– Британ жұрты Исабеков үшін таңсық емес. Бұған дейін «Гауһартасты», «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесін ағылшын тіліне аударған және «Өкпек жолаушыны» сахналаған ел «Жаужүректі» қалай қабылдады?
– Лондондықтар өте жоғары деңгейде қарсы алды. Хитроу әуежайынан түскен соң, қонақүйге жайғастық. Ертесіне бізді Қазақстан елшілігі қабылдады. Ерлан Ыдырысовпен кездестік. Кешкісін спектакльді елшімен бірге тамашаладық. Алғашқы күні М.Әуезов атындағы академиялық драма театры «Жаужүректі» қойды. Фестиваль шымылдығын Ерлан Ыдырысов сөз сөйлеп, ашты. Ағылшын тілінде еркін, әдемі сөйледі. Ұзақ жылдар бойы Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен, елшілікте жүрген азамат қой. Әбден төселіп қалыпты. Қазақы қалжыңмен жеткізгеніне риза болдым. Біздің академиялық театрдың сахнасымен ағылшын театрының сахнасын салыстыра алмаймыз. Біздің театр апарған декорация ол сахнаға сыймай қалды. Ағылшын театрларының көпшілігі мюзиклге арналған, шағын сахнадан тұрады. 500 адамдық орын бар. Олар да декорацияны актерлердің өзі асқан шеберлікпен, жылдам ауыстырып отырады. Оны қай уақытта, қашан алып кеткенін түсінбей қаласың. «Жаужүректі» Есмұхан Обаев өз қиялымен, кәсібилігімен алып шықты. Балконды да қажетке жаратты. Спектакль өте жоғары деңгейде өтті. Актерлер Лондон сахнасында жанын салып ойнады. «Жаужүрек» спектакліне байланысты жылы пікірді көп естідік. Ағылшынша аудармасы аздап төмендеу болды деп естідім. Театр мамандары жақсы түсінеді ғой. Соған қарамастан, қазақ актерлерінің сұлулығы, қыздарымыздың әншілігі, Ерлан Біләлдің ән салған кездегі дауысы көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ағылшынша түсінбесем де, аудармашылардың айтуына қарағанда, Лондон жұртшылығы қазақ театрының қойған спектаклін жылы қабылдаған секілді.
– Лордтар палатасында қай күні сөз сөйледіңіз?
– Екінші күні Лордтар палатасында қабылдау болды.
–Ол жерде бұған дейін түркі жұртынан Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памук қана сөз сөйлеген екен. Қазақ жазушысының сөзін лордтар қалай қабылдады?
– Айтматов пен Памуктан кейінгі үшінші адам болып тұрмын. Палатада сөз сөйлеудің өзі қызық. Күні бұрын белгіленіп қойған сценарийден ешкім ауытқымауы тиіс. «Қыздарымыздың бірі ән салсыншы» деп өтініш айтып едім. Оны қабылдамай қойды. Лорд он минут сөйледі. Маған: «Сіздің сөзіңіз лордтың сөзінген ұзақ болмасын» деген талап қойды. 12 минуттық сөзімді қысқартуға тура келді. Шыңғыс Айтматов атындағы академияның президенті Рахима Абдувалиева екеуміз сегіз минутқа қысқарттық.
– Лордтар алдында нені тілге тиек еттіңіз?
– Ең әуелі британ жұртына алғысымды білдірдім. Бұл – менің Англияға үшінші келуім. «Гауһартас» ағылшын тілінде шықты. «Өкпек жолаушы» британ сахнасында қойылды. «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесім жеке кітап болып жарық көрді. Қызылорда театры Лондонда «Өкпек жолаушыны» қойды. Астанада өткен фестивальде осы театрдың қойған спектаклі ағылшындарға ұнап, өздеріне шақыртқан болатын. Әр ұлттың пьесасын сол ұлттың өзінен артық қоятын ешкім жоқ екен. Шекспирді қазақ театры қанша сахналағанымен, оны ағылшын театрынан асырып қоя алмаймыз. Италияның ариясын қазақ әншілері жақсы орындағанымен, италияндықтардай шебер орындай алмайтыны белгілі. Осының бәрін сөзге тиек ете келіп, бала кездегі бір өліп-тірілгенімді де мысалға келтірдім. Қара борбай бала кезімде «өліп қалды» деп үлкендер мені жерлемек болғанын, көмуге алып бара жатқанында көзімді ашып қалғанымда, адамдар шалқасынан түскенін айтып бердім. Қалжыңмен айтқан сөзіме жиылғандар біраз күліп алды. Елдің жайын, елімізде «Рухани жаңғырудың» жүріп жатқанын айттым. Лондонда фестиваль өткізуіміздің өзі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқанын сөз еттім. Әлемнің озық шығармаларын, классик жазушыларының барлығын бірдей жақсы білеміз. Киносын, театрын, өнерін жылы қабылдаймыз. Олар қазақ жазушысын біле ме? Біздің алдымызға осындай міндет қойылғанын, әрі тәуелсіздіктің арқасында қазақ жазушысының шығармалары Еуропа төріне шыққанын айтып өттім. Екі дүниежүзілік соғысты адамзат бастан кешірді. Менің әкем де екінші соғыста қаза тапты. Ел қорғады, жерін қорғады. Соғыс болмаған кезде әкем ерте көз жұмбас еді, бес баламен жесір қалған анам ерте қайтыс болмас еді. Өмірде кездейсоқтық бола ма, жоқ па білмеймін. Тағдыр мені «өлтірмей» аман алып қалды. Мұның бәрі кездейсоқ нәрсе шығар. Қазір де айналамызда соғыс қаупі жүріп жатыр. Адамзат баласы үшінші дүниежүзілік соғысты бастан кешірмеуі керек. Библияда: «В начале было слово» деген сөз бар. Қару-жарақ жасауға қыруар қаржы шығарғанша, әдебиет пен мәдениетке осыншама қаржы шығарар болсақ, біз онда ұтар едік. Әрбір ортаңқол жазушының артында кем дегенде, 10-15 мың оқырман бар. Дүниежүзі жазушыларына осы санды көбейтсек, қанша болатынын бағамдай беріңіз. Онда сөзбен қаруланған үлкен бір күш болар еді. «ПЭН» клуб та алғаш осы жерде ашылды дегенді айтып өттім. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Сириядағы соғысты тоқтатуға байланысты келіссөздер Астанада өткізіліп жүр. Бұл да біздің бейбітсүйгіш халық екенімізді көрсетеді. Мұндағы басты қаруымыз да – сөз. Сөзбен соғысқа тоқтау салғымыз келетінін айттым. Рухани жаңғырудың аясында іске асырылып жатқан дүниелерге де арнайы тоқталдым. Қазақ әдебиетінің мәселесі айтылды. «Біздің әдебиет батыстың әдебиетінен кем соқпайды. Жазушыларымыздың бәрі батыс мектебін жақсы меңгерген. Еуропа үлгісінде шығыстық бейнесін сақтай отырып, жазылған шығармалар бар. Осыған көбірек көңіл бөлсеңіздер екен» дегенді айта кеттім.
– «Актрисаны» Мемлекеттік корей музыкалық комедия театры ұсынған екен. Неге кәріс театры ұсынды? «Актрисаны» қазақ театрлары да көп қойған жоқ па?
– Кәріс театры қойған «Актрисаның» орны бөлек. Оны британ жұрты да ерекше қабылдады. Фестивальге өзге ағылшын театрының режиссерлері де көптеп қатысты. Солардың арасында «Актрисаны» қоямыз деп, пьесаны сұрап алғандары да болды. Кәріс театры қойды делінгенімен, ұлттық музыкамызды қойып, ұлттық киіммен шықты. Төртінші күні ағылшын театры «Аққу Жібекті» сахнаға алып шықты.
– «Аққу Жібектің» сізге қатысы бар ма?
– Бағдарламамыздағы ең басты оқиғаның бірі – «Аққу Жібек» пьесасы. Бұл пьесаны британ театрының артистері ағылшын тілінде қойды. пьесаның маған қандай қатысы бар дегенге келсек, Сұлтанғали Шүкіров деген иллюзионист жігіт бар. Қуыршақ театрының директоры қызметінде жүргенінде, қыр соңымнан қалмай, «Қыз Жібекті» сахнаға шығарайықшы» деп қолқа салған еді. «Қыз Жібекті» жаза алмаймын. Оның киносы бар. Операсы мен пьесасы бар. Эпостың өзі бар. Бұдан не табамын?» деп көнбей қойсам да, «Төлеген мен Жібекті аққу етіп, бір көлдің жағасында өмір сүргізсек» деп қоймаған соң, амалсыздан келіскен едім. Екі күннің ішінде пьеса жазылды. Қысқа уақытта жазылған дүниенің британ сахнасынан бір-ақ шығатынын қайдан білейін?! Қуыршақпен ойнаған жоқ. Актерлердің өзі сол аққу кейпіне түсіп, өте сәтті алып шықты. Ағылшын режиссерлеріне бірнеше пьесам ұнаған екен. Сол пьесаның арасынан «Аққу Жібектің» айтар ойы бөлек болса керек. Жібектің аққу болып ұшып кететін сәтін ерекше көрсетті. Спектакльдің режиссері – Кореяда туған, Ұлыбританияда тұратын кәріс қызы екен. Кәрісшесін де ұмытпапты. Корей театрының директоры Любовь Августовнамен кәрісше сөйлесіп отырды. Кемшіліктер болмады емес, болды. Әр ұлттың пьесасын өз ұлтындай ешкім қоя алмайды деп бекер айтқан жоқпын. Соның өзінде, екінші пьесамды британ театрының сахнаға алып шыққанының өзі – айрықша оқиға.
– Ағылшын театр сыншыларының қазақ драматургиясы туралы пікірлері қалай?
– Ағылшын театрларынан арнайы театр сыншылары келіп, спектакльдерді тамашалады. Әзірге сыншылардың пікірі жаман емес. «Актриса», «Жаужүрек» спектаклі туралы жылы пікірлер айтылып жатыр.
– Британ театрлары қазақ драматургының шығармасына қаламақы төлей ме?
– Өткен жолғы спектакльге қаламақы төлеген жоқ. Меніңше, бұл әдеби агентімнің қулығы ма деп ойлаймын. Әдеби агент пен жазушы көп соттасып жатады екен. Бұл жолы да «Кітабыңыз да сатылып жатыр. Спектакльге де билет сатылуда. Желтоқсан айында хабарласамыз» деді. Күтеміз.
– Ағылшын сахнасына қалай жол таптыңыз?
– Жолым болған себебі – Санкт-Петербор театрының сахнасында «Өкпек жолаушы» спектаклі қойылды. Осы «Өкпек жолаушы» ақырында Лондонға барып, бір-ақ қонды ғой. «Драматургия жарықтық – жаяу жанр» деп жиі айтамын. Ол негізсіз емес. Басқа елге танылу үшін де уақыт керек. Процесс ұзақ жүреді. Бұл – эстрада емес. Таңертең ұшып барып, кешкісін сахнаға шыға салмайсың. Пьесаны оқиды, талқылайды. Әр актер өзіне қандай рөл тиетініне дейін талқылап отырады. Қазақстанда қандай пьеса барын олар қайдан біледі? Дүниежүзінде не көп, драматург көп. Керісінше, оларда Орта Азияда драматургия жоқ деген стереотип қалыптасқан. Осы бір қасаң қағиданы өстіп-өстіп бұза беруіміз керек.
«Драматургия жарықтық – жаяу жанр» деп жиі айтамын. Ол негізсіз емес. Басқа елге танылу үшін де уақыт керек. Процесс ұзақ жүреді. Бұл – эстрада емес. Таңертең ұшып барып, кешкісін сахнаға шыға салмайсың. Пьесаны оқиды, талқылайды. Әр актер өзіне қандай рөл тиетініне дейін талқылап отырады. Қазақстанда қандай пьеса барын олар қайдан біледі? Дүниежүзінде не көп, драматург көп. Керісінше, оларда Орта Азияда драматургия жоқ деген стереотип қалыптасқан. Осы бір қасаң қағиданы өстіп-өстіп бұза беруіміз керек.
– Көркем шығармаға қарағанда, драматургияның танылуы жеңіл секілді. Әлде, олай емес пе?
– Көркем шығарманы шығару оңай. Ақшасын төлесеңіз болды, кітабыңыз дайын. Пьесаны қою – қиын. Көрермен залынан екі-үш адам шығып кететін болса, олар қайтып бұл театрдың есігін ашпайды. Театр осыдан қорқады. Бір клиент үшін күрес жүріп жатыр. Дүкенінде де солай, театры да солай. Кітапты досқа сыйлау, тегін беру деген жоқ. Демек, автордың шығармасының бағасы жоқ деген сөз. Олар да әр кітап есепте тұрады. Кітап шығару мәдениеті бөлек. Өзім де баспаның директоры болдым. Соның өзінде ағылшындардың кітап шығару мәдениетін түсіне алмаймын. Кітаптың қажет екенін айтса болды, үйіне әкеліп береді. Кітап дүкеніне барып, әуре болудың қажеті жоқ. Лондонда жүрген бір аптаның ішінде 200-дей кітап сатылды.
– Лондонда ағылшын жазушыларымен дөңгелек үстел өткен екен. Кездесуге кімдер қатысты?
– Лондондағы ең басты оқиғаның бірі – осы. Сыншылар, әдебиетшілер қатысты. Менен бұрын Орхан Памукпен де осылай дөңгелек үстел өткізген екен. Сұрақ-жауапқа қатысқанның барлығы риза болды.
– Ағылшын әдебиетшілерін не қызықтырады екен?
– Қазақ әдебиетінің жайын көбірек білгісі келеді екен. «Сіз драматургияны көп жазасыз ба?», «Драматургияға неге көбірек бұрылып кеттіңіз?», «Қай тілде жазасыз?» деп сұрады. «Саясатқа араласасыз ба?», «Қоғамдық жұмысыңыз бар ма?» деген сауалдар да болды. «Қазіргі саясат сізге ұнай ма?» дейді.
– «Қазақ жазушысын әлем танымайды» деген пікірді жиі естиміз. Исабековтің британ жұртына танылуы бұрын-соңды болмаған жайт па?
– Қазақ жазушысын әлем таниды деп айта алмаймыз. Исабековтің өзі Еуропаға енді ғана терезе ашып жатыр. Ұлыбританияның кітапханасы – мемлекет ішіндегі мемлекет. Бұл кітапханаға кіру үшін әбден тексеруден өтесіз. Ұшаққа мінерде қалай тексеруден өтсеңіз, мұнда да солай. Сол кітапханаға ертіп алып барды. Екі кітабым осы кітапханада мәңгіге сақталып тұр екен. Қазақ әдебиетін кім оқығысы келеді, солардың оқуына мүмкіндік бар. «Менен басқа қазақ жазушыларының шығармалары бар ма?» деп сұрап едім, «Жоқ» деп жауап қайтарды. Абай жоқ, Мұхтар Әуезов жоқ. Неге? Оның себебі басқа екен. Қазір қазақ жазушылары ағылшын тіліне көптеп аударылып жатыр. Мәскеуден де шығып жатқан кітаптар көп. Оның бәрін британ кітапханасына қабылдай бермейді. Оны қабылдау үшін қойылған белгілі бір талаптары бар. Англияда тұратын аудармашы аударуы керек. Осы елдің баспасынан шығуы тиіс. Тіпті Американың да тіліне сенбейді. Британ аудармашысы аударған, сол елдің баспасынан шыққан кітаптарға сараптама жасағаннан кейін ғана кітапханаға қабылдайды. Бірінші болып, британ кітапханасында тұрғаным жақсы. Екінші жағынан, қуанатын да нәрсе емес. Бұл дегеніңіз – біз мемлекеттік деңгейде жұмыс істей алмай отырмыз. Жақсы дүниені оқырман тауып алады деген бекер сөз. Насихат болмаған жерде кітап өтпейді. Оқырманға жетпейді. Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстанның сыртқы имиджі» деген бағдарлама бар екен. Оған біраз қаржы бөлінеді. Сол ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білмеймін. Әдебиетке жұмсаған қаржы тиімдірек болар еді. Әрі оған көп ақшаның да қажеті жоқ.
– 75 жылдық мерекеңіз Лондонда басталды. Мерейтойыңыз елімізде қалай жалғаспақ?
– Әуелде 27 қазанда театрда өткіземіз бе деген жоспар болып еді. Оған дайындығымыз кемшін секілді. Сол себепті, қараша айына қарай ұзарттық. Мерейтойды думандатып тойлатқанды онша ұната бермеймін. Ел шығармаларымды оқып жатса, театр пьесаларымды қойып жатса, соның өзі – үлкен мереке. Осы жолы Лондон сапарынан көңіліміз марқайып қайтты. Жапониядан да кітап сұратып жатыр деген хабар келді. Бұл Лондон сапарының әсері болар. Фестивальді қолдағаны үшін Мәдениет және спорт министрлігіне, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына айтар алғысым шексіз. Театр ұжымдарына да ризамын. Екі бірдей театр екі пьесамды Лондон төрінде қойып, көңілімді марқайтып тастады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС
Дерек көзі: aikyn.kz