Бүгінгі қазақ қоғамында түрікшілдер, арабшылдар, қытайшылдар, орысшылдар, тым батысшылдар мен әсіре шығысшылдарды қиналмай табасыз. Көзге көрінбейтін шекараның арғы-бергі жағына емін-еркін, еш қиналмастан өте беретін ұлтқа айналдық па?! «Дөнер», «Суши», «Макдональдс», «Кюэвси» деген жазулардан бас айналатын түнгі қала – Алматының рухани кескін-келбетінде адам шошырлық қорқынышты бір нәрсе бар. Осындайда ұлттық негізге жақындаудың, заманға сай жаңа формалар ұсынудың жолын қарастырып жатқан біршама кісілерді көріп қуанасың. Жаһандануға қарсы қояр антивирус – тіл, діл, дін, дүниетаным, мәдениет және ұлттық әдебиет.
Біз қандай едік? Қазір қандаймыз? Болашақта қандай болмақпыз? Кез келген өсер ұлт өзіне осы үш сұрақты қояды екен. Ел қамын ойлаған Едігелер де бұған бас қатырғаны анық. «Біз қандай едік?» дегенге толымды әрі мардымды жауап ала аламыз деген ойдамын. Уағында жер қайысқан қолмен Ұрымда ұрыс салып, Қырымда қырқысып, шапса тұлпар тұяғы талатын, ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр Еуразияны билеп-төстеген елдің ұрпағы екенімізді ұдайы айтамыз. Даридың басын алған Тұмар патша, атын естісе ат үркетін Еділ патша, әлемді жаулаған Ескендірдің жары Роксана, Үндістанда патшалық құрған Бабыр, Мысырды билеген Бейбарыс, сүйегі Сирияда жатқан «Екінші ұстаз» әл-Фараби, ортағасыр обсерваториясын жасаған аспантанушы Ұлықбек, Моғолстан тұсында өмір сүрген әйгілі тарихшы, жылнамашы Мұхамед Хайдар Дулати, Орталық Азияны зерттеген Шоқан, барша орысты аузына қаратқан Бауыржан, қазақтың соңғы ханы Кенесары біздің бабамыз екені абырой емей немене?!. Осынша ұлыларды тудырған қазақ топырағы құнарлы, тұқымы асыл екені даусыз!.. Ал бүгінгі қазақ жаны қаншалықты өзгерді? Қорадағы қойы егіз тапса сүйінші сұрайтын қазақи көңіл тарылып бара ма, қалай өзі? Бір нәрсеге таң қалып, бір нәрсеге қуана алмайтын болып жүрміз. Үлкен жетістікке жеткен адамдарды балақтан тарту ұлттың дертіне айналғалы қашан. «Анна Каренинада» айтылған атақты фраза: «Все счастливые семьи счастливы одинаково, каждая несчастливая семья несчастлива по-своему» ғасыр ақиқатына айналды. Қазақ отбасы, қоғамы, ортасы, санасы, дүниетанымдағы өзгерістер айқын біліне бастады. Пейіліміз тарылғандықтан ба, сый-сияпатқа ие болған адамның қолын алуға ынтасыз болып шығамыз? Неге? Неге сонша төмендедік? Неге сонша сорлы кейіпке ендік? Ислам шартына сай мұсылман үш күнге дейін ренжуге құқы бар. Ал біз үш жүз күнге дейін кек сақтаймыз. Одан кейін кешірім туралы сөз қозғаудың өзі артық болады. Адам жақсылықты ұмытып кетеді… Адамдар сондай!.. Осы тұрғыда: «Қазір қандаймыз? Және болашақта қандай болмақпыз?» деген сұраққа жауап іздедік. Келешек бүгіннен басталады. Сол себептен бүгінгі қазақ қоғамындағы рухани өзгерісті, рухани ахуалды сөз еткенді жөн көрдік.
Уақыт зырғып, алдыға жылдам жылжыған сайын адамзат асығатын ғадетке көшкелі қашан. Соған сай балалардың тез өсуге, тез дамуға деген талпынысы анық байқалады. «Іште жатып ақыл үйретер ұрпақ туар», – деп сәуегейлік еткен жыраулар не деген данышпан!.. Анасына ақыл үйретіп, әкесіне жөн сілтейтін ұрпақ дүниеге келді. Бұны биолог ғалымдар «адами ариалдағы құндылықтардың ауысқаны» дейді екен. Мысыр пирамидасын төңкеріп қойғандай нәрсе. Оңай олжа тауып, тез байығысы келетіндердің көбеюі – елдегі капитализмнің балаңдау дамыған түрі деуге негіз бар (ең ғажап байлық – өмір, мына жарық дүние екенін неге ұмытамыз?). Нарықтық қарым-қатынас кезінде социализм ортақтастырған адамдарды эгоцентристке, жеке өмір сүретін адам кейпіндегі аңдарға айналдырды. Күн санап индивидуалистер көбейіп, қоғамда іріген сүттей бөлшектелген топтар пайда болды. Ғайсаны сатқан Иудадай, ондай «бірлестіктер» капитал үшін ұлттық мүддені де аяқасты етуге дайын.
Әлем әлеуметтанушылары: «Жер шарында идея сарқылып бара жатқандықтан, адамдар идея мен форманы барынша пайдалануға ұмтылуда…», – деген тұжырымға келді. Адам ойын технология мен мультимедиялық мәдениет жаулаған заманда бұл пікірдің орынды екеніне еш күмән жоқ. Яғни, бұл – болашақта табуға айналған дүниелерді бұза беруге болады дегенді білдірмей ме?! Құндылықтар құны жойылып, заң атаулысына да күмәнмен қарайтын заман туады деген сөз. Сонда әдеби-мәдени дәстүрде өзгеріске түседі ғой?.. Жақында бір шетел журналынан қызық нәрсені көріп қалдық. Латын Америкасының қаламгерлерін сол құрлықтағы ең ірі, ең құрметті делінген аңдарға теңепті. Мәселен, Борхесті аюға, Маркесті бөріге, Неруданы әтешке, Фуэнтосты қабыланға, Кастанеданы арыстанға, Карпьентерді игуанаға деген сияқты. Бір қызығы аталмыш жазушылардың өзіндік пантеонын жасаған. Ең төменгі жағына Коэльоны орналастырыпты. Бір басылымнан Ресейдегі Әдебиет жылына орай орыс классиктерінің қызық кейіпте көрдік. Лермонтов, Пушкин, Толстой, Достоевский, Чеховтардың коллажына олардың шығармаларындағы басты кейіпкерлерінің суретін салған. Сонда түрмедегі қылмыскерлердің үстіндегі жазу-суреттерден айнымай қалған. Дәл осы көрініс бірден күлкі шақырады. Бұл да әдебиетті насихаттаудың бір формасы. Бірде Алматы көшесімен кетіп бара жатып графитистер қазақтың ұлыларының шағын ойларын қабырғаға жазып, жандарына суреттерін салып жатқанын байқап қалдық. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенді көзіміз шалды. Бұрындары көшеде гитарамен ән айтып, ақша жинау я болмаса бір топ адамды жиып өлең оқу таңсық көрінсе, қазір ол қалыпты жағдайға айналды. Сіз әлі түсінбейтін, көрмеген дүниелерге тап болсаңыз, аса тосырқамаңыз. Себебі, Қазақстанды мына жалпақ жаһаннан бөлек қарастыра алмаймыз. Әлемдегі елеулі жаңалықтарды таңертең шай ішіп отырып көресіз. АҚШ-тағы торнадо, Бирмадағы тайфун, Жапониядағы