Қасірет қайталанбайды
21.08.2016, 21:48

Қасірет қайталанбайды

Раушан Нұғманбекова Раушан Нұғманбекова egemen.kz

Семей ядролық сынақ полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Әлемдегі ең ірі төртінші полигон болып саналатын сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі сыртқы саясатқа тың қадам басты.

Өзінің тарихи Жарлығымен Елбасымыз соғыс қаруын тарат­пау және ядролық қарусыздану мәселесінде әлемдегі көш­басшы ретінде танылды. Мемлекет басшысының бұл идея­сы «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде халыққа нақты жеткізіл­ген. Өз кезегінде, осы тақырып аясында "Егемен Қазақстан" газеті тілшісі физика-математика ғылым­дары­ның докторы, Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан БАТЫРБЕКОВПЕН әңгімелескен екен.

– 29 тамыз – Қазақстан тарихын­дағы айтулы күн. Бұл Семей ядро­лық сынақ полигоны ең алғаш жұ­мы­сын бастаған күн және соңғы рет жа­былған күн, – деп бастады әңгі­месін Эрлан Ғаділетұлы. – Алғашқы ядролық сынақтың 1949 жылғы 29 тамызда жасалғаны белгілі. 40 жыл ішінде 456 ядролық бомба жарылса, оның 116-сы ашық әуеде, 340-ы жер астында жасалды. Полигонды жапқаннан кейін қаншама қауіпті техника қалды. Сондықтан 1992 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҰЯО) құрылды. ҰЯО мамандары бейбіт атомды дамытуды, ал ядролық қару­ды таратпауды насихаттап келеді. 1993 жыл мен 2013 жыл аралығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстардың көпшілігі Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штат­тарының арасындағы келісім-шарт аясында жүзеге асырылды. Келі­сім­шарт 1993 жылы бекітілген болатын.

Соған орай жұмыстар үш бағытта жүргізілді: ядролық сынақ­тардың инфрақұрылымдарын жою, ядролық сынақтардың салдарын жою және ядролық қауіпті аймақтағы нысандарға рұхсатсыз баруға тыйым салу, бөгет қою. Осы­нау қарбалас әрі қиын жұмыс­­тар кейін келе өзі­нің оң нәтижелерін бере бастады. Бү­гін­де біз Семей ядро­лық сынақ по­ли­­гонын Кеңес Одағы әскери кешені­­нің инфра­құрылымдарынан толық тазарт­тық. Тіпті, 2000 жыл­дың өзін­де-ақ, ядролық бомбаларды жаруға арналған ұңғымалар мен саңы­лаулардың барлығы енді қай­тіп қолданысқа келмейтіндей етіп бекі­тілді. Тек бір ғана Дегелең аума­ғында, әртүрлі уақыттарда 209 рет ядролық қару сыналыпты. Осы тұста 181 ұңғыманың көзі жойылды. Ал Балапан аумағында 128 рет ядро­лық жарылыс болған, онда пай­да­ланылмаған 13 саңылау мен 12 жерасты құрылымы жабылды.

Міне, осы шаруалар аяқталысы­мен, ендігі жұмыс ядролық қару­ды таратпау болды. Ядролық сы­нақ­тар­дың зардаптарын жоюда АҚШ, Ресей, Қазақстан ғалым­дары бірлесіп жұмыс істеді. Олар поли­гонның арнайы үш сынақ алаңын­да жеті ірі жобаны жүзеге асыр­ды. Нәтижесінде зардап шеккен аумақтың біраз көлемі тазартылды және ядролық қарулардың қалдықтарына кез келген кездейсоқ адамның қолы жетпейтіндей болып, шектеу қойылды.

