қиындығымыз аз болмады.
Курстастардың біразы университет қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде газет-журнал, радио-телевидениеге жұмысқа араласып, қаламдары ұштала бастады. Қыз-жігіттердің алды үйленіп, тұрмысқа шығып, отбасын құрды. Оқып жүріп үйленгендердің бірі өзім едім. Аяулы жарым Ләззатты студент кезімде жолықтырдым. Ләззат – дәрігер.
Бір сыныпта оқыған бірнеше қыз медициналық университетке түскен болатын. Бір күні достарым, курстастарымды ертіп сыныптас қыздардың хал-жағдайын білуге бардық. Сол сыныптастарымызбен оқитын аққұба реңді, жылы жүзді аруды байқамай қалу мүмкін емес еді. Кездесіп, сырласып жүріп, «үйленбесек болмайды» деп шешім қабылдадық. Содан кейін студент екенімізге қарамастан бас құрадық. Отбасын құрған соң, шаңырақтың керегесін кең ұстау үшін, отбасымды асырау үшін жұмыс істеуге көштім. Төртінші курста Шалқар радиосында жұмыс істедім. Айлық та аз. Тіршілік етейік деп саудаға шыққам. Базарға шығам деп сабағымды қалдырып қойдым, содан мені оқудан шығару туралы шешім қабылданды. Бірақ кейін оқуымды жалғастырып, диплом алу керек болды. Үлкендердің көмегімен, факультеттегі ұстаздарым «келсін, оқуын жалғастырсын» деді. Сомен 1990 жылы күндізгі бөлімнің студенті болып бастап, 1996 жылы сырттай оқып бітірдім. Сырттай бөлімдегі курстастарымның ішінен Құттыбек Аймахан, Гүлзат Нұрмолдақызы, Гүлнар Тажиева деген қыз-жігіттер бар.
1990-1995 жылдар аралығында бір аудиторияда отырып, бір ұстаздың алдында тәлім алған, дәрісін тыңдаған курстастардың саны 62 екен. Бірнеше жыл бұрын университет бітіргенімізге 20 жыл толған. Баршамыз, барымыз бас қостық. Өкінішке қарай, ақын Әмірхан Балқыбек, Жұмаш Кәкімжанов, әлемге аты танымал иллюзионист Алтынай Байтоқанова, Төрехан Керімбаев пен Жандос Ділдәбековтер арамызда жоқ.
Біздің кезімізде студенттер кітапхана жағалайтын. Пушкин атындағы кітапхана, Ұлттық кітапхана, университет кітапханасы, бір-бірімізді міндетті түрде осы жерлерден табатынбыз. Қазіргі студенттерде барлық жағдай бар ғой. Интернет қолжетімді, іздегені алдында тұрады. Сондықтан қазіргі студенттерге тәжірибе мен ізденіс керек деп ойлаймын.
1996 жылы оқу бітірген шағымда жаңадан телеарна ашылып жатыр дегенді естіп, мекен жайын алып, 23 жасымда телевизияға қадам бастым. Ашылып жатқан «Хабар» арнасы екен, жаңалықтар ғана шығып тұрған шағы. Сол сәтте алдымнан Тілеуғабыл ағамыз шығып қалып, Ақылбек Сансызбайұлы деген кісіге жолықтырды. Ол менімен біраз сөйлесіп, жөн сілтеп, «сынақтан өтесің» деді. Сынақ мерзімі – жарты жыл. «Жасаған сюжеттеріңе ғана қаламақы алып отырасың» деген шартпен келістім. Ең алғаш бастағаным қызық болды. Мен өзім радио мен баспасөзде істегем, сонымен қоса баспасөз кафедрасында оқығам. Телеарнадағы басшылық тапсырма беріп, съемкаға жіберді. Барып келіп, мәтінін жазып, оны оқығанда «зкт» мен «снх-ды» қосып зырылдатып оқи беріппін. Режиссер әйел бақырайып бетіме қарайды. Мен еш қысылмаймын. Кейін бәрін түсіндіріп, үйретті. Осылайша үйрене жүріп, жұмыс істедім. Сенесіз бе, бала кезімде де, студент кезімде де тележурналист болсам, диктор болсам деп еш ойламаппын, үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе екен. Бастапқыда «журналист болып жұмыс істесем, айлық алып, отбасымды асырасам болды» деген мақсатым еді. Жаңалықтар қызық болды өзіме, оның үстіне телевидениенің табиғаты да, әлемі де басқаша ғой.
Ал менің курстастарымның көбі баспасөзде. «Ана тілінің» «Біздің курс» айдары арқылы курстастарыма дұғай сәлем жолдаймын. Әрқашан тілеулеспін. Амандық болғай. Бұл бір жақсы айдар екен, алдыңғы аға буынның жастық шағы кейінгі жастарға қызық болса, қуана бөлісеміз, әрине.
Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
Дереккөз: "Ана тілі " газеті