- Арман мырза, қоғамда қызу талқыға түскен латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталып өтсеңіз. Жалпы, латын графикасына өтуіміздің басты себебі неде?
- Латын графикасына өтуге себеп болып отырған факторлар көп. Оның ішінде саяси, экономикалық, технологиялық, рухани, тілдік қажеттіліктер те бар. Мысалы қазір әлемдік экономикалық жүйеде латын графикасын талап ететін екі үлкен инфрақұрылым пайда болды. Оның бірі – интернет, екіншісі – операциялық система. Сонымен бірге, классикалық латынның 26 қарпіне негізделген әлемдік UNICODE стандарттау жүйесі қалыптасты.
- Ол қандай жүйе?
- Әрбір адамның жеке куәлігі, төлқұжаты, банк шоттары, заңды тұлғалардың шоттары, көліктер, жылжымайтын мүліктер, байланыс жүйесі – бәрі кодтармен таңбаланады. Банктер SWIFT каналдар арқылы ақпарат алмасады. Одан бөлек, IBАN есепшоттары бар. Осының барлығы кодтау жүйесіне кіреді. Сонымен қатар, ғылым мен білім дамыған қазіргі заманауи қоғамда blockchain, BD technology, яғни Big Data, Аrtificial intellgence (жасанды интеллект), IT технологиялар, криптовалюта ұғымдары қолданысқа ене бастады. Бұл инфрақұрылымдар әлемнің барлық елдерін латын таңбаларына өтуге мәжбүрлеп отыр. Өте алмаған жағдайда транслитерация арқылы UNICODE стандарттарына сай қосымша латын алфавитін алып жүруден басқа амалы жоқ. Қарап тұрсаңыз, екі жұмыс жасап отырмыз. Әлемдік аренадағы алпауыт ел болсын, тіпті шағын мемлекет болсын, заман ағымына ілесу үшін технологияларға ықшам графика керек. Елбасы осы мәселені шешудің жолын ұсынып отыр. Қазіргі уақытта постиндустриалдық дамудың төртінші революциясынан қалып қоймау үшін елімізде үштілділік саясаты жүргізіліп жатыр, ондағы басты талап – латын графикасына өту.
- Сіз қазақ латын графикасының бір нұсқасын ұсынып отырсыз. «Bailatyn» жүйесін қандай талаптар бойынша құрастырдыңыздар?
- Біріншіден, әлемдік UNICODE стандарты бойынша әріптердің саны латынның классикалық 26 таңбасынан аспауы тиіс.
Екіншіден, латын графикасына өту кезінде қазақ тілінің табиғатын сақтау. Ағылшындар 44 дыбысты 26 таңбаға шебер енгізгенде, біз неге сыйдыра алмаймыз?! Тіл мамандары қазақ тілінде 28 дыбыс бар дейді, оған қазіргі терминдермен келген бірнеше дыбысты қосып, 32 деп айтайық. Болашақты терминдердің легі күшейгенде 40-асады. Соның өзін 26 таңбаға ешбір зорлықсыз үйлестіруге болады және үйлестіріп отырмыз.
Үшіншіден, терминдер мәселесі. Біз қазір терминдерді орыс тілі арқылы қабылдап жүрміз. Оның бәрі орыс тілінің артикуляциялық ерекшеліктеріне негізделген. Қазақ тілінің табиғи заңдылықтары ескерілмейді. Жаңа графика осы мәселені де ретке келтіруге тиіс.
Төртіншіден, аударма саласына жан бітіру. Әлемде бір жылда бір миллионға жуық кітап шығады. Қазақ аудиториясы соның бәрінен мақрұм қалып жатыр. Егер біз осы стандартты қабылдайтын болсақ, арнайы комьпютерлік бағдарлама арқылы әлемдік кітап қорын бүтіндей қотарып алуға мүмкіндік туады.
Бесіншіден, экономикалық қажеттілік. Постиндустриалдық мемлекетте IT саласына негізделген экономика жаңа тренд, яғни даму белесіне айналды. Еліміздің негізгі түсім әкелетін мұнай-газ, ауылшаруашылығынан бөлек жаңа сектор болмақ.
- Терминдер қабылдау мәселесіне тоқталып өтсеңіз?
- Терминком орташа есеппен жылына 10 мың терминді айналымға енгізіп жатыр. Бұған да жетпейтін шығар. Әлемде бір миллионнан астам термин бар десек онда бізге терминдердің бәрін айналымға енгізуге 100 жылдан артық уақыт керек. Бізде жүз жыл күтетін уақыт жоқ.
- Мысал келтіресіз бе? Сіздің ұсынып отырған шешіміңіз қандай?