2008 жылдан 2012 жылға дейін ядролық қалдықтардың 44 ны­саны­на, ядролық қарулардың қал­дық­­тарына тыйым салу ретінде үш деңгейлі қорғаныс жүйесін ор­нат­тық. Бұл – белгілерді алыстан қабыл­дай алатын, арнайы қорғаныс қабілеті бар технология. Қазірде Семей ядролық сынақ полигонының жерін зерттеуді жалғастырып жатыр­мыз. 2013 жылдан 2015 жыл­ға дейінгі аралықта ядролық қалдық­тар­мен өте қатты ластанған аудандар кездесті. Мәселен, «Опытное поле» аумағының 350 шаршы шақы­рым жері түбегейлі зерттелді. Бұл – ең ірі сынақтар өткен аумақ. Нақты айтқанда, 30 жерүсті және 86 әуедегі өте күшті ядролық бомба жарылыс­тары жасалған. Сон­дық­тан осы жерде ядролық радиация қал­дық­тары шектен тыс жоғары екен­дігін анықтадық. Жерді эколо­гия­лық жағынан тазартуға күш салынды. Ластанған топырақ беті түгелдей алынып, арнайы қоймаға ұзақ уақыт сақтауға жіберілді.

– Ұлттық ядролық орталық шетел­­дік ғалымдармен тығыз бай­ланыста жұмыс істейтіндігін біле­­міз. Осыған орай, 25 жыл ішін­дегі қандай жетістіктеріңізді атап айтар едіңіз?

– Атап айтарлығы, бүгінде Қазақ­­стан­ның Ұлттық ядролық орта­лығы бүкіл әлемге танымал. Орта­лық құрылғаннан бастап, ғылыми-тех­никалық база сақта­лып қана қоймай, аясы да кеңей­ді. Заманауи үлгідегі зертхана жа­б­дықталды. Атом энер­гети­касы сала­сынан шетелдік әріп­тес­теріміз­дің қатарында Жапония, Фран­ция, Бельгиямен бірге, ҰЯО-ның тәжірибе базасында ядролық реакторларды зерттеудеміз. Бұл реакторларды жөндеу, жетілдіру қажет­тігі Фукусима оқиғасынан кейін тіпті маңызды бола түсті. Бұл жобалар EAGLE, CORMIT, FUKUSHIMA, SAIGA және MYRRHA деп аталады.

Ең алдымен жұмыс барысында жеңілсутекті және ұшқыр энер­гетикалық реакторлар сынақтан өткізілді. Бұл да болса, ауыр апат­тар­дың алдын алуға септігін тигізері анық. Сондай-ақ, осы 25 жыл ішінде Қазақстанда АЭС салу үшін техникалық-экономикалық зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіліп отыр­д­ы. Кешенді құрылымдары бар, реак­тордан тыс үдерістерді қа­рай­­тын LAVA және EAGLE жүйе­­сі іске қосылды. Бұл арқылы ауыр апаттардың алдын алуға бола­ды. Және қажетті жылу бөлетін энер­гия­лық күш-қуатқа ие жаңа заманауи реакторларды да жасауды қолға алып жатырмыз. «Байкал-1» кешенінде ионды сәулеленген қалдықтарды ұзақ уақытқа дейін сақтайтын рес­пуб­ликадағы бірден-бір қойма жасалды. Осының бәрі де бейбіт атомды насихаттау, хал­қы­­мы­зды қауіпті ра­диациялық қал­дық­­тардың зардабын тарттырмай, аман сақтау үшін атқарылып жат­қан шаруалар легі болып табылады.

– Ұлттық ядролық орталық ЭКСПО-2017 көрмесіне тың дайын­дық жасап жатқанын біле­міз, ең басты экспонатты сіздер апарғалы отыр екенсіздер, «Бола­шақтың энергиясы» жобасына қандай үлес қоспақсыздар?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, Ядролық және термоядролық энергетика мен өнеркәсібінің қауіпсізді­гін және тиімділігін арттыру үшін ғылы­ми зерттеулерді дамытудамыз. Қазақ­стан­дық Токамак 2010 жылы алғаш рет тәжірибеден нақты өткізіл­ді. Токамак – жоғары температуралы плазманы жасауға және ұстап тұру­ға арналған тура қалпындағы тұйық магнитті қармауыш. Плазманы ұстап қалу үшін магнит өрісін қол­да­натын басқа қондырғыларға қара­ған­да, электр тоғын қолдану Тока­мак­тың басты ерекшелігі болып табылады. «Болашақтың энергиясы» тақырыбында осы Токамакты ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі­не орай іске қосамыз. Яғни, ол ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең басты экспонат болады.

Радиоэкология саласындағы тың жаңалықтарымыз бұл ғана емес, мәселен, осы бағытта бұрынғы Семе­й ядролық сынақ полигонын­да радиа­­циялық жағдайды жақсар­ту үшін барлық шаралар қолға алын­­ған. Бүгінде полигон әскери қауіп­ті аймақтан ғылыми-зерттеу ор­т­а­­лығына айналды. Полигон жері­­нің 50 пайыздан астам аума­ғы зерт­телді, атап айтқанда, солтүстік, оңтүстік-шығыс, батыс және оңтүс­тік аумақтарында 2 млн.-нан астам даладағы өлшеу, тір­кеу жұмыс­тары және осының нәти­жесін­де 100 мыңнан астам зерт­хана­лық зерттеу­лер өткізілді.

– Семей ядролық сынақ поли­гоны­ның жабылғанына 25 жыл толуын жан-жақты атап өтуге ҰЯО қандай тың үлес қоспақ?

– 29 тамыз күні адамзаттың игі­лігі үшін Қазақстан әлемдегі ең ірі ядро­лық сынақ полигондарының бірін жапты. Бұл, әрине, ең алдымен Қазақ­стан халқы мен оның Көш­бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең­бегі әрі ерлігі. Осы күн – ең алғаш рет бейбіт атомды дамытуға негіз салын­ған күн. 2015 жылдың 31 тамызы­нан 2016 жылдың 2 сәуіріне дейін Вашингтондағы Ядролық қауіпсіз­дік жөніндегі саммитке орай көрме ұйым­дастырдық. 2016 жылдың 18 мамырында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі тұрақты өкілдігінде өткен «Ядролық қауіпсіздік: АҚШ, Ресей және Қазақ­­стан арасындағы үш жақты ішкі байланыс» тақыры­бындағы форумға қатыстық. Үш том­дық кітап шығар­дық. Ол «Семей ядролық сынақ полигонын қауіп­сіз аймақ деңгейіне лайықтауға орай ғылыми-техникалық және инже­нер­лік тұрғыда кешенді атқарылған жұмыстар» деп аталады. Кітапқа бұл күндері шетелдік әріптестеріміз қатты қызығушылық танытып отыр, енді тиражын да сұранысқа орай ұлғайтпақпыз.

Міне, Семей ядролық сынақ поли­гонының жабылғанына 25 жыл толу шарасына орай жасаған үлкен бір шаруамыз осы. Астанадағы халық­аралық конференцияға қатысып, оған көрме ұсынамыз. Шетелдік деле­га­­ция­ны Курчатовта қарсы алып, соңынд­а «Семей сынақ полиго­ны. Радиа­ция­лық мұралар және даму бағы­ты» тақырыбында VII халық­­ара­­лық ғылы­ми-тәжірибелік кон­фе­рен­­ция өткізбекпіз. Оған алыс және жақын шетелдерден ғалымдар қатыса­ды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесін қалай бағалар едіңіз?

– Нұрсұлтан Әбішұлының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – Жер шары­ның қауіпсіздігі үшін жасап отырған маңызды қадамдарының бірі. Оған қазақстандықтар ғана емес, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты мақсат еткен барлық мемлекеттер, мемлекет басшылары қолдау көрсетіп жатыр. Манифест Біріккен Ұлттар Ұйымының екі негізгі құрылымы – Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Бұл шешімді ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мун қабылдады.

Қазақстандық құжатқа ұйым штаб-пәтерінің Хатшылығындағы жүйесінде арнайы тіркеу нөмірі берілді. Әлемдік қоғамдастықтың бұл құжатқа баса назар аударуына Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың жетекшісіне айналуы бірден-бір себеп болып отыр. Өйткені, қазіргі таңда әлемді ядролық қауіп-қатерден сақтау ең басты мәселеге айналған. Мен ғалым ретінде атом соғыс қаруына айналмауы керек, біз халық игілігі үшін бейбіт атомды дамытуымыз керек деп есептеймін. Себебі, бәріміз де әлемде тек бейбітшілік болғанын қалай­мыз. Ал Ұлттық ядролық орта­лық­тың ұраны: «Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа дейін» деп аталады, сондықтан да осыған сай жұмыс істеуді алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер