"Мен жазып жатқан тарих – нағыз шынайы тарих"
25.05.2018, 15:01

"Мен жазып жатқан тарих – нағыз шынайы тарих"

Берекет  КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,  әл-Фараби  атындағы 

Қазақ   Ұлттық университеті   Қазақстан  тарихы 

кафедрасының  меңгерушісі,   тарих ғылымының докторы

 

ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы қазақ даласындағы ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңіндегі  «ақтаңдақтар» ақиқатына алғашқылардың бірі болып  ғылыми тұрғыда батыл баға берген Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының  құрметті академигі, Әлеуметтік ғылымдар ака­демиясының академигі, «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының» директоры, «Құрмет» орденінің иегері  Талас Омарбеков жайлы бір үзік сыр.

Оның есімі еліміздің зиялы қауымы мен қалың қазақ жұртшылығына  өткен ғасырдың 80-жылдарының соңынан бері өте жақсы таныс. Бұл жылдарда  кешегі алып империя ретінде дүрілдеп тұрған Кеңестер Одағының іргесі сөгіліп, қайта құру мен жариялылық саясатына сәйкес тарихтағы «ақтаңдақтар» анықталып, оларды жаңаша тұрғыдан  зерделеу бүкіл Одақ көлемінде  белең ала бастады. Кеңестік кезеңде бұрмаланған, зерттеуге тыйым салынған, біржақты қарастырылған тарихи тақырыптардың ақиқаттарын Балтық жағалауы, Кавказ елдерінің, Украинаның тарихшылары мен қоғамтанушы ғалымдарының ізденістері алғаш айғақтай бастаған кез. Сол тұста өзіміздің қазақ тілді орталық басылымдарда, солардың ішінде, әсіресе, «Лениншіл жас» газетінде 20–30-жылдардағы  ел тарихына арналған мақалалар сериясы  жарық көре бастады. Қоғамдық санаға зор сілкініс әкелген  бұл мақалалардың  авторы – Талас Омарбеков еді.

 

 БАҚЫТЫН  ҒЫЛЫМНАН ТАПҚАН  ҒАЛЫМ

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған   «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында біздің  кейіпкерімізге  тікелей қатысты мынадай тұжырым бар: «Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы». Егер осы жоба бойынша лайықты 100 есімді жеке ғылым немесе ғылым түрлеріне қарай  анықтар болсақ, онда елімізге белгілі тарихшы, профессор Талас Омарбеков есімі тарихшы ғалымдар арасында алғашқы бестіктің не ондықтың ішіне, ал гуманитарлық ғалымдар арасында алғашқы ондық пен жиырмалықтың арасынан ойып орын алар еді. Бұл пікір мақтау үшін айтыла салған сөз емес, Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен»,  «ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына» шынайы берілген баға дер едік.

Т.Омарбеков мақалаларының қандай ерекшеліктері болды десеңіз, біріншіден, оның жазғандарының бәрі жабық, ақтаңдақ  болып келген және ешкімнің қолы жете бермейтін архив құжаттарына негізделді. Екіншіден, теориялық-методологиялық тұрғыдан алып қарағанда  бұрынғы таптық ұстанымнан бас тартып, жаңа ұстанымға – өркениеттік тұрғыда жазылып, жаңаша көзқарастарды қалыптастыруымен ерекшеленді. Үшіншіден, осы жылдарда жарық көрген Т.Омарбековтың ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары арқылы қазақ қоғамы XX ғасырдың 20–30 жылдарындағы өз тарихының ең бір күрделі әрі қайғылы беттерін оқып, шынайы тарихымен таныса  бастады.

