Көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие, ықпалдылық әлеуетi зор телесериал жанрын неге идеология тұрғысында пайдаланбасқа? Қазақы көрермен қашанғы шетелдiк телехикая кейiпкерлерi үшiн күйiп-пiсiп, бөгде мәдениеттiң жырымен жұбанады?
Мысалға айтатын болсақ, кейiнгi уақытта отандық телеарналар эфирiн толықтай жаулаған сол телехикаяларға санасын сарғайтқаны соншалық, елiмiздiң жасы да, кәрiсi де үндiнiң, түрiк пен кәрiстiң салт-санасын, мәдени құндылықтарын өзiнiң төл мәдениетiнен, ұлттық салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпынан әлдеқайда терең бiлетiндей халге жеттi. Бұдан шығатын бiр жол – көрермен көңiлiне жол тапқан сол шетел сериалдарымен терезе теңестiре алатындай ұлттық дүниелердi түсiру. Рас, “Қазақстан”, “Хабар”, “7 арна” соңғы уақытта өзiмiздiң жекеменшiк компаниялар түсiрген телехикаяларды көрсете бастады. Бiрақ олардың барлығы дерлiк шетелдiк сериалдар сияқты көрермендi баурап әкете алатындай, қазақы көрерменнiң дүниетанымына сай, тартымды, қызықты дүниелер емес.
Осы орайда, бюджетi шағын, режиссерлiк әдiс-тәсiлдерi мейлiнше қарапайым, ең бастысы, қазаққа жақын тақырыптарға құрылатын хикаяларды түсiруге көңiл бөлген абзал. Ескеретiн бiр нәрсе, халықты қолдау тек әлеуметтiк жеңiлдiктер жасаумен ғана шектелмейдi. Яғни, оның рухани сұранысын өтеу жайын да естен шығармаған жөн.
Шындап келгенде, мексикалық, бразилиялық атышулы сериалдарға өзек болып отырған махаббат пен зұлымдықтың, достық пен қастықтың, әдiлет пен әдiлетсiздiктiң, жалпы, ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың тайталасын өз қоғамымыздан-ақ күнiне сан мәрте көрiп, бiлiп жүрмiз. Демек, ынта-ықылас болған жағдайда осы жайттардың бәрiн өз мәдениетiмiзге, дәстүрiмiз бен ұлттық құндылықтарымызға орайластырып, қазақы мазмұндағы тағылымды дүние түсiруге әбден болады. Әрбiрден соң ұлттық мәдениеттi дамытуға әрқайсымыз мiндеттiмiз. Қазiр iргемiздегi елдердiң бәрi де шетелдiк телесериалдарды өздерiнiң iшкi өнiмдерiмен алмастыруға барынша күш салып жатыр. Мұның барлығы – сырттан болатын рухани экспансияға тосқауыл қоюға тырысушылықтан туындаған әрекеттер.
Осындай жағдайда бiздiң бейғам жатуымыз ақылға сыймайды. Қанша жерден жеңiл-желпi нәрсе ретiнде қарағанымызбен, халықтың сұранысын ескере отырып, бiз де телехикая жанрын дамытуды жан-жақты қолға алуға тиiспiз.
Мақсат ОРАЛБЕК
© zhasalash.kz