Дегенмен Қазақ сөздіктері мен тілдік мысалдарға сүйене отырып аз-кем тәпсірін де бере кетейік.
① Зәр – «у», «заһар», «ащы» мәндерінде қолданылады:
Ара қанша бал берсе де,
Зәрін бір төкпей тұрмайды.
(Халық мақалы)
② Зәрлі – «улы», «уытты» мәндерінде қолданылады:
Ит пенен ит жолығып,
Аузына май жағысты.
Жылан ба әлде, немене,
Әкім емес, кене ме?
Зәрлі тілді, улы азу,
Аш бүйірден жабысты.
(Ж.Жабаев, Толғау)
③ Зәрлілік – «уыттылық», «зарарлық», «зияндық» мәндерінде қолданылады:
Бұдан шылым қимайының зәрлілігін, өмірге қауіптілігін аңғарамыз.
(Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 7-том. / Құраст.: Б.Момынова, Б.Сүйерқұлова, А. Фазылжанова және т.б. – Алматы, 2011. 752 б.)
Ал енді осы сөздердің пайда болуына қазақ мифологиясындағы қаскөй күш ретінде суреттелетін таңғажайып аң атауы негіз болған десек, қалай?!
Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесінің 2-томында әлдеқандай «зарып», «зарап», «зәріп» аңы туралы кеңінен мағлұмат берілген.
Онда: «Мифопоэтикалық дүниетанымға сәйкес, осы аңның зәрі ерекше улы болып есептелінеді, зарып сөзі «зәр» ұғымының қалыптасуына негіз болуы ықтимал. Бұл мифтік хайуанның образы аңызда былай деп таратылады: «Зарыптан арыстан, қабылан, аю, жолбарыс, қасқыр сияқты жыртқыш аңдар түгел қорқады екен» (Алматы: РПК «Слон» DPS, 2012. – 736 б.) делінген.
Сол кітаптағы фольклорлық тағы бір қисынға қарағанда, зарып қанаты да бар, тұрқы иттен кіші, мысықтан үлкен және жауыз аң ретінде сипатталады: «Зарып деген аңның несебі у. Ол бір ормандағы бүкіл аңның бәрін құртады. Зарып аңдарға шабуыл жасарда ұзын құйрығын жиырып бүктейді. Сол кезде құйрығының ұшында шұқыршақ пайда болады. Сол шұқыршаққа сариды екен де, ана уды төкпей-шашпай хайуандарды қуады екен. Жеткеніне шашып жіберсе, бір тамшысы тисе, сеспей қатады».
Өз орайында осы аңның үнді мен парсы аңыздарында кездесетін мантикора аңымен әнтек ұқсастықтары бар екендігін де айта кету керек.
«Түрік-моңғол мифологиясы» еңбегінде: «Зарап қазақ мифологиясындағы қара күштердің бірі. Зарапты көбіне құбыжық түріндегі заһарлы аң деп біледі. Аң атаулы зараптан қатты қорқады екен. Себебі, оның заһары у болады. Жақындаған жан-жануарларды сеспей қатырады» (Тойшанұлы. – Алматы: Баспалар үйі, 2009) деп мәлімет берілген.
Осынау жаратылысы тылсымға толы тіршілік иесіне қатысты бір оқиға ел аузында былайша әңгімеленген көрінеді:
Бір күні сол зарыпты Сарбас мерген атып алады. Басқа аңдардың терісімен бірге Бұқардың базарына сатуға апарады. Зарыптың терісін қойнына тығып алады. Бірақ базардағылар мергеннің қасына жоламайды. Өйткені, зарыптың терісін алып жүрген мергенннің мысы басып, өте қаһарлы көрінген. Бұл оқиғаның мән-жайын түсінген бір бай зарыптың терісін бір түйе тоғанақ жүк беріп сатып алады. Зарыптың қасиеті туралы ақсақал мергенге былай дейді:
– Бұл белгісіз аңның аты «зарып», мұның тұқымы өте сирек болады. Терісі түгіл бір тал түгін хакім, патша болатын кісі бойына сақтаса, оның қасиетінен жұрт айбынып, сескеніп, жауы қорқып, бұғып тұратын болады... Адам болсын, аң болсын, бұған қарсыласып тұруға шамасы болмауы керек. Бұл көрген жерден борбайын бір көтеріп қалса, зәрі у болып шашырап, исі жетерлік жерге дейін тірі жан қалмайды-мыс (сонда).
Жалпы, Сыр бойында жасаған Татыран Тәжі палуан да он үш жасар кезінде осы зарып тектес бір құбыжыққа жолығыпты деп ел ішінде әңгімеленеді:
Бала Тәжі онымен жолыққан кезде саспай, қолындағы жүгенін сілтеп, әлгіге тура ұмтылады. Ол албасты арыққа түсіп қашып, көзден ғайып болыпты. Өріске жайған атын алып қайтқан батыр бала үйге келе жатқан кезінде өзіне бір ерекше күш-қуаттың пайда болғанын байқайды.
Үйге келген соң:
– Әке мынау атты иығыма салып көтерейін бе? – дейді.
– Ей, не деп тұрсың, Аттың бауырына жолама, – дегенше Тәжі аттың алдыңғы-артқы аяғынан қаусыра ұстап, басына көтеріп алыпты. Содан қайтып қара күшке келгенде, жұрттың сөзінше, Тәжі палуанның беті ешкімнен қайтып көрмепті-дүр. («Қазалы» аудандық басылымы. №48 (735), 27 маусым, 2015 жыл).
Сонымен, назарымызға алған үш сөздің арғы түпкі негізінің мифтік ұғымнан өрбігеніне көз жеткізгендей болдық. Бұл жағынан ол грек-рим мифологияларындағы бастапқы мәні ауытқып, жаңа мән алып кеткен, тіптен, түрлі саладағы әлемдік терминдерге айналған ғажайып аң-құс, жануарлар атауларына ұқсайды: Сирена, Медуза және т.б. Ол жағын ақын Қадыр Мырзалиевтің «Сөздер» өлеңінде түйдек-түйдегімен түсірген тұжырымдарынан асырып айта алмаспыз:
Мұны жақсы ұғынар,
Ақыл-ойы ояулар.
Сөйлегенде құбылар,
Әр сөзде мың бояу бар.
Есті құлақ ұғынар,
Ұқпағанмен ауандар.
Сөйлегенде құбылар,
Әр сөзде мың әуен бар.
Көп сөйлеме, құрысын!
Тыңдаушың да жалығар.
Айтып берсең дұрысын,
Әр сөздің бір жаны бар.
Бұл өнерге алайда,
Болсаң егер қызығар,
Кейбір сөздің, абайла,
Кесіп кетер жүзі бар!
Мәдениеттанушы-лингвист
© Абылайхан Қалназаров