Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті OpenEdx ашық платформасында ЖАОК енгізу бойынша қазақстандық университеттер арасында көшбасшы болып табылады. 2014 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жаппай ашық онлайн курстар Орталығы профессорлық-оқытушылар құрамымен бірлесе отырып, ЖАОК құру бойынша жұмысты бастады және қазіргі уақытта http://open.kaznu.kz интернет мекенжайы бойынша Open edX жүйесіне негізделген жеке ЖАОК платформасы жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасымен әзірленген жоғары сынып оқушыларына және студенттерге, олардың білім деңгейін көтеру үшін әртүрлі бағыттар бойынша бірнеше ЖАОК-тар бар. Мысалы, «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары», «Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу құқығы» атты курстар іске қосылған.
Жаппай ашық онлайн курстар тыңдаушыға бейне дәрістерді, презентацияларды, оқуға немесе көруге арналған қосымша материалдарды, глоссарийлерді, жоба түріндегі үй тапсырмаларын, интерактивті ойындарды, симуляциялауды, аралық және қорытынды тесттерді, курс бойынша әдебиеттер тізімін, пайдалы сілтемелерді, форумда немесе әлеуметтік желілерде талқылауға арналған сұрақтарды және т. б. ұсынады. Оқу материалын ұсыну әдетте презентациямен қоса бейне немесе аудио жазба арқылы жүзеге асырылады, оның негізгі мақсаты оқу материалын барынша визуализациялау болып табылады.
ЖАОК онлайн-педагогиканың өзекті мәселелерінің шешімдерін іздеуге; онлайн-білім беру жүйесін дамытуға; «цифрлық» университеттердің қалыптасуындағы даму перспективаларын талқылауға; онлайн-оқыту сапасын арттыру тетіктерін анықтау мен талдауға бағытталған, сондай-ақ: өзінің ұйымындағы білім беру және зерттеу процестерінің трансформациясына онлайн оқыытудың әсерін түсінуді кеңейту мүмкіндігін; кәсіптік білім беру жүйесін талдауды; өз қызметінде ашық онлайн-курстарды қолданудың негізгі көрсеткіштері мен перспективаларын анықтауды; білім беру ұйымының тәжірибесіне ЖАОК енгізудің өзіндік моделін әзірлеу; онлайн-оқыту саласындағы іскерлік байланыстар желісін кеңейтуді қамтиды.
ЖАОК келесідей бірнеше принциптерді қамтитындығын айта кету керек:
- оқытудың ашықтығы;
- оқу процесіне қатысушылардың теңдігі;
- интернационалдандыру және жаһандану.
ЖАОК жаһанданумен және шектеулі оқу бюджетімен байланысты, бұл көптеген адамдарға қажетті курстарды тегін аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл курстарға деген ашық қолжетімділік, онлайн оқыту мүмкіндіктерін кеңейтудің құралы.
Осылайша, жаппай ашық онлайн курстар аумақтық және уақыттық кедергілерді жоюға мүмкіндік береді және әрбір адам жер шарының кез келген жерінен курс бойынша білім ала алады. Мұның бәрі ЖАОК терминологиясымен расталады, әр терминнің өзіндік мағынасы бар, атап айтқанда: мassive (жаппай) – бүкіл әлем бойынша көптеген курс тыңдаушылары; ореп (ашық, тегін) – адамның жасына және санатына қарамастан кез-келген курс ақысыз; оnline (онлайн) – барлық курстар Интернет режимінде; сourse (курс) - кез-келген курстың әр тыңдаушы үшін өзгеруі мүмкін өзіндік құрылымы, міндеттері, мақсаттары бар.
ЖАОК оқытудың дәстүрлі түрін толығымен алмастыра алмайды, ЖАОК-ты оқу процесінде қолдану оқытуға арналған қосымша оқу-әдістемелік материалдар тізіміне енгізілуі керек. Алайда оны қолданудың маңызды оң жағы болып-студенттердің академиялық ұтқырлығының артуы, пән бойынша өзін-өзі оқыту және білімді бақылау мүмкіндігінің кеңеюі, оларды пайдалану оқу процесінің тиімділігін және білім беру нәтижелерінің сапасын арттыруы танылады.
Л.Ш. Берсугурова
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті,
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының
профессоры, з.ғ.д.
А.Б. Шарипова
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультеті,
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу
және криминалистика кафедрасының
доценті, з.ғ.к.