Бұл туралы әншінің өзі Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
"Барды бар, жоқты жоқ" деп айтсам, мақтанғандық емес шығар. Адам өмірге келгенде, жақсы да жаман да қасиеттері өзімен бірге туады. Ал ол қасиеттердің қайсысын қалап алып, тәрбиелеу, дамыту өз таңдауыңда. Жаратқан менің табиғатыма қызыл тілдің қыранын қондырған. Оны жасыра алмаймын. Бала күнімнен ешкімнің үйретуінсіз "байлап сөйлеп", "тайға таңба басқандай" жауап беретін қасиетім еді. Тағалам тіл берді екен деп, қызыл тілді "қисығынан" қолданып, елге зияным тимесе екен, өз басымда бәледен аулақ болсын деген ой болды ма, менің ішкі қорғаныс тәсілімде, әлде Шешен сауатсыз болса, "бәдікке" айналар деген ой ма, әйтеуір арнайы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте оқыппын, ол әуелі Ата-анамның көрегенділігі сосын өзімнің өзіме деген балакөңіл талабым шығар. Сонымен әдебиет пен тариxты меңгеру, менің музыкалық өміріме үлкен жетістіктер әкелді. Бірақ белгілі бір деңгейге көтіріле бастағанда, тоқырауды сезе бастадым, базалық білімімді азсындым ба, әлде жан дүнием бір қорек іздеді ме немесе әртүрлі физиономиялық қиындықтардың кезінде, 2000 жылдары, "Псиxология" деген тұңғиығы көрінбейтін ғылымның шалшық суларына аяғымды Мәскеуде жүріп, батырып көріп, өзімді іздей бастадым", – дейді Тамара.
Әнші қанша жерден жұлдыз болса да, азулы ғалымдардың алдында кішірейгенін айтты.
"Жалпы адам псиxологиясы, әлеуметтік псиxология, клиникалық псиxология, мүгедектер псиxологиясы, педагогикалық псиxология сияқтылардың неше бір түрінен өзіме қызықтысын, қоғамға пайдасын тигізеді-ау дегенін таңдай келіп, бағанағы табиғи сала құлаш тілді ғылыммен шыңдауды шештім. Магистратураны зорға аяқтадым. Қиын болды, себебі еркімен сөйлеп қалған, аңқыған даланың жусанына ұқсаған қызыл тілді ғылыммен ұштастырып, лабороториялық өсімдікке айналдыру өте қиынға соқты. Азды көпті "Тамара Асар" деген жұлдыз атым, мүйізі қарағайдай Ғалымдардың алдында ойнамай қалды. "Не басыңды ауыртайын" тереңге сүңгу қиын болса да, Магистратураны аяқтап, Докторонтураға түсіп, оны аман есен аяқтап, қорғап, Ғылыми Диссертациялық кеңестің шешімімен, Білім және ғылым Министрлігінің бекітуімен, қолыма дипломымды 12 сәуір күні алдым, шүкір... Маған жол бастаған білім берген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі ғалым Ұстаздарыма бас идім", – деп жазды Тамара Асар.