Әрине, «ақтаңдақтарды сөйлету», арада 30 жылдай уақыт өткеннен кейін айтуға оңай болғанымен, сол тұста жасы 40-тан жаңа ғана аса бастаған тарих ғылымының кандидаты Т.Омарбековке оңай соқпады. Зерттеу жұмыстарындағы жаңашылдығы, қалыптасқан шеңберге сыймайтын тың ойлары мен тұжырымдары үшін өзі қызмет атқаратын ресми мекеменің басшыларынан, мекеменің партия ұйымының жетекшілерінен таяқты бір жесе, партия мен кеңестік дәуірдің тарихынан  докторлық қорғап, соның арқасында атақ-пен абыройды иеленген, ескі сүрлеуден шығуды жөн көрмеген тарихшылардың аға буын өкілдері де Тәкеңнің маңдайынан сипай қоймады. Қаншама таяқтар жеп, небір аяқтан шалуларды көріп жүрсе де, ол ұстанған бағытынан бас тартпады. Сол жылдары не жағдайлар Тәкеңе жігер мен қуат, күш пен қайрат бергізді деп ойласам,  алдыменен, ата-бабадан үзілмей келе жатқан тектілік қасиет пен туған топырақтың көзге көрінбейтін, тек сезілетін киесі екен. Екіншіден, атаның қаны мен ананың ақ сүті және  қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдағы ақсақал-қариялардың тәрбиесі, өскен орта мен алған жоғары білімі, институттағы ұстаздарының берген тәлімі екен. Үшіншіден, азаматтық ұстанымы мен ел  тарихын шынайы зерделеуге деген ұмтылысы, тарихшы М.Қойгелдиев секілді  пікірлес, идеялас достарының болуы, сондай-ақ сол жылдары бүкіл Одақта жүріп жатқан жариялылық үдерісінің ықпалы екен. Тағы бір аса қажетті нәрсе, ол – мінез дер едім. Тәкең өзінің бір әңгімесінде осы жөнінде былай деп айтқан еді: «Кезекті бір жарияланған мақалам үшін партия тарихы институтының партия ұйымының жиналысында менің мәселемді арнайы қарап, шығып сөйлеушілер жан-жақтан мені сынға алып, мен туралы айтпаған сөздері қалмады. Соңында маған сөз беріп, олар менен «кешіріңдер, қателесіппін, екіншілей ондай саяси қателіктер жасалмайды» деген сияқты жауап күтті. Ал мен болсам: «кешіріңдер әріптестер,  мен жазып жатқан тарих – нағыз шынайы халықтың тарихы. Тарихты мен басқаша жаза алмаймын. Болашақта да дәл осылай жаза беремін!», – деп жауап қаттым.

Сол кез үшін бұл жауап нағыз ерлікпен пара-пар болатын. Осылайша Т.Омарбеков Отан тарихындағы «ақтаңдақ» тақырыптарды идеологиялық шаң-тозаңдардан тазалауға құлшына кірісіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі еселей түседі.

 

———————————————————————-

Ғаламтордағы  интернет-энциклопедиядан:

 

Талас Омарбеков М.Х.Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды ұлттық көзқараста зерделеп, Отан тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізді. Қазақстан­да сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу тарихы мен оның салдарын зерттеген алғашқы отандық тарихшылардың бірі. Ол ХХ ғасырдың 20–30-жылдары Қазақстанда байларды тәркілеу, шаруаларды күштеп  ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашып көрсетіп, сол тарихи кезеңде орын алған халық наразылықтарына жаңа тарихи көзқарас қалыптастырған ғалым.

———————————————————————-

 

1990–1993 жылдар аралығында ол тек архивтік материалдарға сүйеніп, 20–30-жылдардағы Қазақстанның әр аумағын жайлаған аштық, оның себептері, аштық жайлаған аймақтардағы қазақ халқының жағдайы,  аштыққа ұшыра­ғандардың саны,  аштыққа шыдамаған  елдің көтеріле шет аймақтар мен шет елдерге қоныс аударуы, орталықтың аграрлық саладағы солақай саясаты, күштеп ұжымдастыру, оған қарсы Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі халық көтерілістері, «кіші қазан», Голощекин саясаты, сол кезеңдегі ұлт зиялылары, ұлтжанды партия, кеңес басшылары  және тағы басқа көптеген мәселелерді қамтыған көптеген мақалаларын жариялайды. 1993 жылы ол өзінің идеялас досы, әрі әріптесі М.Қойгелдиевпен бірге «Тарих тағылымы не дейді?», 1994 жылы «Зобалаң»  (күштеп ұжымдастыруға қарсылық, 1929–1931 жылдары болған халық наразылығы) атты монографияларын жарыққа шығарады. Сол 1994 жылы  жариялаған ғылыми жұмыстарының бәрін реттеп, жүйелеп, диссертацияға айналдырады да, «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру» атты тақырыпта академик Кеңес Нұрпейісовтің ғылыми кеңесшілігімен докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Ал көп ұзамай профессор атағын алады.

Міне, осыдан кейінгі жылдарды профессор Т.Омар­бековтің өмірі мен шығармашылық жолында жаңа бір тың кезең басталды деуге болады. Егер де ғалым ғылым докторы дәрежесін алып, профессор атағын иеленгенге дейін зерттеу жұмыстары арқылы өзін мойындатуды, тарихтың бір кезеңіндегі нақты бір тақырыпты терең зерделеп, сол арқылы ұшы мен шеті көрінбейтін тарих ғылымының жекелеген парақтарын ғылыми талаптарға сай халық игілігіне жаратуды мақсат етсе, ғылым шыңына көтерілгеннен кейінгі өмірінде жаңа белестерді – ғылыми ізденістерді одан әрі тереңдетіп жалғастыру, жас ғылымдарға жол көрсетіп, жұмыстарына ғылыми жетекшілік ету, жоғары оқу орындарында білім беруді ұйымдастыру, ғылыми кадрлар даярлауды ұйымдастыру, ел өміріндегі қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық өмірге белсене араласу міндеттері тұрды.

 

———————————————————————-

БІЗДІҢ  ДӘЙЕКТЕМЕ:

 

Алматыда «1931-1933 жылдардағы аштық: себебі мен салдары» деген тақырыпта өткен бір  жиында  Талас Омарбеков қазақ халқын  1920-1930 жылдары екі рет  аштыққа ұрын­дырған  «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын»  заманы туралы тың деректер келтіріп, осы уақытқа дейін бірде 2 млн., бірде 3 млн. деп айтылып келген аштық құрбандарының нақты саны  мұрағат құжаттары негізінде 4 млн. 836 мың адам болғаны жөнінде  ғылыми тұрғыда дәлелдеме  ұсынды. 

———————————————————————-

 

ОМАРБЕКОВ  МЕКТЕБІНІҢ ЖЕҢІСІ

 

Қамал бұзатын жасында осындай міндеттерді мойнына алған профессор Т.Омарбеков өзінің қазақ елі алдындағы парызын толық орындады және орындап жатыр деуге болады. Осы көрсетілген әрбір пункттегі міндеттерді тек санмен ғана көрсетсек,  мынадай нәтижелерді көреміз. Профессор Т.Омарбековтің ізденістерінің нәтижесінде жарық көрген еңбектерінің саны – 800-ден асады. Оның ішінде жеке және ұжымдық монографиялар саны – 50-ден асады, оқулықтар мен оқу құралдарының саны – 20-дан асады, ғылыми, ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық мақалалары, сұхбаттарының саны – 700-дей. Тәуелсіз Қазақстан елінде тарих ғылымдары бойынша дәл осындай өте өнімді  еңбектер жариялаған ғалымдар өте аз. Егер де олардың  саны екеу болса, онда Тәкең соның бірі, ал біреу болса, онда соның нағыз өзі деуге болады.

Оның жетекшілігімен – 7 ғылым докторы, 32 – ғылым кандидаты, 3 – PhD докторы диссертацияларын сәтті қорғап,  қазіргі күнде олар ұстазының жолын жалғастырып жүр. Олардың  бәрі қорғаған диссертацияларын жеке монография етіп шығарды.  Жарық  көрген 40-тан аса монографияның басым бөлігі профессор Т.Омарбеков бастап көтерген күрделі әрі ауқымды тақырыптың әр кезеңдердегі және еліміздің әр аймақтарындағы  мәселелеріне арналған. Бұл зерттеулерді  ғылымдағы Омарбеков мектебінің жеңісі деп атауға толық негіз бар.

Ол Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орындарында тарих кафедраларын басқарды. Соңғы 15 жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болды.

Ол бірнеше жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультеті жанындағы докторлық және кандидаттық ғылыми дәрежелер алу үшін диссертациялар қорғататын мамандандырылған Кеңестің төрағасы болып, еліміз үшін қажетті қаншама жас кадрларды қанаттандырып шығарды.  Еліміздегі  дәл осындай бірнеше мамандандырылған  Кеңеске мүше болды және осындай Кеңестерде қаншама жастың бағын ашып, сараптамашы да болды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің Жоғары аттестациялық комитетінің тарих ғылымдары бойынша сарапшысы болып, талай жас ғалымның диссертациялық жұмыстарының дер кезінде бекітілуіне септігін тигізді.

Талас Омарбеков  өткен ғасырдың 90-жылдары тарихымыздағы саяси қуғын-сүргін мәселелеріне, аштық мәселелеріне қатысты Қазақ КСР Жоғары Кеңесі құрған комиссиялардың құрамында болды, тәуелсіздігімізді еншілеген жылдары  Елбасының Жарлығымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» секілді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін құрылған үкіметтік комиссияларда жемісті жұмыстар атқарып келеді. Міне, осы қысқа мағлұматтардың өзі профессор Т.Омарбековтің қандай азамат, қандай ғалым, қандай ұстаз, қандай тұлға болғандығын нақты көрсете алады.

