Немістер терактінің түпкі мәніне үңіліп жатыр, ал біздер…
24.08.2016, 10:42

Немістер терактінің түпкі мәніне үңіліп жатыр, ал біздер…

Күллі әлемді тіксіндірген терактілердің бірінің артынан бірінің орын алуы адамдарды үрей құшағына тарта түскендей. Алматыдағы қарулы шабуылдан кейін, іле-шала Мюнхендегі орын алған қанды оқиғаны ақпарат құралдары әуелде «діни ұшқарылардың әрекеті» деп баға берсе, көп өтпей қанды-қолдар туралы нақты ақпараттардың таралуына байланысты өзгеше тұжырымдар жасала бастады.

Қазақстанның ақпарат кеңістігін жаулап алған полицияға қолды болған Руслан Күлікбайдың жерде жатқан сәті түсірілген суреті еді. Суреттегі жігіттің иегіндегі қысқа сақалына қараған бойда-ақ ғаламтор қолданушылар бірауыздан «Ақтөбенің жалғасы», «сәләфтардың немесе уаһабистердің кезекті жиһады» деп «баға бере салды». Осыған ұқсас, Мюнхендегі қанды оқиға туралы желдей ескен хабарлар, ең әуелі қандықол Давидтің отбасының кезінде «Ираннан қоныс аударған мұсылман» екендігіне баса назар аударып жатты.

Алматыдағы атыс туралы Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың өз мәлімде-месінде: «Руслан Күлікбайдың әре-кеті кек алу сипатында» деп тұжырымдауға болатындығын айта келіп, оның ислам радикалдарымен қатысы аз екендігіне бастапқы қадамда кесім айта кетті. Өсек-аяңға тосқауыл қойылып, қала тәртібі күшейтілгелі бері жұрт үрейі де сейіле бастады. Сонан бері БАҚ беттеріндегі оқтын-оқтын айтылып жатқан сараптамалардың бір бөлігі «Русланның ұялы телефон сатқан сақалдылармен байланысы», «Русланнан табылған діни уағыздар» секілді айғақтарға назар салса, ІІМ өкілдері таратқан ақпаратқа негізделген екінші бір топ адамдар бұдан бұрын екі мәрте сотталған азаматтың «пагондыларға кеткен кегі бар екендігіне» үңіліп жатыр. Осыдан ары қарай зерделеген «тәуелсіз сарапшылар» еліміздің Ішкі істер мекемелері, сот жүйесі, түзеу мекемелері секілді құзырлы органдарында орын алатын әділетсіздіктер туралы айта келіп, аталмыш оқиғаның түпкі себебін «осындай келеңсіздіктермен» байланыстырып қарау керектігін айтуда. Осы тұстан сөзімізді Мюнхен оқиғасына қарай бұрмақпыз. Германия Ішкі істер министрінің ресми өкілі өз мәлімдемесінде «аталған оқиғаның ислам радикалдығымен еш қатысы жоқтығын» кесіп айтты. Ендігі жерде немістің БАҚ-тары тұс-тұстан аталған оқиғаның түп мәніне үңіле бастады.

Ақпарат кеңістігіндегі таралып жатқан алуан түрлі сараптамаларды қорыта келгенде, «Мюнхен қанды оқиғасының» бас кейіпкері Давид «кек алу ниетінде осы қадамға барды» деген байлам жұрт санасына орнығып қалды. Ал бұдан ары қарайғы пікірлердің бір арнаға тоғысатын түрі жоқ. ІІМ-нің бір жауаптысы жас жігіттің жауыздыққа басуының басты факторы — «қазіргі күнде дүниені жаулап кеткен компьютерлік атыс-шабыс ойындары» деген байламын айтыпты. Оның уәжіне жүгінсек, ғаламтор арқылы ойналатын немесе компьютерге тегін жүктелетін атыс-шабыс ойындары жасөспірімдердің санасын жаулап алып, қатыгез де қанқұмар адамдардың пайда болуына тікелей себепкер екен. Ал бұл пікірмен келіспейтіндер «шындықпен жалған дүниенің ара-жігін ажырата алмаған» мұндай пікір қанды оқиғаға тұжырымдама бола алмайтындығын дәріптеп, Давидтің мектептегі кезінде «7 жыл бойы неміс балалардың қақпайына ұшырап келгендігін» айтысып жатыр. 2012 жылдың бір күні мектептен қайтып келе жатқан Давидті 3 бала сабап кетіпті. Кезінде бұл іс Мюнхен қалалық жасөспірімдер сотында қаралған екен.

Давидтің бір досы, осы оқиғадан кейін-ақ оның компьютер ойындарына, соның ішінде мылтық алып нысана көздейтін ойындарға айрықша құмарлана түскендігін еске алыпты. Ғаламторда Давидтің «дұшпаны» болып жүрген бір жас жігіт, оның ойын барысында «кек алу» деген сөзді көп қолданатындығын айтқан. Міне, осылайша өрбіген қоғамдық пікірлер қанды оқиғаның түпкі мәніне барған сайын бойлап бара жатқандай. Әрі баспасөз арқылы жұрт назарына ұсынылып, адамдарды қоғам дертін бірлесе отырып аластауға шақырғандай. Ал біздер болсақ, бірнеше күн шулағаннан әрі аспайтын секілдіміз. Біреулер қазаға ұшыраған отбасыларға мемлекеттен берілген көмектің көлемін «шотқа қақса», көп санды адамдар «ұшқары діни ағымдарға заңмен тосқауыл қоюдың қажеттілігін» айтысып жатыр. Ал құзырлы мекемелер бұл тақырып төңірегінде жақ ашпай отыр. Мүмкін, алдағы жерде балалар санасын улап жатқан компьютерлік ойындар мен мектептегі «әлім-жеттіктен» бастап зерттей келе «әділ сот» қылмыскерлерді ақиқатқа қайтаратын түзеу мекемелеріндегі «түрме тәртібі» саласына да үңілетін шығармыз. Әзірге салдармен күресуден аса алмай жатқан жайымыз бар.

 

Ерқазы Сейтқали

© elana.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер