«Әнді сүйсең, менше сүй…»
14.02.2017, 10:32

«Әнді сүйсең, менше сүй…»

Қазақтың белгілі әншісі Нұрғали Нүсіпжановтің есімі елімізден бөлек, шет мемлекеттерге де жақсы танымал.

Ол шырқаған «Өз елім», «Саржайлау», «Маралдым» тәрізді лирикалық әндер әнші дауысының құдыреттілігі арқылы тыңдарман жүрегінен орын алды. Жақында Нұрғали ағамызбен жолығып, әңгімелескен едік. Әңгіме арқауына ән мен өнер, тіл, руханият мәселелері өзек болды. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

– Нұрғали аға, өнер әлеміне қанат қаққалы бері сіздің жетістіктеріңіздің барлығы да халқыңыздың көз алдында өтіп келеді. Белгілі композиторлармен, ақындармен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасадыңыз. Осы тұрғыдан келгенде сіздердің замандарыңызда ән мен оның сөзіне деген талғам пен талап қандай болып еді?
– Менің заманым басқаша болды ғой. Бағыма орай аса талантты композиторлармен шығармашылық байланыста жұмыс істеу бақыты бұйырды. Нұрғиса ағалардан бастап, Шәмші ағамыз, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев сынды дарынды тұлғалардың тамаша әндерін шырқадым. Ол кезді қазақ ән өнерінің ренессансы дер едім. Өйткені ұлттық бағыттағы әндердің неше түрлі үлгілері өмірге келді. Әр күн, әр апта сайын бұрқырап жаңа әндер шығып жататын. Композитор ағаларым менің даусыма арнап жазатын. Бәрі де жақын достарым болды. Араласып-құраласып тұрдық. Ол азаматтардың өмірге деген көзқарасы, ел-жұртына деген сүйіспеншілігі шығар­машы­лықтарында бейнеленді. Ән иірімдері арқылы өздерінің ұстаным­да­рын жоғары дәрежеде көрсете білді. Әнге арқау болған тақырыптардың барлығы да өзінің биік деңгейіне жетті. Ақындарымыз да солай жұмыс істеді. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі үштік одақтарымыз мықты болған екен. Қазақ өнеріндегі мұндай жақсы үрдістің ұмытылмағаны дұрыс. Әйтпесе, бүгінде орындайтын әнінің авторын білмейтін әншілер бар. Авторын танымай оның шығармасын қалай орындауға болады? Өкінішке орай, осындай жағдайлар белең алып барады. Шығарма елдің ойынан шығуы үшін әнші, композитор, ақын бас қосып, ақылдасып, бір-бірінің пікіріне құлақ аса отырып ортақ шешімге келетін. «Ақылдасқан азбайды» деген атамыздан қалған сөз бар ғой. Біз орындаған әндердің бәрі де ақылдасып жасалған дүние. Кейбір әндер, мысалы соңғы нұсқасы шыққанша талай өзгеріп жататын.
– Өзіңіздің тамаша орын­дауыңыз­дағы Нұрғиса ағамыздың «Өз елім» әнінің өмірге келуіне тоқталып кетсеңіз?
– Бірде Нұрғиса аға, Қадыр аға үшеуіміз таң атқанша отырып «Өз елім» әнін дайындадық. Қадыр аға композитордың да, әншінің де желеуіне ере бермейтін бір сөзді ақын ғой. Бір жазып тастаған өлеңін қайта өзгерткенін көрмедім. Ал «Өз елімді» үш рет жазды. Өйткені әнде дыбыстық өлшемдер болады. Оларды сөзбен үйлестіріп, сәйкес келтірудің машақаты көп. Сондай бір сәтте Нұраға: «Әй, Қадыр, сені әбден қинадық-ау, сөзді қайта-қайта жаздырып дегенінде, Қадекең: «Ән халықтың кәдесіне жарап, тыңдарман үшін қызмет істейтін болса, мен мың рет те жазуға дайынмын» деген еді. Ол кісілердің ән сөзіне деген жауапкершілігі күшті болатын. Сондықтан сазгер де, ақын да осы жауапкершілікті сезініп жұмыс істейтін болса, менің ойымша, халықтың жүрегінен орын алатын ғажайып туындылар өмірге келеді.
– Қазіргі әндер мен ән мәтіндері көбінесе көңілден шықпай жатады. Сөзі, өлең ұйқастары поэзия талабына сай келе бермейтін жағдайлар жиі болады. Осы туралы не айтасыз?
– Ақын мен композитор өздерінің өмірге әкелетін туындысына, таңдаған тақырыбына бір көзбен қарап, бір түйсікпен сезінуі керек. Сонда татымды дүние шығады. Ал ән бір бөлек, сөзі бір бөлек сипатқа ие болып тұрса, екеуінің арасындағы байланыс мықты болмаса, ондай ән тыңдарман жүрегіне жетпейді. Бұл үшін көп ізденіс керек. Кейбір әндер болады әп-сәтте жазылады. Мысалы, Әсет Бейсеуовтың «Гүлдер» әні 15 минуттың ішінде жазылған. Ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуі саябақтың ішінде келе жатып, құлпырып өсіп тұрған гүлдерді көреді. Ойлары да, шабыттары да бір арнаға тоғысып, кереметтей ән шыққан. Көрдіңіз бе, композитор мен ақынның ойы дөп келуі керек деп отырғаным сол.
Бір айта кетерлігі, талай әндердің бағын ашқан Нұрсұлтан Әлімқұлов туралы молынан айтылып, жазылуы керек еді, айтылмай, жазылмай кетті. Ол кісі Латиф Хамидиден бастап көрнекті композиторлардың шығармаларына тамаша ән мәтіндерін жазды. Насихаты аздау болды. Нұрсұлтан Әлімқұлов композитор Әсет Бейсеуовтың тұлға болып қалыптасуына да көп ықпал етті деп айта аламын. Сондықтан қазақ ән өнеріне қомақты үлес қосқан осындай азаматтардың есімі жиі еске алынып, насихаты дұрыс жасалса деген ойым бар.
– Ана тіліміздің қадір-қасиетін бір адамдай жақсы сезінесіз. Оны өзіңіздің сұхбаттарыңызда да айтып жүрсіз. Тілге деген құрмет сіздің бойыңызда қалай қалыптасты?
– «Мен ауылдағы аталар мен әжелердің академиясын бітіріп келгенім қандай жақсы болды» деп әзілдеп айтатыным бар. Өйткені ана тілімді білемін. Бала жасымнан осы тілдің мәйегін бойыма сіңіріп өстім. Ата-бабаларымыз «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған ғой. Тіл барлық нәрсенің өзегі. Сондықтан, менің ойымша, ол бәрінен де жоғары тұруы керек. Тіліміздің тұғырын біз биікке көтеруіміз керек. Дүниежүзіндегі ең қымбат қазына, байлық ол халықтың тілі ғой. Өнер де, мәдениет те тіл арқылы қалыптасады, өркендейді. Олай болса, ана тілімізге қызмет жасағанымыз абзал.
– Тіл мәселесінде өзіңізді ойландырып, толғандырған дүниелер болса, айта отырсаңыз.
– Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болды. Тіл мәселесінде нақты істер шамалылау болып тұр. Мысалы, бір мекемені басқарып отырған басшы мемлекеттің тілін білмесе, тілді қорлағаны емес пе. Ана тілін білмеген адам ол елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдай ала ма? Мемлекетке деген жана­шыр­лығың да өз тіліңді білуден басталады. Қазір тілді үйренемін, меңгеремін деген адамға мүмкіндіктер толып жатыр ғой. Тіпті аз уақыттың ішінде тіл үй­ретуге жағдай жасайтын әртүрлі әдістемелер де ойлап табылуда. Бір сөзбен айтқанда, өзіңнің өмір сүріп отырған мемлекетіңнің тілін білуге міндет­тісің. Бұл әлемде бар үрдіс. Мә­селен, Германияға, Францияға барсаң да солай. Ал бізде неге жоқ? Қан­шама жыл­дардан бері осы елде тұрып келе жатса да, қазақша білмейді.
– Сіздің ойыңызша, не істеуіміз керек?
– Соншалықты намыссызды­ғы­мыз жанға батады. Селқоспыз. 1990 жылдардың басында мықтап қолға алып, мемлекеттік тілді тұғырына қондыруымыз керек еді. Сонда бір нәтиже болар еді. Көп уақыт жіберіп алдық. Біз ана тілімізбен ғана қазақпыз. Ана тіліміз болмаса, қазақ емеспіз. Ана тілің бар ма, сен кімсің деген әңгіме болмайды. Менімен сөйлескісі келе ме, өзімнің ана тілімде сөйлессін.
Өзіңіз жақсы білесіз, елімізге кезінде әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты көптеген ұлт өкілдері қоныс аударылды. Барлығы осы елде түтін түтетіп, жан сақтады, ұрпақ өрбітті. Одан бері де талай замандар өтті. Біз де оларға құшағымызды кең ашып, жатсынған жоқпыз. Төрімізге шығардық. Ал енді сол азаматтар біздің тілімізді неге үйренбейді. Басқа халықтың тілін үйрену мәдениет саналады. Оның арғы жағында сол халыққа деген құрмет сезімің де білініп тұрады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде біздің еліміздегі әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілді білуі керек деп есептеймін. Бастама солардан шығып, үлгі көрсететін кезі болды емес пе. Бұл ешқандай тілдік кемсіту емес. Бәріне бірдей қойылуы тиіс талап деп ойлаймын. Өркениетті елдердің бәрінде мемлекеттік тілдеріне деген көзқарас, құрмет ерекше қалыптасқан. Осы ретте мына бір оқиғаны айта кетейін. Заманында қазақ тілінің тағдырына ұлтымыздың бетке ұстар қайраткерлері батыл араласып, бұл мәселеге бейжай қарамаған ғой. Композитор Евгений Брусиловский өзінің бір кітабында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың тілге деген жанашырлығын келтіреді. Бірде Қазақстанның өнер ұжымдары Мәскеуде өтетін концертке дайындалып жатады. Темірбек Жүргенов келіп, біраз шаруаларды пысықтап, тапсырмаларды бере бастағанда елімізге көшіп келіп, қызмет істеп жүрген Орлов деген бір режиссер: «Сіз неге бәріне түсінікті тілде сөйлемейсіз?» депті. Сол кезде Темкең: «Мен сонда қазақтың әні мен күйін, жырын орысша айтуым керек пе? Қазақстанға келген екенсіздер, қазақ тілін білу сіздерге міндет» депті. Бәрі де сілтідей тына қалды дейді. Міне, тілге деген жанашырлық осындай болса, қанеки. Біз егемендігімізді алып, тізгін-шылбырымыз өз қолымызда болса да, сол егемендігімізбен әлі не істерімізді білмей жүрген елміз. Қадірін кетіріп барамыз. Тәуелсіздігімізді бағалай алмай жүрміз. Оны ең қымбат, қастерлі нәрседей көруіміз керек емес пе?
– Руханият саласын айтқанда, өнер мен мәдениетті айналып өте алмайтынымыз белгілі. Осы салаға қамқорлық жасалып келе жатса да, қоғамда руханияттан гөрі, басқа құндылықтарға бойұрушылық аңғарылады. Мұның себеп-салдарына үңіліп көрсек.
– Кеңес Одағы кезін аңсап отыр­ғаным жоқ, бірақ ол уақытта тәртіп күшті болатын. Идеологияға ерекше мән берілді. Әсіресе халықтың санасын тәрбиелейтін өнер, мәдениет, баспасөз салаларына ерекше көңіл бөлініп, назар аударылды. Мен радио-телевидениеде музыкалық редакция жағын басқарғанымда біздің алатын қаламақымыз айлығымыздан да көп болатын. Қарапайым еңбек адамдарына жағдай жасалды. Қазір біз заманға байланысты экономикалық қиыншылықтарды көп айтамыз. Етек-жеңімізді жиып алайық, әлеуметтік ахуалды түзеп алайық деп. Оның бәрі дұрыс қой. Бірақ рухани азыққа деген қажеттілік ешуақытта тоқтап қалмауы керек. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан жылдарда Алматыда консерватория мен Опера театры ашылды. Ал ол кезде жағдай мүлдем ауыр еді. Соған қарамастан, өнер мен мәдениеттің туы жығылмай, өз дәрежесінде халыққа қызмет етіп, руханият саласы өркендеді. Ақын-жазушылардың кітаптары мың-мыңдаған таралыммен жарық көріп, тарады. Демек, рухани дүниелерге көңіл бөлу экономикалық ахуалға тәуелді болып қалмауы керек. Әртүрлі қаржылық, басқа да қиындықтар болса да, адамның жанын, халықтың санасын тәрбиелеу ешуақытта тоқтап қалмағаны жөн. Бұл жағы ескерусіз қалса, оның орнын толтыру қиынға соғады, қажетті құндылықтарды қайта қалыптастыруға талай жылдар кетеді. Қазақтың өнері, музыкасы, салт-дәстүрі бай. Бес мыңнан астам күйі бар халық жер бетінде жоқ. Халық әндерінің құдыреті де сондай. Ең бастысы ешкімге ұқсамайтын, мақтанышпен айтып жүретін ұлттық өнеріміз бар. Бірақ өкінішке орай, біз өз өнерімізді жоғары деңгейге көтере алмай келеміз. Мұның бәрі осы саладағы дұрыс идеологияның болмай отырғанынан деп ойлаймын. Реттейтін, қолға алатын мәселелер әлі де аз емес. Атқарылған істердің барлығының негізінде Отанды құрметтеу, туған жерге деген перзенттік парызын сезіну жатуы керек.
Шалдың баласы болғаннан кейін тәртібім мықты болған болуы керек, жас кезімде мені аудандық коммунистік партияға мүше етіп қабылдады. Жұмы­сымыз жақсы жүрді. Еңбек еттік. Жалпы менің ұғымымда еңбектен артық тәрбие жоқ. Еңбек – ең тамаша тәрбие деп білемін. Алла тағала адамды талантты қылып жаратуы мүмкін, ал бірақ сол талантты ашу үшін еңбек етуің керек. Осы ұстанымды жастарға үнемі айтып келемін. Әнші болуға да көп еңбек керек. Маңдай терің төгілмеген жерде ойдағыдай нәтиже шықпайды ғой.
– Алдағы уақыттағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…
– Биылғы жылдың ақпан айында Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдас­тыруымен 80 жылдығыма орай шығар­ма­шылық кешім өткелі отыр. Қазір соған дайындық үстіндемін. Өзім шығармашылық байланыста болған өнер ұжымдары қатысады. Көптеген әндерімді орындаймын. Ең басты мәселе – ұлттық өнеріміздің қадір-қасиетін бағалап, салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды, ана тілімізді сақтауы­мыз керек. Сонда ғана біз дамыған, көркейген елге айналамыз. Мені ойландырып, толғандыратын осындай дүниелер.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Дерек көзі: anatili.kazgazeta.kz 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер