Өз кезегінде сөз алған компания басшысы бүгінде ел аумағында 40 мың шаруа қожалығы энергия көздеріне қол жеткізе алмай отырғанына тоқталды. Осы ретте ол жел генераторларын орнату – ұтымды деп есептейді.
«Tree Energy компаниясы бүгінде баламалы энергия көздерін іздеу мен өндіруде сәтті жұмыс атқарып келеді. Мұның бәрі ел аумағындағы күн мен желдің мүмкіндігін қолданып көру идеясынан туындаған болатын. Алғашқы қолданысты гаражда іске асырып көрдік. Бүгінгі таңда не Ресейде, не Орта Азияда баламасы жоқ бірегей жел генераторын зауытта өндіру деңгейіне жетіп отырмыз», - деді Жанболат Мұзбаев.
Бүгінде баламалы энергия көздері ғылыми ортада үлкен қызығушылық туғызып отыр. Атап айтқанда, Дания жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын өндірсе, Португалия 23 пайызын, Испания 16, Ирландия – 14, Германия – 8 пайызын өндіруге қауқарлы. Ал Қазақстанда небәрі 0,5 пайызды ғана құрайды.
Компанияның мүмкіндіктерімен танысып шыққан облыс әкімі жел күшімен өндіретін электр энергиясы қуатын ауыл шаруашылығына қолданудың тиімді екеніне тоқталды.
«Оңтүстік Қазақстанда жел күшімен алынатын электр энергиясы қуатын кеңінен және мол өндіруге болады. Өйткені бізде үздіксіз жел соғып тұратын аймақтар баршылық. Жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары көп. Сондықтан алдағы уақытта жел энергиясын тұрақты пайдалану үшін жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен кешенді түрде ұштастыру идеясын толығымен қолдаймыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда табиғи ресурстарды пайдалана отырып, 207,3 МВт болатын баламалы электр энергиясын өндіретін 6 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар Төлеби, Сарыағаш, Мақтарал, Бәйдібек, Отырар аудандарында жүргізілуде.