цунами, Австралиядағы өрт, Малайзия бойнгының апаты сіздің үйіңізде болып жатқандай сезіледі. Ақпараттық кеңістік ашық екенін ескерсек, жақсы да, жаман да тасқын секілді аға береді. Тасқын демекші… Жуырда бөгет жарылып, селіңіз тұрғындарды әбігерге салды. Мүмкін басшылық бұл ақпарды аса жарияламай, онсыз да көзі алақандай болған тұрғындарды шошытқысы келмеген шығар, бірақ басқа өңірлерде бұл оқиға аса салқын қабылданыпты. «А… Тасқын болды ғой!» – дегендей. Адамдар жан-жаққа, басқа қалаларға қашты (осындай бір сәтті пайдаланып ұрылар иесіз үйлерді тонап, алтын, ақша, құнды заттарды қолды еткен). Өлмеудің амалын жасады. Бір қарағанда қарапайым нәрсе. Сел қала тіршілігінің ритмикасын бұзып, үйлерді қиратты. Бірақ біз дәл осындай тосын жағдайға қаншалықты дайын болдық? Көше көлікке толып, халық далада түнеді. Тынышымыз кетіп, ұйқымыз қашты. Не істерімізді білмей қалдық. Салыстырмасқа лажымыз жоқ. Жапониядағы «Фукусима-2» реакторы істен шыққанда, жергілікті ұлт қандай күйді бастан кешті? Қар, тасқын, жер сілкініс қатар келгенде Жаратқанға жалбарынудан басқа амал қалмады. Дегенмен, жапондар болған іске болаттай беріп болып, ұйымшыл, ауызбіршіл, рухани мықты екенін көрсетіп, бұл қиындықты да жеңді… Жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін аңғартты. Біз кейіпкерлерді алыстан іздемей, жан-жағымызға неге қарамаймыз? Бүгінгінің кейіпкері біреу емес бірнешеу десем қалай қарайсыз?! Иә, бірнешеу. Жанына үңілген сайын таң қаласың. Мені көршімнің қылығы қатты ойландырды. Бай-бақуатты тұратын қазақтың ауылдан шыққан жігіті. Екі ұл, бір қызы бар. Әйелі де қазақи қыз. Қаржыгер бола тұра салт-дәстүр, әдет-ғұрып, саясат, дінді өте терең біледі. Ұлт болашағы, ұлттық модель, ұлттың түлеуі туралы көп айтады. Тасқын түнгі сағат үште басталыпты. Таңертең тұрып көршіме ескертейін десем, ешкімді таба алмадым. Не болса да күтейін ұйықтап жатқан болар деп есігін ары қақтым, бері қақтым. Айналып үйінің артына барып терезін тарсылдаттым. Сөйтсем, ол кісі бала-шағасын алып таңғы сағат бесте шетел асыпты. Кеше ғана оралған еді…
Жақында неміс тілін үйрететін орталықта жас қаламгерлермен кездесу өтті. Ұмытпасам Германиядан келген жастар ұйымдастырды. Бұл шара туралы бір кісіден естіп қалдық. Бардық. Тоқсан тоғыз бүтін оннан бес пайызы орыстілділер мен қазақша үйреніп жүрген немістер. Уақытты адамға берілген байлық деп қарайтын немістердің жиналысына кешікпеуге тырыстық. Басқосу Герольд Бельгерді еске алумен басталды. Бәріміз орнымыздан дүр көтерілген соң бір минуттық үнсіздік жарияланды. Әлгі орысша жазатын отандастарымыз туралы естімеппін. Баспасөз бетінен де көрмеппін. Бірақ Еуропада танымал екен. Бір-екеуі сондағы беделді сыйлықтарды да иеленіп үлгеріпті. Немістер әлгілерден қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы, өнері туралы сұрағыштап барады. Отандастарымыз үнсіз. Біреуі білгенінше айтып көрді. Бір кезде екі неміс ортаға шығып домбыра мен қобызды ойнай жөнелді. Тағы бір неміс «Қара жорға», «Қамажай», «Аққу биін» биледі. Абайды сүйіп оқитынын, жыраулар шығармаларын немісшеге аударғысы келетінін, Шәкәрім мен сопылық поэзияны тереңірек түсінгісі келетінін жасырмады. Соңында шараны қорытындылаған бір неміс жігіті: «Біз Гетеден Гессеге дейін, Гумбольттан Гутенбергке дейін білуді өзімізге парыз санаймыз. Сіздер неге өз мәдениеттеріңізге бей-жай қарайсыздар?..», – деп осы уақытқа дейін үйренген қазақшасын паш етті. Дөңгелек үстелге жиылғандарға бұл сөз де аса әсер етпеді ғой деймін, жүздерінен ешқандай өзгерісті байқай алмадық. Кім қаншалықты ұялғанын білмедім, бірақ бір қазақ қызы әлгі неміс жігітіне шапан жауып, арнайы дайындалған қымбат ат әбзелін сыйлады. Енді ол неміс сол әбзелдің тура сондай түрін Германияға барып жасайды… Бұл шараға барғаныма өкініп қалдым. Еуропалықтың бұл сөзі жүрекке ауыр тиді. Бір шетінен барғаныма да қуандым. «Біз өзі не істеп жүрміз?» деген сұрақ туды. Әлемге танылғымыз келеді. Дәл осы сұрымызбен қайда бармақпыз? Өзін өзі ұмыта бастаған ұлтты өзгелер қалай қабылдамақ? Өзіңді сыйламасаң ертең сен өңгенің де мәдениетін танып жарытпайтының айдан анық шындық.
Бір кездері баспасөз бетіне «Қазаққа Нобель сыйлығы керек емес» деген сыңайдағы материалдар жарық көрді. Қазекемнің әдебиетке деген көзқарасы мен қарым-қатынасын осындай бір орынсыз ой-пікірлерден біліп қаласың. Бұнда қазақбайшылық басымдау секілді. Бүгіндері: «Нобель сыйлығы жебірейлер мен саяси мәні бар шығармаларға беріледі» деген пікір басым тұрғаны өтірік емес. Дегенмен, Сюлли-Прюдомнан бастап Модианоға дейінгі аралықтағы әлемдік әдеби үрдісті өзіміз үшін бағамдап, дәл сол дәрежеде түсіне алмаған секілдіміз. Адам, адам тағдыры, жаһандағы ірі оқиғалар, замана тудырған кейіпкердің толғанысы, ой ағысы, сезімі туралы Нобель лауреаттарының лекциялары қаншалықты әсерлі екенін түсінсеңіз ғой. Өзін өмір бойы жазуға арнаған, басынан сонша қиындық өткен туындыгер мінберден сөйлеп, шығармашылық жолын түйіндейді. Бұны адам өміріндегі ең ұлы сәттердің бірі деуге болады. Адамзаттық маңызы бар ойлар, лекциялар бізге де қажет шығар?.. Аталмыш сыйлықтың барлық иегерлері оқыған лекцияның өзі он томға жуықтайды. Ол жеке кітап болып шыққан-ды. Одан кейінгі Букер, Пулицер, Гонкур сыйлықтары ше? Оған да қазақ қаламгерлерінің таласы бар екенін дәлелдейтін уақыт жеткен секілді. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен өнері Мемлекеттік сыйлықпен ғана өлшенеді дегенге сену қиындау. Әлемге біздің пікіріміз қаншалықты маңызды екен?.. Нобельды қажет етпейтін, одан саналы түрде бас тартқан ұлт – қазақ қана ма? Бізде Нобельге Қазақ елінің атынан ұсынатындай, Академияның іріктеу комиссиясынан өтетіндей шығарма бар ма?..
«Қазіргі қазақ қоғамындағы ахуалды суреттеп, ірі-ірі конфликтілерді көрсететін туынды неге жазылмай жатыр?» деген сұрақ жазушыларға жиі қойылып жүр. Ондай шығарманы жазбас бұрын: «Бүгінгі қазақ қандай? Тәуелсіздік алғаннан бері ол қаншалықты өзгерді?» деген сауалға жауап берген дұрыс. Әдебиет – Ең жоғарғы сыйлықты алумен өлшенбесе керек. Ұлы сөзде ұят жоқ! Сыйлықтың айналасындағы әңгіме Августин Аврелийдың: «Алдым – өлдім» деген қанатты сөзімен сарындас секілді. Жас әдебиетшілер армандаған шынайы әдебиет осы ма? Ағалардың Жоғарғы сыйлық үшін таласып, бет жыртысып, бір-бірінің күнә-кемшіліктерін (әркім Құдай алдында өзі жауап береді) басылым бетіне көлдей-көлдей, пайдасы аздау мақалалар жазып, тырнақ астынан кір іздеп, көпшілік алдында өз абыройларын төгу – әдебиеттің негізгі функциясы емес.
Былтырлары Қазақстан Жазушылар одағы қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен шеберлік сыныбын ұйымдастырып жүрген-ді. Жазу-сызуға қатысы бар делінгендердің бәрі келетін. Әр жазушы өз әдіс-тәсілімен, жазу стилімен бөлісіп, жастарға жол көрсетіп, бағыт сілтейтін. Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Аманхан Әлім, т.б. қаламгерлердің ойларын қойын дәптерімізге түртіп жүрдік. Бұл да бір жақсы бастама еді. Аға қаламгерлер ақыл-кеңес айтып, өзінің кейбір кемшіліктерін тілге тиек етіп, әлем әдебиетінің озық үлгілерін пайдалана отыра, замана үрдісіне сай жаңа шығарма жазудың қаншалықты маңызды екенін бір емес, бірнеше рет ескерткен болатын. Әдебиет дамылсыз жалғасып отыратын үрдіс болғандықтан жастар ойын да ескерген жөн сияқты… Қалай дегенменде Егемендік рухы мен елдік намысымыз қабыспайынша рухани дамудың дөңгелегі ілгері жылжымайтынын билік басындағылар да мойындап отыр…
Оқырмандар жазушыдан, ал жазушы өз кезегінде оқырманнан кінә іздеуде. Оқырман уәжі: «Жақсы туындылар жоқ», дегенге сайса, жазушы: «Халық кітап оқымайды», деген пікіріне берік. Алдымен халық пен оқырман деген екі ұғымды анықтап алайық. Мемлекеттің ішінде көптеген ұлттар мен этностар өмір сүретіндей, халықтың ішінде де өнерді сүйетін немесе өнерді өнер деп қабылдамайтындар бар. Бұрындары жазылған романды редакциялап қайтадан баспадан басып шығарудан жазушы ұта ма? Оқырман өз көзімен көрген, өз қолымен ұстаған, өзі сезінген, жүйкесіне тиген, жанына батқан мәселелер турасында оқығысы келеді. Егер сөз өнері дәл сол үдеден шықпаса, онда оқырманнан айырылдым дей беріңіз. Бар болғаны осы. Германияда драматургтар мен сценаристерді дайындайтын орталықтарда біздегідей қолды байлайтын, уақытты өлтіретін толған құжат-қағаз қажет емес. Оларға керегі – бойыңыздағы қабілет-қарым әрі дарын ғана. Әлгілер орталықты тәмәмдаған соң кәсіби драматург деген диплом алады да қаны сорғалаған тақырыптарға жаза бастайды. Бүгін киіктер қырылса – келесі аптада үстеліңіздің үстінде сұранысқа ие пьеса жатады. Айлап, жылдап, шабыт шақырып я саяжайға барып ойланып, толғанудың аса қажеті жоқ. Мен сапа туралы емес, бүгінгі жазудың жаңа технологиясы осылай өріс алғаны жөнінде айтып отырмын. Одан кейін неміс театрларында репертуарлық жұт қайдан болсын. «Қазіргі қазақ театрындағы вакуум