- Құрметті Елші мырза, Қазақстан мен Түркия арасындағы ресми дипломатиялық байланыстың орнағанына бүгін, 2 наурыз күні 25 жыл толып отыр. Былай қарасақ, 25 жыл көп те емес. Бірақ осы уақыт аралығындағы екі елдің байланыстары түрлі саладан көрінді. Екіжақты байланыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз?
- Ең әуелі осы атаулы күнге орай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстан халқына өзімнің ерекше ілтипатым мен құрметімді білдіруді ерекше мәртебе деп санаймын. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте-ақ біз оны ресми түрде алғашқы болып таныдық. Бауырлас елге осындай кезде қолдау білдіру біз үшін үлкен абырой болды. Ширек ғасырдың ішінде Қазақстан мемлекеті өзінің кемеңгер басшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен барлық салада өте жақсы дамыды. Әсіресе, Қазақстанның халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жеткенін бағалаймыз. Қазақстанның абыройлы болғанын Түркия тарапы да ерекше мақтаныш тұтады. Осы 25 жылдың ішінде біз саяси-әлеуметтік, гуманитарлық салада ерекше байланыстар орнаттық. Орта Азия елдері ішінде Қазақстанды стратегиялық маңызы бар әріптес, бауыр елдердің бірі ретінде санаймыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар күннен күнге нығайып келеді. Дипломатиялық байланыстардың 25 жылдығы біздің тарапымыздан бағаланып, жыл бойы түрлі мәдени шаралар ұйымдастырмақ ниеттеміз.
Қазақстанның мақтанышына айналған Астана қаласының әлемде таныла түсуіне Түркия барынша көмектесе беретін болады. Астананы біз Қазақстан тәуелсіздігінің символы ретінде бағалаймыз. Қала қай жағынан алып қарасаңыз да қарыштап дамып келеді. Қазақстан соңғы кездері көлік қатынасын дамыту, құрылыс саласын жандандыруда көптеген табыстарға жетті. Біз мұны Қазақстанның қай тұсына назар салсақ та, байқай аламыз.
Саяси байланыстардан басқа, экономикалық байланыстарымыз әр тараптан нығайып келе жатыр. Әлемдік экономикалық қиыншылықтарға қарамастан Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда байланысы тек оң жағынан көрінді. Өткен жылдың өзінде екі елдің арасындағы сауда айналымы 2 млрд доллардан асты. Екі ел арасындағы үкіметаралық комиссияның жұмыстары көңілге қонарлықтай. Бүгінгі күні екіжақты келісімдердің нәтижесінде үшінші елдерге инвестиция құюды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда Түркияның 475 түрлі мердігерлік және кеңесшілік жобалары бар. Екі елдің біріге отырып жүзеге асырған жобаларының құны 21 млрд доллардан асады. Осы орайда айта кетейін, Түркия статистикасына сүйенсек, Қазақстан түркиялық мердігерлік фирмалар жұмыс істейтін 6-орындағы мемлекет екен. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да екіжақты тиімді байланыстардың аясында өсе түсері анық.
- Биыл түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде Түркістан қаласы таңдалды. Бұл екі елдің арасын одан әрі жақындата түсуге ерекше мүмкіндік болып отыр. Бұл орайда сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар қолға алынбақ?
- Біздің байланысымыздың негізі - мәдени, ағартушылық бағыттағы ортақ тұлғамыз Қожа Ахмет Ясауи. Біз өз байланысымыздың күшін Қожа Ахмет Ясауидің ілімінен алып отырмыз. Барлық саладағы қатынасымыздың түпқазығы да Қожа Ахмет Ясауиден басталады. Осыны түсінген екі ел білім саласындағы алтын көпір ретінде ұлы тұлғамыздың атымен жоғары оқу орнынын құрған болатын. Оқу орны бүгінгі күні екі елді білім мен мәдениет саласында жақындастыра түсті.
Биыл Түркістан қаласын түркі мәдениетінің астанасы ретінде бекітті. Өткен жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Қожа Ахмет Ясауи жылына Түркия тарапы барынша үлес қосты. Түрлі конференциялар, кездесулер мен жобаларды жүзеге асырды. Міне, сол үрдіс биыл да Түркістан қаласын мәдени астана етіп бекітудің аясында өз жалғасын табатын болады. Атап айтатын болсақ, рухани ортақ тұлғамыз Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістан қаласын әлемге таныту үшін Түркия мәдени шаралар өткізбек. Бұл мәдени шараларды Юнус Эмре атындағы мәдениет орталығы, Түркістандағы Қазақ-түрік университеті, ТИКА, ТҮРКІСОЙ ұйымдары ұйымдастырмақ. Шараға Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, Түркістан қаласының әкімдігі қатысады. Мұның бәрі бірлесе отырып атқарылатын жұмыстар екенін айта кеткім келеді.
Оның үстіне, биыл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Түркия белсене қатысатын болады. Түркиядан келетін туристер үшін Қазақстанда болу уақыты ұзартылды. Әуе қатынасы да жақсы дамып, ұшақ рейстерінің саны артты. Халықаралық маңызды шараларды өткізетін Қазақстанның беделі арта түсетініне кәміл сенемін. Осындай шаралардың аясында Түркістан қаласын әлемге танытудағы жұмыстарымыз нәтиже беріп, рухани ордамызға туристер молынан келеді деген ойдамыз.
- Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру үрдісіне тоқталып өтсеңіз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай дамып жатыр?
- Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарға көбінесе кәсіби тұрғыда өз істерін меңгерген, білімді жастар ықпалын тигізіп отыр. Көптеген қазақ жастары Түркияның алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алды. Игі дәстүр өз жалғасын тауып, Түркиядан білім іздеген қазақ жастары көбейіп келеді. Мұндай жастар бізді одан әрі жақындата түседі. Қазіргі уақытта Түркия тарапынан гранттар өте көп. Түркияға барып білім алғысы келетін жастар осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланса екен деймін. Өз бетінше барып оқыған жастарға да гранттар ұсынылып, қолдау білдіріп келеміз. Қазақстандағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ-түрік университеті тәрізді іргелі оқу орындарымен бірлескен бағдарламаларымыз бар. Аталған оқу орындарының студенттері Түркияда тәжірибеден өтіп жүр. Тек студенттер ғана емес, оқытушылар құрамы да Түркияда біліктіліктерін арттырып, білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.
- Сіздің ойыңызша, әлем Қазақстанды қандай қырынан жақсы таниды?
- Әлем Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылыққа үндейтін бастамаларын қолдайды. Қазақстан мен Түркияның ізгі миссиясы - әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылық. Екі ел де бұл жолға өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары әлемнің назарын аударған Сириядағы жағдайдың тұрақталуына арналған бейбіт келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан өз алаңын ұсынды. Сирия билігі мен оппозициясын Астанадағы дөңгелек үстел басында кездестіруге мүмкіндік жасалды. Мұны әлем елдері жоғары бағалады. Міне, Сирия шиеленісіне жетінші жыл болды. Көптеген сириялық соғыс кезінде қаза тапты. Миллиондаған тұрғын босқын болып, шет елдерге кетті. Түркияның өзі бүгінгі күнге дейін Сириядан 3 миллион босқынды қабылдап, паналатты. Босқындарға Түркия барынша гуманитарлық қолдау жасап отыр. Ал, ресми Астана болса, Сирияда тыныштық орнатуға өз үлесін қосуда.
Жақында, Түркия, Иран, Ресей мемлекеттерінің жұмылуымен Сириядағы атысты тоқтату мүмкін болды. Бірақ, оппозициялық түрлі ұйымдардың билікпен ымыраға келуіне әлі де жағдай жасау қажеттілігі туындады. Осыны ескерген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада келіссөздер өткізу үшін барынша мүмкіндік жасады. Қазақ билігінің бұл қадамы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Астанадағы кездесуде Сириядағы шиеленісті шешу үшін алғашқы қадамдардың негізі қаланды. Сириядағы атысты тоқтатуды одан әрі жалғастыруға Астана келіссөздері өз үлесін қосты. Тағы ерекше атап өтетін бір жағдай, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан халқы Түркияның ең адал досы, бауыры екенін үнемі дәлелдеп келеді. Қазақстан басшысы мен халқының Түркияның тұрақтылығы мен дамуына, беделінің арта беруіне қолдау білдіруі сүйсінтеді. 2016 жылы жазда билікке қарсы Түркияда орын алған әскери әрекет кезінде Қазақстан билігі Түркия басшылығын қолдады. Түркияда президентке, демократиялық қоғамға қастандық ретінде жасалған бұл әрекетті қатаң айыптаймыз. Отанымызға осындай қиын жағдай туған кезде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, өзінің бауырластығын танытты. Оның бұл қадамына Түркия халқы ризашылығын білдірді. Қазақстан осылайша өзін бейбітшілікті қалайтын, оны нығайтуға барынша күш салатын мемлекет ретінде танылып келеді. Қазақстанның бұл бастамасына Түркия да әрқашан қолдау білдіретін болады. Бүгінгі күні әлем Қазақстанды бейбітшілік кіндігі ретінде таниды. Мейірбан қазақ бауырларымызды осы үшін ерекше құрметтейміз. Екі елдің арасындағы бауырластық арта берсін!
- Сұхбатыңызға көп рахмет!
Дерек көзі: ҚазАқпарат
Авторы: Марлан Жиембай