Өмірімдегі ең басты жанкүйерімнен айырылып қалдым
06.02.2017, 10:10

Өмірімдегі ең басты жанкүйерімнен айырылып қалдым

«Ромео және Джульетта»

Ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанау сайысына 40 спортшы қатысты. Оның ішінде үшеуі қазақстандық. Жарыс жаңадан салынған «Алматы Арена» спорт кешенінде өтті. Зал екі күнде де лық толы болды. Халықтың мәнерлеп сырғанау спортына деген ықыласы жоғары екенін байқадық.

Қысқа бағдарламаны қазақстандықтардың арасында Абзал Рақымғалиев бастады. Ол бірінші күннің қорытындысы бойынша 11-ші орынға тұрақтады. Артур Паникин 28-ші орыннан көрінді. Ал басты үмітіміз Денис Тен 94.91 ұпай жинады.

 

 

Денис Тен: Бірінші кезекте жанкүйерлеріме алғыс білдіремін. Бүгін олар өте қызу қолдау көрсетті. Әрине, өз жерімізде өнер көрсету жақсы әсер сыйлады. Мен бұл Универсиада ойындарына ұзақ дайындалдым. Оның үстіне қызықты бағдарлама ұсынғым келді. «Ромео және Джульетта» композициясын таңдауымның да өз себебі бар. Бұл – махаббат тарихы. Өте қызықты тақырып. Мәңгілік тақырып. Техникалық жағынан өзімді жетілдіре түстім. Жалпы алғанда алғашқы жарыс күнімдегі нәтижеме көңілім толды.

Денис алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша жапониялық Кэйдзи Танака (89.05) мен ресейлік Артур Дмитриевты (87.18) басып озды.

Екінші күні еркін бағдарламада Тен айдынға ең соңғы болып шықты. Жанкүйерлер кешкі тоғызға дейін тағатсыздана күтіп отырды. Жүлдегерлер сапына швециялық мәнерлеп сырғанаушы Александр Майоров қосылды (ол тіпті біршама уақыт жалпы есепте көш бастады). Ал қысқа бағдарламаны үшінші болып аяқтаған ресейлік Артур Дмитриев екінші күні тепе-теңдігін ұстай алмай екі рет құлап қалды. Сөйтіп, Алматыда төртінші орынды қанағат тұтты. Артудың алдын швециялық қарсыласы орап кетті. Денистің басты бәсекелесі Кейджи Танака еркін бағдарламаны әдемі орындап шықты. Жеке сайыста көш бастаған жапон спортшысы Денис Теннің шығуын күтті.

Жанкүйерлер қазақстандық спортшы ортаға шыққанда ерекше қошемет көрсетті. Денис Тен де көрермендердің үмітін ақтап, чемпиондыққа лайық шеберлігін паш етті. Қорытынды есеп бойынша Денис Тен күміс жүлдегерден 15 ұпай көп жинады.

Еркін бағдарламада қазылар алқасы 172,06 ұпай берді. Сөйтіп, қос сайыстың қорытындысы бойынша жерлесіміз 266,97 ұпай жинап, бірінші орын алды.

Күміс жапониялық Кэйдзи Танакенің (252,09) еншісінде кетсе, қола жүлде швециялық Александр Майоровқа (246,56) бұйырды.

Абзал Рақымғалиев Универсиада ойындарын 11-ші орынмен аяқтады (68,25 ұпай).

Алматыдағы дебют

Баспасөз мәжілісінде Денис шешіліп сөйледі. Өзінің туған қаласы Алматыда алғаш рет ресми жарыста бақ сынағанын айтты.

Денис Тен: Универсиаданың алдында қатты қобалжыдым. Бұған дейін туған қалам Алматыда ел алдына шығып, жарыста бақ сынап көрмеген болатынмын. Сол қобалжуларды жеңіп, мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Универсиада алтынын спорттық карьерамдағы кезекті белес деп білемін. Алдағы уақытта бірнеше жарыс бар. Бір бәсекеден екіншісіне өткенде іштей дамып отырамын. Алда Олимпиада ойындары бар.

Спортшы өзіне бәсекелес болғандарды құттықтап, сәттілік тіледі.

Денис Тен: Кэйдзу Танака мен Александр Майоровты жүлделі орын алуымен құттықтаймын. Екеуі де аңыз спортшылар. Спорт пен оқуды қатар алып жүр. Түсінген адамға бұл оңай емес. Әрі осындай ірі жарыстарға қатысқандарына ризамын. Қазіргі жаңа толқын физикалық жағынан ғана емес, рухани тұрғыдан да артта қалып қоймау керек.

Мәнерлеп сырғанаушылар – мұздағы ғарышкерлер

Мәнерлеп сырғанау - өте қиын спорт түрлерінің бірі. Сондықтан көбісі бұл жолды таңдай бермейді. Шыдамдылық пен еңбекқорлықты қажет етеді. Мұны Денистің өзі де айтып отыр.

Денис Тен: Спорт көптеген құрбандықты қажет етеді. Универсиадаға қатысқандардың барлығы карьераларын жастайынан бастаған. Біз жаңа элементтерді үйреніп, жарыстарға қатысу үшін бүкіл өмірімізді арнаймыз. Күн сайын жаттығамыз. Денсаулыққа да біршама салмақ түседі. Таңертең ерте тұрасың. Үйге кешкі тоғызда келесің. Бірден ұйықтауға асығасың. Алайда жатқан бетте ұйықтап қалу да мүмкін емес. Өйткені жүйке жүйесі шамадан тыс жұмыс істеген соң, тынышталу да қиынға соғады. Әуедегі секірудің өзіне бір секунд уақыт кетеді. Ал адам ауада бір секундтан артық тұра алмайды. Бұл шындық. Леонид Райцев айтқандай, мәнерлеп сырғанаушыларды мұздағы ғарышкерлер деп айтамын. Мәнерлеп сырғанау – өте қиын спорт түрі.

 

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері бұл спорт түрінің елімізде кең етек жайып келе жатқанын алға тартты.

Денис Тен: Әлемде бұл спорт түрі дамып келеді. Мен алғаш осы спорт түрімен айналыса бастағанда өзім шлангімен су шашып, мұз айдын жасайтын едім. Алматыда ол кезде көшеде мұз айдындар болмайтын. Ал қазір бәрі керемет. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спорты дамып келеді. Бүгінде мәнерлеп сырғанау әлемдегі танымал спор түрлерінің қатарына кіреді. Мысалы, біздің өнеріміз «Қазспорт» арнасы тікелей эфирден көрсетті. Ал бұрын отандық арналарда болмайтын. Сондықтан алғашқылардың бірі болып, әкем екеуіміз үйімізге кабельді арналарды қостырғанбыз. Мен бұл спорттың Қазақстандағы болашағына сенемін. Елімізде өтіп жатқан Универсиада ойындарының өзі көп нәрсені аңғартады. Алға жылжу бар екенін осыдан-ақ білсе болады.

 Өмірімдегі ең үлкен жанкүйерім әжем еді...

Денис Тен: Халықаралық Олимпиада комитеті жақында мен туралы деректі фильм түсірді. Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылғы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяда өтеді. Бұл мемлекет Қазақстанға және маған өте жақын. Менің атам – танымал кәріс генералы. Кореяда оған ескерткіш қойған. Мен екі рет атамның бейітінің басына барып, тағзым етіп қайттым. Сондай-ақ барған сайын бейіттен бір тас аламын. Дәл қазір қолымда жоқ. Бірақ қалашықтағы сөмкемде тұр. Қажет болса көрсете аламын. Негізі аса бір қатты ырымшыл адам емеспін. Алайда атақты бабамның құрметі үшін мұндай тылсым күшке сенудің айыбы жоқ деп ойлаймын. Универсиада ойындары өз жерімізде өткендіктен толқыдым. Әжем менің айдынға шығуымды күтті. Өкінішке қарай, әжем бірнеше ай бұрын өмірден өтіп кетті. Қазір мұз айдынға шыққанда ол кісі туралы көп ойлаймын. Енді менің бойтұмарым – әжем болмақ. Барлық жеңістерімді сол кісіге арнаймын. Ол менің ең бірінші жанкүйерім болатын.

 Өзгелердің өнерін тамашалауға мүмкіндігім болмады

Денис Тен: Абзал Рақымғалиевтың Универсиада ойындарындағы бірде-бір қойылымын көруге мүмкіндік болмады. Мұндай жарыс кезінде мен өзімнің дайындығыма қатты мән беремін. Сондықтан басқаларды қарай қоймаймын. Бапкерім маған қатты сенім артады. Белгілі бір деңгейде жоспарым мен мақсатым бар. Қатысушылардың барлығының лайықты өнер көрсеткенін естідім. Абзалдың спортқа қайта оралғанына қуаныштымын. Ол менің ірі жарыстардағы әріптесім. Әрі қарай сол дәстүр жалғасады деп үміттенемін. Сондай-ақ кеше түнде Артурдың өнерін тамашаладым. Деңгейі көтеріліп келеді екен.

 Әлемдік жарыстар өткізуге болады

 Денис Тен: Осы баспасөз мәжілісінде отырып, «Алматы Арена» спорт кешеніне көңілім толды. Бұған дейін «Халық Аренада» дайындық жүргіздім. Ол кешен де жақсы салынған. Өзіміздің Балуан Шолақ спорт сарайы да қайта жөндеуден өтті. Қазір барлық стандартқа сай келеді. Менен шетелдік мамандар жасөспірімдер арасындағы чемпионаттарды өткізуді бастап көрмейсіңдер ме деп жиі сұрайды. Сөйтіп әрі қарай бірте-бірте деңгейді көтеруге болады. Дегенмен, әр нәрсенің өз уақыты бар. Мұндай шаралардың жиі өтуін қолдаймын. Өте қажет.

Дерек көзі: baq.kz

Бек Төлеуов

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер