Жазушы А.Қалназаров өзінің жазбасын: «Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Өйткені соңғы 4 ай бойы жұмыстанған, Астанада басталып, Алматыда жалғасқан, сөйтіп осында тұжырымдалған – Шымкенттің ақпараттық стратегиялық саясатына қатысты 190 беттік салалық-қолданбалы кітап тəмамдалды.
Жалпы, осы "Шымкент, шымкенттіктерге қатысты негативтен қалай құтылуға болады?!" деген сауал мені сонау Алматыға студент боп барған кезден мазалайтын-ды. Астанаға көшкесін, қырық темірдің қылауынан құрылған ел арасында тіптен актуаль бола түсті. Біреулер қарадан қарап, оңтүстіктен болғаның үшін ғана күстаналап, əзілге айналдырып, тіптен тиесілі несібеңнен қағып жатса, қалай ойланбассың?! Тап мұны оңтүстік жұртымен қатар руы үшін түрлі негізсіз сөзге қала беретін наймандар ғана түсінсе керек» деп бастап, Шымкенттегі «Әл-Фараби» атындағы қалалық кітапхананың алдында қолына он шақты кітап алып түскен фотосын жүктеген.
Одан әрі қарай ол былай деп толғайды:
«Заман біздің пайдамызға қарай өзгерді. Шымкент - үшінші мегаполис, ал қалған жерлестер – Түркістан облысы бренд зонтигінің астында кетті. Енді осы Оңтүстіктің екі баласының ақпараттық-идеологиялық өрістегі еншісін бөліп беру керек емес пе?! Рухани астана ретінде Түркістанға басымдық беріп, бірігетін тұстары бар, бəсекелесетін тұстары бар, əркімнің өз огороды дегендей... Елдегі үшінші алып қала ретінде енді Шымкентке Астана мен Алматы да, таяқ тастам жерде тұрған Ташкент те бəсеке тудыра береді, Шымқала да өзін басқаша ұстауға тиіс. Бұл ретте совет кезінен аяусыз соққыланған "Шымкент" брендіне ребрендинг жасау мен оған келген зақымдарды емдеу керектігі айтпаса да түсінікті. Одан қалса осы маңнан өрістеп, республиканы аракідік дүр сілкіндіріп тұратын нешеме голливудтық-болливудтық сюжетке толы жемқорлық, тұрмыстық дау-дамай жəне тағы басқа ақпараттар легі ше? Бұған жалпақ Қазақстан халқының "Не шықса да Шымкенттен шығады" деп айдарлап қойғанын қосыңыз. Мəселе бар ма? Бар! Міне, бұл кітап бірінші кезекте осынау түйткілдерді тарқатуға арналды.
Əу баста белгілі журналист Мәди Манатбек қалалық ішкі саясатқа келіп жатқанында: "Маке, "Нұр Отан" орталық аппаратында істеп жүріп осындай дүние көргенмін. Соған ұқсатып мынадай дүние жасап шығуға болады" дегенімде, "Ойбай, Абылай, жаз! Шымкентке бұл ауадай қажет. Мəдениеттанушы, политтехнолог, əрі осы жердің перзенті сенен басқа мұны ешкім жаза алмайды. Осы салада тəжірибең де бар. Ұшталған жебе атылмай қоймайды. Мынадай-мынадай ойларды да қос" деп қамшылады. Содан "Ұрыста тұрыс жоқ", зерттеушілігім ұстап, "Əйт, шу" деп шаптық бір.
Бұл кітапты мені "сыртта жатып жазды" десеңіз, қатты қателесесіз. Ары-арасындағы Астана мен Алматыға, шетелге барып тыныстағандарым болмаса, негізінен Нұрсат 2-де жергілікті спецификаға мариновать етіліп қалпағы қайырылған жазба-дүр. Бұл үшін құр кітап кеміре бермей, ежелгінің əдісшіл сұлтандарындай, инкогнито, ішінен тану үшін Шымкентті армансыз араладым, базар, кафе-тойхана, көрікті жерлері, өндіріс орындары, кеңселер, көрмелер, ресми-бейресми жиындар, бəрі-бəрі назарға алынды. Алғашқы күндері күнде бір шараның ішінде бақылаушы болып отырдым десем де артық емес. Мұның ішінде таксистермен, қарапайым еңбек адамдарымен, зиялылармен, өзге диаспоралармен де көп жүздесулер болды (Шыны керек, Шымкенттің шашлығынан шықтым). Жергіліктілер соңғы айларда өздерінің зерттеу нысанына алынғандарын байқамады, білем. Мына басым керек десеңіз жергілікті файтерлердің ережесіз жекпе-жек бойларын да тамашалап үлгерді ғой. Қайда оқиға-қызық бар, қай жерде іс-шара, ойтүйерлік іс, бəрінде қойын кітапшамды қолға алып, телефоныммен үздіксіз суретке түсіріп елеусіз ғана шетте, қара көзілдірігімді киіп, бұғып, мен отырдым. Тіптен (....) төрде төс мүжіп, "тюлпанның қазақшасы қызғалдақ" екенін білмей қалып, бір терлеген отырысты да шетте отырып, мына бір шыққыр көздің қиығымен көрдім.
Сосын, бір айта кететін нəрсе: ешкімді жамандамадым, ешкімді кінəламадым. Сенсация да шығармадым. Бар болғаны қаладағы жағымсыз мəдени, əлеуметтік-ақпараттық процестер, проблемалар нейтральды түрде қандай да бір əрлеусіз өз атымен аталды жəнеден олардың шешілу жолдары баяндалды. Шымкенттіктер ішкі разборкаларды сыртқа трансляциялап қоя беретіндей тұзы жеңіл ме дедім. Экзистенциялизм теорияларын да біраз тұттым. "От болмаса түтін болмайды" демекші, "өзімізден де бар екен ғой" дейтін тұстар да, кей-кейде сырттағылардың тым əділетсіз жапсырмалаған клищелері мен ярлыктары да көп көрінеді. Яғни шымкенттіктер кейбір керауыздар айтқандай соншалықты жаман да емес, сондай-ақ шымкенттіктердің өздері өзі туралы ойлағанындай соншалықты керемет те еместігі айдай əйгіленді. Енді періште көкте ғана емес пе?! Дегенмен бүкіл қазақ нағыз мұсылманшылықтың да осында тамыр жайғанын мойындауы керек. Оның дəлелетіне кейін кітапты оқығандар толық көз жеткізетін болады. Бұйырса!
Шымкент - брендинг пен имиджиология, география-демография, жұлдыздар капиталы, мəдениет, экономикалық-саяси тұрғыларда еліміздегі қалалар ішіндегі ең көзірі көп қала екеніне көз жетті. Тіптен Астана мен Алматы да бұл жағынан Шымкенттің қасында тұлдыр кедей екен. Тек Ақтаудағыдай теңіз жетіспей тұр демесең... Шымкенттіктер де өздерінің кім екенін білмей жүргендей əсерде қалдым. Білсе, қазақ мəдениетінің, тілі мен ділінің байрағын жоғары көтеріп, солтүстікке көшің не, бүкіл Қазақстанды жаулап алар еді. Шымкенттіктерге ата-баба əруақтары, алаш өркениеті тарапынан тап қазір зор миссия жүктеліп отыр. Шымкенттіктер тап қазір оңтүстік елінің ең озық қалалық бөлігі ретінде қазақылық иммунитеттің резервтегі қолданусыз жатқан потенциалы, оқтаулы мылтығы, шабатын əскері. Соны түсініп, əрекет ететін кез келді.
Тағы бір атап өтерлік жайт, жергілікті билікті де, қоғамды да теңдей, баланспен жазуға тырыстым. Өйткені Шымкент брендінің, Шымкент идеясының тартымдылығы мен есен-саулығы, маркасының жоғары болуы - осы екі тараптың қарым-қатынасына тəуелді. Сыртқы бəсімізді түсіріп, "Шымкент жаман" дегізіп жүргендер кімдер?! Ішкі бірліктің жоқтығынан емес пе екен, осы? Ойланған кім бар? Конструктивті қатынас орнаса, бұдан екі жаққа да позитив пен бонус. Кең масштабта тіптен Қазақстанға зор пайда.
Жалпылай айтқанда, кітапшада Шымкент қаласының аумақтық брендингі, жергілікті ерекшелігі мен имиджін, мәнін, дәстүрлері мен бірегейлігін анықтау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ «жаңа мегополис» жағдайында жаңа ақпараттық-медиалық түйін-түйткілдермен жұмыстану, нақты стратегемалар мен идеологемаларды басшылыққа алу бағыттары тұңғыш рет заманауи концепциялармен қарастырылып отыр. Мемлекетшілдік-қалашылдық құндылық пен әдістеме тұрғысынан таразыланған барлық ақыл-кеңестер мен ұсынымдар дереу қолданып, іске асыруға арналған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда Қазақстанда әлі ешкімнің ойына келіп үлгермеген, яки күн тәртібіне шығып, әлі де төтесінен қойылмаған сұрақтарға жауаптар қамтылған.
Ендігі этап – Алматыдағы заңгер ішіндегі кейбір кісі аттары мен оқиғаларға қатысты құқықтық редакция жүргізсе болды, баспаға берсем бе деген ойым бар.
Ішкі қолданысқа арналған. Тіптен атасы бір болғанмен, бренд-қайғысы бөлек түркістандықтарға да бұл кітапты оқу халал емес): Себебі мұнда ұлттық мүдде аясында жəй ғана "жақсы" Шымкентті қалай ұлы Шымкентке айналдыруға болатынының нұсқаунамасы дерлік бар. Ал оны жасайтындар өзге емес, шымқалалықтар. Ешкім олар үшін жүгіріп бермейді. Бірақ шымкенттіктердің еш жадынан шығаруға болмайтын бір жайт бар: Шымкент – өз атақ-дақпыртымен Меккені көлегейлеген əдепсіз Дубайдың кебін кимеуі керек. Бəрібір бірінші планда Қожа Ахмет Яссауи жəне тағы қаншама ұлыларымыздың сүйегі жай тапқан қасиетті де əзіреті Түркістан!
Күтіңіздер!
Айтпақшы, тап осы стильмен "Түркістан-Месседж, Алматы, Астана, Қарағанды, қысқасы, қалған 16 регионның месседждерін жазып, кітаптар сериясын тудыру – Алла қуат берсе, жоспарда бар. Себебі əр қала-өңірдің өзіндік ерекшелігіне сай жергілікті мозайкалық идеологиясы болуы керек. Ал олардың жиынынан жалпы елдің ортақ идеологиясы сомдалып шығады. Солай!
Ұмытып барады екем, тəуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласында 17 рет əкім ауысып, орынтақта 15 əкім отырғанын білетін бе едіңіз?! Ерінбей осыған дейін санап, басқарған кезеңдерін талдап шықтық, құрысын...».
Өз кезегінде А.Қалназаров өзі фэйсбуктағы парақшасында
#Бізбарған #ШымкенттіңБасИдеологі #ТапҚазірШымкентТуралыБасынанБақайшығынаДейінБілетінМенШығармын #АбылайханҚалназаров #Шымкенттіңфилософиясы хештегтерін қолданған.
Айта кетейік, жазушының әріптестері мен дос-жарандары, әлеуметтік желінің жалпы белсенді қолданушылары да оны жаппай алдын ала құттықтап, мұндай кітаптың керектігін айта отырып, сәттілік тілеген.
Журналистердің бірі: «Өзіңді танып алмай, өзіңдегі проблема-комплекстерден құтыла алмайсың. Шымкенттік ретінде Шымкенттің ішінде отырып зерттелген кітаптың мынау аңдамасы әдемі екен. Ғалымдығың бар ғой, ғажап туынды болды деп сенем. Біз бір кітабыңды сатып ашып тұрмыз ғой» десе, тағы бірі: «Құтты болсын! Тереңнен қопарып жазған сияқтысың. Мұндай кітапты алып, оқымақ-дүр» деп комментарийге пікір қалдырған. Ал отандық PR саласының майталманы: «Бір шетін қолмен ұстап көргендей болдым. Бірақ біздікі бір мезет алыстан сығалау еді. Бұл үлкен фундаменталды еңбек, ертең тарихқа да, зерттеушілерге де, ғылымға да керек болары сөзсіз. Жұмыс ауыр болды, бірақ содан нәтиже шықты. Шын жүректен құттықтаймын!» деп енді жарық көрмек еңбектің маңыздылығын атап өткен.
Біз де енді автордың өзі айтпақшы, күтеміз. «Не шықса да Шымкенттен шығады» демекші, бұл да бір осынау пассионарлық ұя салған брендті-қызулы аймақтан бастау алып, басқа өлкелерге де жұғысты болатын дүние деп білеміз. Осы кітаптың тұсаукесерінде отыруды жазсын!
Тілектес журналист