- Мәселен, «информация» деген сөзді алайық. Түпнұсқада - «information», орыстар өз тілінің табиғатына сай солай берілген. Немесе романдық дыбысталу жүйесі бойынша «информацион» деп алған ыңғайлы ма? Әрине біздің артикуляциямызға тікелей ағылшыннан алған ыңғайлы. Неге десеңіз, қазақта –шын, -жын деген жұрнақ әуелден бар – құлақшын, қоржын, буыршын, құнажын. Сол сияқты «информейшн», «стейшн», «окейжн» сөздері қазақтың артикуляциясына бейім тұр. Яғни, «Bailatyn» нұсқасы терминдердің мұртын бұзбай, тікелей алуға бағытталған. Себебі латын графикасына өткеннен кейін, кітап өндірісі мәселесі туындайды. Дәл қазір бұл өндіріске қауқарымыз жетпейді. Сондықтан, аудармамен айналысамыз. Ол үшін ІТ-технологияның көмегіне жүгінеміз. Арнайы жасалған бағдарламаның көмегімен кітаптарды қатесіз әрі жылдам аударуға мүмкіндік туады. Онда аудармашының да қажеті болмайды.
Жалпы, қазақтар жаратылысынан математикаға жүйрік, «critical thinking» жоғары. Мифтік сана, шығармашылық қабілет, «creativity» жақсы дамыған. Яғни, бізге үндістер сияқты ақпараттық кластер жасауға мүмкіндік бар. Оның еңбек өнімділігі экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, үдемелі индустриялық дамуға 8 трлн. теңге бөлінді делік. Соның 1 трлн. қаржысы ІТ саласына бөлінсе, келесі онжылдықта біз ІТ саласы бойынша үлкен державаға айналамыз. Бұл экономикалық дамудың жаңа бір драйвері болады, орысша ұғыммен айтқанда «өсім нүктесі». Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артады. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл салада да латынға мұқтажбыз. IT мамандарын дайындауда бірінші латынды үйретіп, кейін бағдарлама жазуды үйреткен тиімді ме, әлде бірден бағдарламаны кодтауды үйреткен жөн бе? Әрине, екінші нұсқа тиімді. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония мен Германия реваншизммен қарқынды дамыды. 90-жылдардың басында немістер әлемде машина жасаудан бірінші деңгейге жетсе, жапондарда электрондық технология мен робот техникасы қарыштап дамыды. Бірақ, неліктен 2000 жылдардың басында оларды Америка басып озды? Неліктен Apple, Google, Facebook компаниялары екі алпауытты шаң қаптырды? Өйткені, олардың барлығы – IT саласындағы операциялық система, smart, sensor, BD технологияға, блокчейнге негізделген бизнестің түрі. Ал, жапондар олармен бәсекелесу үшін иероглифтің орнына, латын әліпбиіне өтуі қажет. Сондықтан, латын графикасының арқасында америкалықтар бірінші орынға шықты. Бізге де осыны ұтымды пайдалана білу керек. Қазір қазақтың латын графикасын жасаумен айналысып жатқан Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы да, А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты да бұл мәселені назардан тыс қалдырып отыр.
- Қоғамда «латын әліпбиі орыс әлемінен құтылуға көмектеседі» деген пікір қалыптасты. Бұған не дейсіз?
- Менің түсінігімде «орыс әлемі» деген ұғым жоқ. Менің санамда тек Ресей елі, нарығы, бәсекелестік деген ұғымдар бар. Біздің ауылшаруашылық, мұнай өндіру, тасымалдау, сату және тағы басқа салалардағы басты бәсекелесіміз – Ресей. Мен үшін басқа «орыс әлемі» жоқ. Бұл - мәселе емес.
- Латын графикасының жалпы артықшылықтарын атап өттіңіз. Барлық елдің сыртқы саясатында, бүкіл техника тілінде қолданылатын жаңа әліпбиге көшудің қазақ үшін басты артықшылығы неде?
- Кез келген әрекетте ықшамдыққа басымдық берген жөн. Яғни, әрбір әріп қолданғанда ыңғайлы әрі ықшам болуы тиіс. Барлық салаларда осы әріптермен дайын тұрған бағдарламалар бар. Неге біз дайын тұрған дүниеден бас тартып, әріптердің үстіне ноқат қойып, оны күрделендіруіміз керек? Басқа елдердің қателігін қайталамауға тиіспіз.
- Қазақстан алғаш Ата заңын жасағанда Англия мен Францияның Конституциясын негізге алған еді. Сол секілді латын графикасының түбірі ағылшын тіліне негізделген ғой...
- Бұл – әлемдегі озық үлгі. Өзбекстан мен Түркияның әліпбиі озық үлгі емес. Сондықтан бүкіл әлем тек латын графикасына емес, ағылшын тіліне де өтіп жатыр. Яғни, біздің латын графикасына өтудегі басты мақсатымыз – әлемдегі заманауи техникалар мен технологияларды, жетістіктерді жылдам әрі ықшам түрде пайдалануды үйрену және қазақтың төл тілін сақтап қалу.
- «Латын әліпбиі қазақтың төл әріптерінің дыбысталуына сәйкес келмейді, сингорманизм заңдылығын бұзады» деген пікірлер шындыққа жанаса ма?
- Біздің қолданып жүрген кириллицамыз – графикалық емес, фонетикалық таңба. Қанша дыбыс болса, сонша таңба бар. Олардың барлығы транскрипцияда пайдаланылатын таңбаларға жатады. Алайда, біз оны орфографиялық таңба ретінде қолданып жүрміз.
- Қазақ латын алфавитінің жүздеген нұсқасы пайда болды. Олардың арасында ресми институттар да, жеке адамдар да бар. Олар туралы не айтасыз?
- Мен осы уақытқа дейін барлық қажеттіліктерге сай құрастырылған алфавит нұсқасын көрген жоқпын. Бірі технологиялық қажеттіліктерді ескермейді, екіншісі экономикалық, үшіншісі тілдік қажеттілікті ескермейді. Ешбірі бұл мәселеге конструктивті, кешенді тұрғыда келмеген. IT бағдарламалау, компьютерлік аударма мәселесі ескерілмеген. Ең қызығы, қазақтің төл дыбыстарын қорғаймыз деп жүрген нұсқалардың ешбірі сол төл дыбыстарды жеткізуде оңтайлы шешім таппаған. Керісінше, бұл мәселеде «Bailatyn» нұсқасы шебер шешім тауып тұр.
Басқа нұсқалар кирилица таңбасын латын таңбасына ауыстыра салумен шектелген. Бұл - латын әліпбиіне көшу емес, оны транслитерация деп атайды. Екеуі екі бөлек ұғым. Транслитерация – әліпби ауыстыру. Дыбысталуына сай басқа әліпбиді қолдану құбылысын осы ғылым зерттейді. Көп авторлар тек транслитерациямен айналысуда. Кирилде қалып кеткен таңбаларды сол күйінде латынмен ауыстырып беріп жатыр. Жаңа айтып өткенімдей, олар графикаға ауысу, ондағы орфоэпиялық оқылу жүйесінің өзгеруі, терминдер, аббревиатура мәселелерін мүлдем есепке алмаған.
- Бәлкім, латын әліпбиінде қазақтың төл дыбыстарын бере алатын таңбалар жоқ шығар? Бұл мәселенің шешімін қалай табамыз?
- Жазу емлесі және оқу емлесі деген ұғымдар бар. Бұл – лингвистердің, фонологтардың жұмысы. Ағылшындар бұл мәселені қалай шешті? Ағылшын тіліндегі «А» әріпі «эй», «ә», «α», «æ» деп оқылады. Бір графикамен төрт фонеманы беріп тұр. Неге бір графикамен қазақтың төл дыбыстарын бермеске? Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы ережесі бар. Ол сингармонизм заңына сәйкес, қазақ тілінде 43 дыбыстың бар екендігін, бірақ оны 24 әріппен беруге болатындығын ескерткен. Тек кейбір жуан, не жіңішке екендігі даулы болып қалатын сөздердің жіңішкелігін белгілеу үшін дәйекше қолдану керектігін көрсеткен. Қазақтың төл дыбыстарымен «к», «г», «е» кездессе, онда ол міндетті түрде жіңішкереді. Біз «көке» деп жазатын болсақ, бұл жерде палатализация заңы іске қосылады. Осы арқылы қазақтың 95 пайыз сөзін фонетикалық әдіспен беруге болады. Бір сөздің жуан, не жіңішке болуы ықтимал жағдайларда жіңішке буынды сөзден кейін (‘) дәйекше белгісі қойылады. Мысалы, «Оz» бен «Өз»-ді қалай ажыратамыз? Оны екі түрлі әдіспен беруге болады, бірі дәйекше (апостроф) арқылы, екіншісі сөздікте «Оz» – етістік, бұйрық рай деп түсіндірмемен беру қажет. Аталмыш екі ереже арқылы барлық мәселені шешуге болады. Біз қазақтың төл әрпінен айырылмаймыз, осыны дұрыс түсінген абзал. Бастысы – әріптердің дыбысталуы өзгеріссіз қалады. Ол үшін транскрипцияны қолдану қажет. Сонда ғана төл дыбыстарымызды ғасырлар бойы сақтап қала аламыз. Ағылшын тәжірибесімен транскрипцияны қолдансақ, көп мәселені дұрыс шешеміз. Қазақ тілінде дауысты дыбыстарға қатысты бір ғасыр бойы жойылуға шақ қалған еріндік-езулік заңдылығын қайта қалпына келтіреміз. Мысалы «бөбек» деген сөздегі «е» әрпін транскрипцияда «ө» деп беретін береміз. Қазіргі жастар оның «бөбөк» болып оқылатынын білмейді. Біз мұны транскрипциямен шешуді ұсынамыз. Яғни, латын графикасының қазақ әліпбиінің төл табиғатын қайтаруға қауқары бар.
- Латын графикасы бүгінгі ағылшын тілінің әліпбиі ғой. Жаңа әліпбиден қазақ тіліне қауіп төнбей ме? «Қ» әрпінің «Q»-мен берілуіне қалай қарайсыз?
- Мен ұсынған әліпби нұсқасында «Қ» дыбысы латынның «К» таңбасымен берілген. Қазақстанда 1940 жылға дейін жарық көрген «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналында «Ғ» әрпін беру үшін «Q» таңбасын пайдаланған. Ал «Қ» әрпі негізінен «К» таңбасымен берілген. Демек, «Қ» әрпін «К» таңбасы арқылы беру тәжірибеде бар. Сондай-ақ, UNICODE жүйесінде Қазақстан «KZ» деп белгіленген. Ережесі бекітіліп, әдістемелік құрал жазылса, кез келген адам «K» таңбасын «Қ» деп оқуға дағдыланады. Мәселен, «К» әріпі әлемдік терминология жүйесінде жоқ. Ағылшын тіліндегі көптеген сөздердің алдында жазылатын «К» оқылмай жатады. Ағылшынның нокаут сөзі «knockout» деп жазылады. Ал, «С» әрпі сөз басында «си» деп оқылса, қалған кезде «К» болып оқылады.
- Менің ойымша, «KZ» атауын ауыстырудың қажеті жоқ сияқты...
- Иә, ол мүмкін емес. Оны ауыстыруға Қазақстанның бюджеті жеткіліксіз. Қазақстанда «KZ» таңбалы 5 000 000 жуық автокөлік бар. Оны тек QZ таңбасына өзгерту бізге шамамен 44 млрд теңгеге түседі екен. Бұл жерде интернеттік доменді қосып тұрған жоқпын. Тек машинаның нөмірін өзгертуге 44 млрд. теңге жұмсалады. Ол қаржымен біз екі жылда латынға толық көшіп, қазақ тілінде IT-бағдарламалады жасап алуға болады. Көрші Өзбекстан елі де өзгеріссіз «UZ» деп қалдырды. «ch», «sh», «ing» деген әлемдік диграфтар бар. Біздің «ң» деген әріпімізді «ng» деп беріп жатыр. Терминдер жүйесінде 5 мыңға жуық герундия етістіктері бар. «parking», «boxing», «clening» деген сөздер «ing»-мен беріледі. Ал «sh» - «ш» қарпін дыбыстаса, әлемдік «ch» - «chаmpion», «channel» деген сөздерде қолданылады. Ал, кириллицадағы «ж» қарпін «zh» арқылы беру – артық болады деп ойлаймын. Латиницамен «Ж» әрпін «Japan» сөзіндегідей «j» қарпімен беру керек. Сондай-ақ, «q» әрпі кириллица әліпбиіндегі «ғ» әрпін береді.
- Терминдерді өз қалпында берсек, оны қалай қазақ тіліне ыңғайластырамыз?
- Егер бір миллион терминді қолданатын болсақ, бізге сол терминдерді реттейтін емле қажет. Оны қазақтың 28 емлесіне сыйдыру мүмкін емес. Ол үшін қосымша емле жасап, қазақ тілін байытамыз. Терминдердің арасында тек ағылшын емес, латын, парсы, араб, орыс, қазақ сөздері де бар. Олардың жазылуы қалады да, тек орфоэпиясы өзгеріске ұшырайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, егер «Bailatyn» өтсек, бизнес қазақша сөйлейтін болады. Екіншіден, экономикалық-қаржылық пайдасы орасан. Бағдарламаларды өзіміз жазатын боламыз, болашақта өзіміз Майкрософттың бағдарламасын жасаймыз. Әлемнің барлық техникасын барынша тиімді пайдаланамыз. Байлатында ескерілмеген дүние жоқ деп есептеймін. Бұл қазақтың қарқынды дамуына мүмкіндік береді.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Ерболат Мамырайхан
Дерек көзі: silteme.kz