қалай пайда болды?» деген сауалдың өзі орынсыз. Өйткені, жастарды дайындайтын технология жоқ, бар болғанның өзінде өте ескірген, заман талабына сай емес. Егер қаламгер көпшілікті былай қойғанда, белгілі бір топтың эстетикалық сұранысын қанағаттандыратын туынды жазса, онда ол уақыт өте келе оқылымды авторға айналады. Ал ондай авторлар көп емес, бірақ бар. Білесіз бе, Герман Мелвиллдың «Моби Дик» романын басында жалпы көпшілік қабылдамаған. Тек теңізшілер мен балықшылар оқыған. Кейін ол кітап каютада іші пысқан жолаушылардың қолына түседі. Содан соң портта, жағажайлардағы тұрғындар мен демалушылар қызығушылығын оятады. Ал қазір ол шығарманы білмейтін адам жоқ шығар. «Моби Дик» тек балықтар туралы ғана емес, адамның қандай жауыз, қатыгез, алаяқ, ақымақ және қаншалықты мықты, саналы, ержүрек, батыл жаратылыс иесі екенін паш еткен роман. Оқырман мен жазушы, сыншы мен қаламгер, өнер мен қоғам арасындағы түсініксіз құбылыс барлық елде бар. Ал ТМД елдерінде бұл өзекті тақырыпқа айналды. Бұл жерде тарих пен даму деген аспектіні ерекше ескерген жөн. Мәселен, Америка әдебиеті ақ пен қараның айқасы туралы қалам тартқанда біз жыраулар поэзиясымен сусындадық. Кейін бізге жазба әдебиет келіп, романтика мен лириканы қаузап жатқанда, Әлем адам мен Құдай, Ібіліс пен періште, ақыл мен ми, сана мен жоғарғы сана, ар мен өлім, соғыс пен бейбітшілік, аштық пен зобалаң, атом мен ядро, протон мен нитрон, ғалам мен жұлдыз, уақыт пен кеңістік, жан мен жүрек, жұлын мен жүйке, дін мен заман, құқық пен сот, экономика мен саясат, өмір мен өлім секілді күрделі дүниелерге барды. Абайдан бастау алатын алыптардан бертінге дейінгі аралықта бірде эволюциялық, бірде революциялық жолмен әдебиетіміз дамыды. Неге біз көп жазамыз?.. Көлемді дүние жазбасақ көңіліміз көншіметіндей. Көп сөйлейміз, көлемді жазамыз. Эпикалық тынысты мөлтек, шағын туындылар арқылы да көрсетуге болады. Шығарма көлемділігімен емес, ішкі мазмұнымен, мән-маңызымен құнды екенін ұмытқан сияқтымыз. Әр қаламгер әдеби газеттерге бір-бір бет мақала бермесе, мәселе шешілмейтіндей көрінетіні несі екен?!. Мірдің оғындай дөп тиетін аз сөзбен көп ой айтқан бабаларымыз – ғажайып бір мектеп қой…
Бүгінгі қазақ қоғамында сатқындар, жалған патриоттар, құлдар, күңдер, жағымпаздар, жезөкшелер, жатыпішерлер, нашақорлар, парақорлар, өтірікшілер, өсекшілер, тасбауырлар, мылжыңдар, еріншектер, қызтекелер, ақтар, көктер, қаралар бәрі-бәрі бар. Біз «Ашық қоғамның» адами заңдылықтарымен таныспай жатып, мұхитқа күмп бердік. Не ортасына жете алмай, не жағаға шыға алмай жатқан жайымыз бар. Ойнақы маймылдың кейпіндегі Ханумана құдайдай мың құбылған қоғамның маскасын шешіп, бетін қан қылып тілгілеп тастайтын шығарманың жазылмай жатқаны әрине, өкінішті. Қазақ күн санап өзгеріп бара жатқанын біреу байқар, біреу байқамас. Мүлде танымастай кейіпке еніп, Камюдың «Бөгдесіндей» біреуге айналмасына кім кепіл?! Алдымызда тұрған ең үлкен міндет – ұлттық әдебиетті жаңа биікке шығару. Онсыз әлемдік процесс пен прогреске ілесе алмай, ел ретінде өзімізді таныстыра алмаудың қаупі бар. Содан сақтанайық!..
Әлібек БАЙБОЛ
© qazaqadebieti.kz