 

ЖАҢАША ТЕОРИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМЫ БАР ДАРА ТҰЛҒА

 

1989 жылы Қазақстан Компариясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының Тарих секторына аға ғылыми қызметкер қызметіне шақырылып, ешкімнің қолы жете бермейтін құпия архив қорларындағы құжаттармен таныса бастайды. Ондағы мәліметтермен танысу оны өмірге жаңадан келгендей әсер етіп, нағыз шынайы тарихтың деректік негіздерін көреді. Әріптесі, әрі досы М.Қойгелдиевпен  бірге архивтің құпия қорларындағы материалдармен таныса отыра, көптеген мәселелерді бірлесе талқылайды, ой бөліседі, пікірлеседі.  Сөйтіп, көп нәрсеге басқаша көзбен қарай бастайды. Елде болып жатқан демократиялық сипаттағы өзгерістер де Тәкеңнің көзқарастарының басқаша бағытта дамуына, енгізіле бастаған жаңаша теориялық ұстанымдар басқаша ойлауға, басқаша ой қорытуға алып келіп, ғалымның тарихқа деген танымын мүлде өзгерістерге ұшыратады. Осылайша Т.Омарбеков жетпіс жылдай тарих ғылымында үстемдік құрып келген маркстік методологиядан саналы түрде бас тартады да, таптық емес, өркениеттік ұстанымдарға негізделген методологияға  сүйеніп, жоғарыда атап өткен ғылыми ізденістерінің нәтижелерін мақала, монография түрінде жариялай бастайды. Осындай батыл қадамдар ғалым Омарбековті бірте-бірте тарих ғылымындағы танымал  тұлғаға айналдырады.

Болашақта профессор Т.Омарбековтің ғылыми шығармашылығы жеке зерттеу тақырыбына айналары сөзсіз. Дейтұрсақ та, осы жерде  оның  негізгі зерттеу бағытымен қатар, соңғы 20 жыл ішіндегі жаңа бағыттары мен олардың нәтижелері жөнінде  қысқаша болса да тоқталмақшымын. Алғашқы бағытына – қазақ халқының этногенезі мәселесіндегі ру-тайпалар тарихы мен шежіресі мәселесі, ал екіншісіне – Қазақстан тарихының ерте, дамыған   және кейінгі ортағасырлық кезеңдеріндегі саяси, этникалық, мемлекеттік даму мәселелеріне қатысты зерттеулерін  айтар едім.

 

———————————————————————-

 

ҰРЫМТАЛ  СӨЗ:

 

«Қазақ тарихы – күрделі, қасіреті көп тарих. Оны білмеген жан туған халқын құрметтей алмайды, жете түсіне алмайды. Қазақты бағалап, сүю үшін қазақ тарихынан терең білімің болуы қажет. Біздің ашаршылыққа немқұрайды қарауымыздың себебі – тарихи біліміміздің төмендігі.

Ашаршылық – әлеуметтік-демографиялық қасірет. Қазақ жері екі дүркін – 20 және 30-жылдар басында жан түршігерлік ашаршылықты бастан өткерді. Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап, тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды. 31 мамырда ашаршылық құрбандарын әрқашан еске алып отыру бүгінгі және кейінгі ұрпақтың әруақтар алдындағы басты борышы. Етек-жеңі жиналған ұлт боламыз десек, осыны ұмытпай, жадымызда ұстауымыз керек».

 

Талас Омарбеков.

———————————————————————-

 

«АЛАШ»  ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРҒАН ҒАЛЫМ

 

2003–2009 жылдары профессор Т.Омарбековтің басшылығымен әрі жетекшілігімен, тарих ғылымының докторы А.Қалыш, осы жолдардың авторы және бірнеше жас тарихшылар  кәсіпкер Қ.Ғабжалиловтың қаржылай қолдауымен «Алаш» ғылыми зерттеу орталығын құрып, «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты жоба аясында қазақ халқының құрамындағы ірі-ірі тайпалар тарихын зерттеумен айналыстық. Алдын-ала жоспар бойынша 92 том шығару жоспарланады. Өйткені, XІV-XVІІ ғасырларда Дешті Қыпшақтың тұрғындары «92 баулы қыпшақ», «92 баулы өзбек», «92 баулы ноғай» деп жазба  және ауызша дерек­терде айтылғандықтан, біз де қазақ  халқының  құрамындағы 43 тайпаның тарихын 92 том етпек болдық.

Біз тап болған алғашқы қиындық – ру-тайпалар тарихын зерттеудегі методология мәселесі болды. Бір жылдан аса уақыт тек қана методологиялық ізденістер мен материалдар жинастыруға  арналды.  Ақыры Тәкеңнің ұйымдастыру­шылық  қабілеті мен теориялық біліктілігі арқасында жол табылып, Орталық жұмысы өз нәтижесін бере бастады. 2010 жылға дейін қазақ ру-тайпаларының тарихына арналған 27 том, «Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде» жобасымен 9 том кітап шығарылды. Орталық жанынан «Алаш» ғылымижурналы шығарыла бастап,  оның бас редакторы тағы да тынымсыз Т.Омарбеков болды. Тіпті, ол журнал тікелей Тәкеңнің араласуымен Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми жұмыстарды жариялауға рұқсат беретін тізіміне  еніп, кәдімгідей ғылыми ортада мойындалды. Талай тарихшылар өз мақалаларын «Алаш» журналында жарияланғанын мақтаныш етіп жүрді. Осындай қомақты әрі ауқымды жұмыстардың  бәрінің басы-қасында ешбір шаршауды білмейтін профессор Талас Омарбеков тұрғанын екінің бірі біле бермейді. Ескерте кетейін, «Алаштағылардың» бәрінің негізгі жұмысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Тарих факультетінде болатын. Қолдары бос кезде ғана олар орталыққа барып жұмыс істейтін. Соның өзінде де Тәкеңнің арқасында педаго­гикалық және ғылыми жұмыстар екі жақта да қарқынды  жүріп жатты.

Профессор Т.Омарбековтің жаңа ғылыми-зерттеу­леріндегі келесі  бағыт – Қазақстан тарихының ерте, дамыған және кейінгі ортағасырлық кезеңдеріндегі саяси, этникалық, мемлекеттік даму мәселелеріне қатысты зерттеулер. Ғалым бұл бағытта да өте жемісті жұмыстар жүргізіп, 2010–2018 жылдар аралығында 5 көлемді еңбектерін жариялады. Олар мыналар:  2013 жылы жарық көрген – «Қазақ түркілерінің этникалық тарихы (б.з.б. І мыңжылдық – б.з. ІX ғасыры)», 2014 жылы – Қазақ түркілерінің шығу тегі (ІX-XІV ғ.ғ.)», 2017 жылы – «Қазақ хандары», 2017 жылы «Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны», 2018 жылы – «Қазақтың шығу тегі» атты еңбектері жарық көреді.

Монографиялардың атауларынан байқап отырғаны­мыздай, профессор Т.Омарбеков ел тарихындағы ең бір өзекті мәселелерді қарастырады. Болашақта бұл еңбектерге бағалар беріле жатар, дегенмен де аз уақыт ішінде осыншама дүниені жарыққа шығару,  тек қана нағыз еңбекқор, нағыз ізденімпаз, өз ісіне жан-тәнімен берілген, таңдаған мамандығына адал ізденушінің қолынан ғана келсе керек. Т.Омарбеков өзінің қандай зерттеуші екенін осындай еңбектері арқылы дәлелдеген тарихшы деп айта аламыз. «Атақ та, абырой да – еңбекте» деген мәтелдің растығына осы жерде көз жеткізуге болады. Т.Омарбековтің ғылыми жетістіктерін үкіметіміз жоғары бағалады, әлі де бағалар деген ойдамыз. Оның атақ дәрежелері, марапатталған орден-медальдары қаншама! Ол 2007 жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің және ондаған қоғамдық ұйымдар тағайындаған медальдардың иегері. Тәкең үшін ең құрметті сыйдың бірі – туған жерінің зор құрметі. Ол Жамбыл облысы, Байзақ ауданының құрметті азаматы.

Бүгінгі күндері профессор Талас Омарбеков пен жұбайы Ажар апай ұл өсіріп, келін түсіріп, төрт немеренің  қызығына бөленіп отырған бақытты жандар. Тәкең жетпісті желкелеп мініп,  болдым-толдым деп отырған жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірнеше мың оқытушы-профессорлары секілді таңертең жұмысқа асыға келе, аудиторияларда тарихшы бакалаврлар мен магистранттар, докторанттар алдында лекцияларын оқып, тарихтың терең қойнаулардағы құпия-сырларын жалықпай үйретіп жүр. Сонымен қатар, өзі басқарып отырған Орталықтың жұмысын да жүргізуде. Ал кешке қарай атасын сағына күтіп отырған немерелеріне құстай ұшады. Профессор Талас Омарбеков  өз уақытының тығыздығы мен ғылыми жұмыстарының көптігіне әлі де алаңсыз. Өйткені,   «адам үшін, ғылым жолындағы ғалым үшін отбасы мен қоғамға қажет екеніңді сезіну бір бақыт» дейді ол! Кейіпкерімізге  осы бақыттың ұзағынан болғанын тілейік.

 

Дереккөз: almaty-akshamy.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер